Мәдениет

Димаш Құдайберген АҚШ президентін ұлықтау апталығының ашылуына қатысады

Жазылу
Осы жолы АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында алғаш рет жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына арналған апталыққа қазақстандық әнші қатысады

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байденнің инаугурациясы апталығының ашылу салтанатына қатысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.  

Дәстүр бойынша бұл іс-шараны Бауырлас қалалар ассоциациясы – "Sister Cities International" ұйымы өткізеді. Джозеф Байден осы ұйымның құрметті тең төрағасы болып сайланған. Салтанатты шараға дипломатиялық корпус та қатысады.

Коронавирус пандемиясына байланысты мереке 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн форматта ұйымдастырылады. 

Вашингтонда орналасқан "Sister Cities International" халықаралық үкіметтік емес ұйымы 1953 жылы құрылған болатын. Оның негізін АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр қалаған. Содан бері АҚШ президенттері Джон Кеннеди, үлкен Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама және Дональд Трамп осы ұйымның құрметті тең төрағалары болды.

Sister Cities International 70 жылдың ішінде АҚШ қалалары мен 130-дан астам мемлекеттердегі бауырлас қалаларының өзара әрекеттесуіне арналған көптеген іс-шараларды өткізді. Осы жолы АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында алғаш рет жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына арналған апталыққа қазақстандық әнші қатысады.

16 қаңтарда  Димаш Құдайбергеннің "DIMASH DIGITAL SHOW" атты алғашқы онлайн-концерті өтеді.

 

Жаңалықтар
0