Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

"Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек": Нұржамал Үсенбаева кімнен бата алғанын айтты

2297
(Жаңартылды 17:46 29.06.2020)
Опера әншісі бірнеше жыл бұрын Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірген

АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, опера әншісі, "Құрмет" сыйлығының иегері Нұржамал Үсенбаева Абай атындағы опера және балет театрынан кеткенімен, өнер сахнасынан алыстаған жоқ. Ол жақында жаңа бейнебаянын жарыққа шығарады.  Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында әнші шығармашылығындағы жаңалығы мен жоспарлары жайлы айтты.

"Індетке байланысты көптеген опера спектаклім, жеке концертім кейінге қалды. Әлем болып күрес жүріп жатқан аурудың емі табылып, баршамыз үлкен сахнада жолығамыз деп сенемін. Алайда карантин деп шығармашылығымды тоқтатқан жоқпын", – деп бастады әңгімесін халық әртісі.

Нұржамал Үсенбаева
© Photo : Нұржамал Үсенбаеваның жеке архивінен
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

Сонымен қатар Нұржамал Үсенбаева Шөмішбай Сариевтің сөзі мен Төлеген Мұхамеджановтың әніне жазылған "Аққуым" әні жайлы айтып берді.

"Бұл ән өзіме қатты ұнайды, дауысыма да сай келеді. Аққу – әр адамның арманы, қол жетпейтін арманы десе де болады. Өмір сонысымен қызық, адам соның жолында еңбектенеді, тырысады, арманға қол жеткізу үшін ізденеді. Адамның жалпы өмір жолы да дәл солай, адам бір дүниеге қол жеткізуі үшін талмай еңбектенуі қажет. Егер бойыңда бар қасиетті орнымен жарата алмасаң, одан пайда болмайды", - дейді әнші. 

Нұржамал Үсенбаева 1983-2016 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қызмет етті. Одан кейін астанаға қоныс аударды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік филармонияның солисі болып қызмет етеді. 

"Театрдан кетсем де, сахнадан кеткен жоқпын. Театрдағы әріптестерімнің шақыруымен опералық спектакльдерге, концерттерге барып, сүйікті театрымның сахнасында өнер көрсетемін. Мен үшін ең маңыздысы – сахна. Мені өсірген, тәрбиелеген, алғаш ән әлеміне, шығармашылыққа қадам жасатқан да Абай атындағы театр. Ал қазір өзім еңбек етіп жатқан филармония да кәсібилік жағынан өте жоғары деңгейде", - дейді Үсенбаева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Нуржамал Усенбаева (@nurzhamal_ussenbayeva)

Ғабит Мүсірепов бата берді

Халық әртісі театр сахнасында алғаш Қыз Жібек партиясын Қазақ ұлттық консерваториясының студенті кезінде орындаған. Сол қойылымды тамашалап отырған қаламгер-драматург Ғабит Мүсірепов әншіге батасын берген.

"Қыз Жібек" операсы – менің дебютым, өнердегі алғашқы қадамым. Консерваторияның студенті кезімде театрдың 50 жылдығына арнап жаңа қойылым қойылды. Режиссері – Байғали Досымжанов. Сол кезде пьеса авторы Ғабит Мүсірепов залда отырып, спектакль біткен соң сахнаға шығып батасын берді. "Менің Қыз Жібегім осындай болуы керек" деп айтты. Ұлы драматургтің бір ауыз сөзі мен үшін бата", - дейді ол.

Халық әртісі кейінгі кезде "Гәкку" ариясын орындап жүрген әншілерге де оң бағасын берді. Әр орындаушының өз стилі, ерекшелігі болады, әрбір әншіні сүйіп тыңдайтын тыңдарманы тағы бар, деп толықтырды Үсенбаева.

"Гәкку" әнімен қатар халық әртісінің "Ақ желкен" әні де көпшілікке танымал. Бұл – әншінің жолдасы, белгілі сазгер Төлеген Мұхамеджановтың сағынышынан туған ән.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Нуржамал Усенбаева (@nurzhamal_ussenbayeva)

"Ақ желкен" әнін орындап жүргеніме 30 жылдан асты. Біз отбасы құрған соң алғаш ұзақ уақытқа гастрольдік сапарда жүргенімде Төлеген сағынышын ән арқылы жеткізген", - дейді әнші.

