Мәдениет

"Орын толып қалды" дегенді түсінбейді: Балғынбек Имаш "Өнер барысы" туралы айтты

© Photo : Айгерім ТаубайБалғынбек Имаш
Балғынбек Имаш - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.12.2021
Жазылу
Айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде ұйымдастырушылар тарапы танымал адамдарға хабарласып, ұсыныс жасаған
АЛМАТЫ, 9 желтоқсан – Sputnik. Ел арасында танымал актерлер мен әншілер, композитор мен айтыскерлер 16 желтоқсанда боз кілемде бақ сынасады. Қазақша күресті насихаттауға бағытталған "Өнер барысы" жобасының кезекті кезеңі Тараз қаласында өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоба ұйымдастырушыларының бірі Балғынбек Имаштың айтуынша, сайыс 5 сағат бойы тікелей эфирден көрсетіледі.
"Қазақстан барысы" жобасын қолға алып, қазақ күресін насихаттауды мақсат еттік. Бұл жоба арқылы еленбейтін, көзге көрінбейтін қазақ күресіне қызығушылық артты, жастар күрестің әдіс-тәсілін меңгере бастады. Бастапқыда "Еуразия барысы", артынан "Әлем барысы" деп өтті. Содан кейін неге өнер адамдары арасында қазақ күресінен жарыс өткізбеске деген ой келді", - дейді Балғынбек Имаш.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от «ӨНЕР БАРЫСЫ» (@oner_barysy)

Айтуынша, "өнер барысы" жобасының мақсаты – жастардың арасында ерлік, батырлық, жігіттікті насихаттау.
"Қазақ күресі арқылы біреудің атағын шығару емес, аты шыққан, танымал адамдар арқылы ұлттық спортты насихаттағымыз келді. "Жұлдыздарды" қай жерге араластырмадық? Олар журналистердің орнына әртүрлі шоу жүргізіп кетті, тамақ пісіріп жүрді. Қазір "жұлдыздардың" араласпаған саласы қалмады. Оларды сынай бергенше, жақсы бағытта да, ұлтымызға пайдасы тиетін бағытта да пайдаланғымыз келді. Әртүрлі әлеуметтік желіде "жұлдыздардың" жұлдызы жанып тұр. Осындай сәтте жақсы дүниені насихаттап қалу керек", - дейді Балғынбек Имаш.
"Жұлдыздардың" арасында әртүрлі сырға таққан, шашын бояған, қазақтың салт-дәстүріне жат белгілер белең ала бастаған кезде, олардың арасынан нағыз ер азаматтарды іріктеп алдық. Біздің азаматтарымыздың бәрі қызға ұқсап нәзік болып кетпегенін көрсетсек дедік. Сол азаматтардың арасында кешегі Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты жеті өнерді өзіне жолдас қылған, бес қаруы сай, білегінің, жүрегінің күші бар азаматтардың бар екенін көрсетуді мақсат тұттық, дейді ол.
Оның сөзінше, жобаға қатысушылар үш талап бойынша таңдалады.
"Өнер барысына" қатысуға жүздеген талап-тілек түседі. Ұйымдастырушылар демеушілермен бірігіп өнер адамдарының рейтингіне қараймыз, көбіне "мега жұлдыз" болуы керек. Әрине, ондай деңгейге жетпегендерді де қатыстырамыз. Дәстүрлі өнерді насихаттаушылар, айтыскерлер, жазушылардың саны көп емес. Себебі тағы бір талап – желіде оқырманы көп болуы керек. Тағы бір маңызды талап – қатысушы бұрын спортпен айналыспаған болуы керек", - дейді Балғынбек Имаш.
© Photo : Айгерім Таубай"Өнер барысы" сайысының қатысушылары.
Өнер барысы сайысының қатысушылары - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2022
"Өнер барысы" сайысының қатысушылары.
Айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде ұйымдастырушылар тарапы танымал адамдарға хабарласып, ұсыныс жасаған. Алайда кейін келе жобаға қатысуға ниет білдіргендер саны артқан.
"Бірінші жоба сәтті өткеннен кейін, қатысушыларды таңдау қиындай түсті. Бір орынға бірнеше адам таласып, әртүрлі адамдар арқылы байланысқа шыққысы келді. Кей адамға қоңырау шалдырып, жобаға қосылғысы келді. "Орын толып қалды" дегенді түсінбейді. Біреуді шығарып, өздері қатысқысы келген болар. "Өнерге әркімнің де бар таласы". Сондықтан бұл талпынысты түсінеміз", - дейді ол.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бұл сайыста жүлде қоры 16 миллион теңге. Өнер адамдары 4 салмақ бойынша бақ сынайды.
"Әр салмақ дәрежесі бойынша 8 адамнан қатысады. Ауыр салмақта 8 адам шықпай қала ма деген болжам болған, дегенмен толып жатыр. Сайысқа 32 адам қатысады. Жобаға бір қатысқан адам екінші рет қатыспайды деген шарт жоқ. Әр кезең сайын қатысушылардың 60%-і жаңарып отырады", - дейді ол.
Айта кетері, "Өнер барысы" жобасы 16 желтоқсанда сағат 13.00-де "Хабар" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Боз кілемде Артур Төлепов, Асылхан Төлепов, Азат Жұмаділ, Бейбіт Көшқалиев, Аян Өтепберген, Арман Қоңыр, Рустем Жаныаманов, Дәулет Бижанов, Ғалым Махамбет, Еркебұлан Дайыров, Мейіржан Төребаев, Тәуекел Мүсілім, Қанат Әлжаппаров, Әділет Рахметолла, Құрал Молжанов, Ғалым Махамбет және басқа да өнерпаздар бақ сынайды.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0