Мәдениет

"Олар кім?: ресейлік әртістер Димашты сынаған қазақстандық әріптестеріне шүйлікті

Жазылу
"Ел Арна" телеарнасындағы 2013 жылы көрсетілген "Саз әлемі" бағдарламасының қазылар алқасы Димаш Құдайбергенді сынның астына алған еді

АЛМАТЫ, 28 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген "Россия" телеарнасындағы "Привет, Андрей!" бағдарламасында қонақ болды. Бағдарлама алдағы "Жыл әні" фестиваліне арналды.

Ресейлік әртістер "Ел Арна" телеарнасындағы 2013 жылы көрсетілген "Саз әлемі" бағдарламасының қазылар алқасына шүйлікті. Олар Димаш Құдайбергенді сынның астына алған еді. 

Ресейлік жұлдыздар оны көріп, талдады. Николай Басков пен Андрей Малахов қазылық етіп отырған адамдардың кім екенін сұрады.

"Сын айтып тұрған адам тыныс алудың, тұрудың, үн шығарудың, оның бәрін бір уақытта орындаудың не екенін білмей, әншіні қалай бағалай алады. Бұл менің циркке немесе балетке барып, акробаттарды сынаумен немесе Цискаридзе, Плисецкаяның биін сынаумен тең. Бұл мүмкін емес, бұл – шығармашылық", - деді Басков.

Осы тұста Димаш байқау туралы ойын айтты.

"Байқауға қатысқан кезде 17 жаста болдым. Басқа ән айтқым келді, бірақ қазылар алқасы менің вокалдық мүмкіндігім көрінуі үшін әннің секвенцияда болуын сұрады. Мен айтқанын орындадым. Содан кейін сол үшін сынай бастады", - деді Құдайберген.

Сонымен қатар бағдарламада Малахов Димаштың ата-анасының өнерін және жеті жыл бұрын туған қаласы Ақтөбе қаласында түсірілген алғашқы бейнебаянын көрсетті.

Жүргізушімен әңгіме барысында Димаш концерттерді сағынып жүргенін айтты.

"Баршаңызға амандық-саулық тілеймін. Барлық көрерменге, көршілес Ресейге Қазақстанның атынан жалынды сәлем айтамын", - деді Димаш Құдайберген қазақ тілінде.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің "Мен сені сағынып жүрмін" әніне түсірілген жаңа бейнебаяны 23 желтоқсанда жарыққа шығарды. Музыкалық туындының әнін жазған Игорь Крутой. Бағдарлама барысында Димаш жаңа әнін орындады.

Жаңалықтар
0