Отбасы жайлы азды-көпті әңгіме арасында Үсенбаева жолдасы екеуінің күнделікті бірге жаттығу жасайтынын да айтып қалды.

"Күнде таңертең жаттығу жасау – біз үшін міндет. Ол кісі маған үлгі, еңбек еткеніне қарап мен де жаттығамын. Денсаулық – ең бірінші байлық, ал сол байлықты сақтап қалу үшін ерінбей денсаулықты күтіп, еңбектену қажет", - дейді Үсенбаева.

Жаңа бейнебаян

"Опера әншілері эстрада әншілері секілді көп бейнебаян түсіре бермейді. Соған қарамастан менде бірнеше бейнебаян бар. Бірнеше жыл бұрын әнші Сәкен Майғазиевтің ұсынысымен "Мен сенімен кездестім" әнін дуэтпен орындап, бейнебаян түсірдік. Сәкен – керемет әнші, әдемі дауыстың иесі, жақсы азамат. Оның ұсынысын қуана-қуана қабылдадым", - дейді Үсенбаева.

Сол бейнебаянды көрермен жақсы қабылдағандықтан, опера әншісі қазір жаңа бейнебаян түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Көп созбай, жаңа бейнебаян шығарамын, деп бөлісті әнші.

Нұржамал Үсенбаева
© Photo : Нұржамал Үсенбаеваның жеке архивінен
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

Халық әртісі Қазақстанның оңтүстігінде Арыс қаласында дүниеге келген. Әнші қайырымдылық концертін өткізіп, туған жеріндегі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып отырады.

"Арысым – алтын бесігім. Өткен жылы болған жарылысқа байланысты әрине, жаным ашиды, уайымдаймын, жерлестерімнің, жалпы қазақстандықтардың сан түрлі апаттан аман болғанын қалаймын, амандығын тілеймін. Мүмкіндігінше қайырымдылық концерттерін өткізіп, мұқтаж жандарға көмек беріп отырамын. Барша қазақстандыққа амандық пен береке тілеймін", - деп аяқтады әңгімесін Үсенбаева.

2297
Кілт сөздер:
сұхбат, өнер, Нұржамал Үсенбаева
Тақырып бойынша
Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер
Димаш АҚШ-тың продюсерлік агенттігімен келісімшартқа қол қойды
Құлақтан кіріп, бойды алар... Қазақ музыкасы Мәскеу халқын тәнті етті
"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз
Кітап сөресі

Стивен Кингтің "Жасыл миль" кітабы қазақ тілінде жарық көрді

22
"Жасыл миль" романында Луизиана штатында орналасқан "Суық тау" түрмесіндегі оқиғалар баяндалады

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Американың танымал жазушысы Стивен Кингтің "Жасыл миль" кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Оны "Фолиант" баспасы шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Стивен Кинг –  көптеген бестселлер туындылардың авторы. Оның фэнтези, мистика, триллер, детектив, қорқынышты оқиғалар сияқты түрлі жанрда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романы бар. Түрме мен қылмыс әлемі туралы шығармалары да үлкен сұранысқа ие. Соның бірі – "Жасыл миль" романы.

Жазушы оны 1996 жылы аяқтаған. Бұл шығарма жұрттың ерекше ықыласына ие болды. 1999 жылы роман желісі бойынша көркем фильм де түсірілді. Содан бері 20 жыл өтсе де, ол фильм әлі күнге дейін әлемдегі үздік кинокартиналардың көшін бастап тұр.

"Жасыл миль" романында Луизиана штатында орналасқан "Суық Тау" түрмесіндегі оқиғалар баяндалады. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған Олд Спарки электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар "Жасыл миль" деп атап кеткен.

Оқи отырыңыз: Елордада Астрид Линдгреннің әйгілі кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді

Бұл жерде күзетшілер әртүрлі тұтқындардың, әр алуан жағдайлардың куәсі болады. Бір күні "Суық тауға" Деттериктердің кішкентай егіз қызын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Джон Коффи жеткізіледі. Міне, сонда түрме бақылаушысы Пол Эджкум мен басқа күзетшілер кей жағдайлардың біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша екеніне көз жеткізеді. Кейде қылмыскердің адамгершілігі қарапайым адамнан да артық болуы мүмкін. "Е" блогындағы тұтқындар үшін ажал өмірдегі барлық қайғы-қасіреттен арылудың жалғыз жолы болып қалады.

Жазықсыз жазаға ілінген қара нәсілді Джон Коффидің ерекше қасиеті, оның адамдарға деген мейірімділігі, адамгершілігі шығармада шебер көрініс тапқан. Аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмедегі сан алуан тағдыр, адами қарым-қатынастар бейнеленеді. Бұл жерде де жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық қатар жүреді.

"Стивен Кингтің жазу стилі өте ерекше. Ол оқырманды шығарманың басынан бастап-ақ еліктіріп, елітіп әкетеді", – дейді романды қазақ тіліне аударған Мира Сембайқызы.

"Жасыл миль" – жазушының мистикалық шығармаларының бірі. "Суық тау" түрмесінің бұрынғы бақылаушысы, бас кейіпкер Пол Эджкумның естеліктері ретінде баяндалатын оқиға бір адамның ғұмырына татиды. Жазушы зұлымдық пен мейірімнің тартысын, таразыға түскен адамгершілік құны мен өмірдің баянсыздығын оқырманға ерекше тәсілмен жеткізген. Өмірдің сан алуан соққысына тойтарыс беруге үйретеді. Шығармадағы Джинглз мырза атты тышқанның өзі адамзатқа ғибратты сабақ береді.

22
Кілт сөздер:
кітап, қазақша
Димаш Құдайберген

"Бұл - шедевр": Димаштың жаңа бейнебаяны шықты видео 

613
(Жаңартылды 14:27 06.06.2021)
Жаңа бейнебаянда Димаш домбырада ойнайды. Бір күн ішінде видео 250 мыңнан астам рет қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым - Sputnik. Димаш Құдайберген белгілі композитор Ренат Гайсиннің сөзіне жазылған "Махаббат өзені" композициясының жаңа бейнебаянын жариялады.

Жаңа бейнебаянда Димаш домбырада ойнайды. Бір күн ішінде видео 250 мыңнан астам рет қаралды.

"River Of Love" атты туындының тарихы 2011 жылы басталды. Ренат Гайсин АҚШ-тан Қазақстанға ұшып келе жатып ұшақтың иллюминаторы арқылы өте ұзын өзенді көреді. Өзеннің шексіз болғаны соншалықты композитор табиғат шеберлігіне тағы бір таңғалады. Осы уақытта болашақ композицияның әуені пайда болады. Ол ойындағы әуенді ұшақта отырып нотаға түсіреді.

"Мен үшін су әрқашан өмір мен шексіз махаббаттың қайнар көзі болды. Туындыны жаза отырып, оның әуені домбыра үшін арналғанын түсіндім", – дейді Ренат Гайсин.

Автор оны танымал қазақстандық виртуоз домбырашы Асылбек Еңсеповке орындауды ұсынды. Содан кейін, студияда жазу барысында оған "Махаббат өзені" атауын беру туралы шешім қабылданды. Музыканттар оны сол жылы жарыққа шығарды, деп хабарлайды DimashNews.

Енді міне он жылдан кейін композиция жаңаша әуенге ие болды.

Бірде Ренат пен Димаш студиядағы жұмыс барысында, Димаш әрбір қазақстандыққа таныс әуенді ойнай бастады.

Композитордың айтуынша, Димаш оны "жаңаша" ойнады.

"Сол күні-ақ Димаш домбыра партиясын орындап шықты, туынды жаңа стильде көрінді. "River Of Love" енді Димаштың орындауында жаңаша шырқалатынына өте қуаныштымын", – дейді композитор.

Оқи отырыңыз: Димаш Иманғали Тасмағамбетовтың қандай адам екенін айтты

Бұл жазбаға желі қолданушылары қазірдің өзінде төрт мыңға жуық пікір қалдырды. "Бұл шедевр", "Не деген керемет. Домбыра қазақтың үні, домбыраны жандандырып отырған Димашжан саған көп рақмет", "Тыңдай бергім келеді", "Тамаша", - деп жазды оның жанкүйерлері.

613
Кілт сөздер:
бейнебаян, Димаш Құдайберген
Қыз бейнесі

"Өмір сүргім келеді": Аяжан Еділованың әпкесі оның қандай болғанын айтып берді