Денсаулық

Қуықтың қатерлі ісігі туралы не білу керек: емдеу және алдын алу

© Photo : Pexels / Sora ShimazakiБолезнь
Болезнь - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.06.2021
Жазылу
Қуықтың қатерлі ісігі осы тектес диагноздардың кез келгені секілді адамның өмірін күрт өзгертіп жібереді. Қуық обыры деген қандай ауру, оның белгілері және емдеу жолдары туралы оқыңыз

Қуықтың қатерлі ісігі деген не

Қуық – бұл зәрге арналған резервуар рөлін атқаратын қуыс орган. Зәр қуыққа несептамырлы саға арқылы несептамырмен бүйректен келіп түседі де, несеп жолдары арқылы сырқта шығарылады. Бұл маңызды орган шаттың артында кіші жамбас қуысында орналасқан. Қуықтың қатерлі ісігі – қуық қабырғасында түзілетін қатерлі ісіктің асқынуы.

Көп жағдайда өтпелі-жасушалы обыр (90%), сирек жағдайда – жалпақ жасушалы обыр және аденокарцинома кездеседі. Бұл оқшаулану түріндегі сирек кездесетін қатерлі ісіктер – саркомалар, лимфомалар, карциноидтар. Папилломалар (қатерлі емес эпителиалды ісіктер), қуық папилломатозы обыр алдындағы ауру деп саналады. Көбіне бұл дерт 46-60 жастағы адамдарда кездеседі. Сонымен қатар қуықтың қатерлі ісігі әйелдерге қарағанда ер адамдарда жиі анықталады.

Қуықтың қатерлі ісігінің екі түрі бар:

  • инвазивті – бұл ісіктің қуық қабырғаларын тесіп өтіп, басқа органдарға таралуы тіркелетін ауыр түрі;
  • инвазивті емес – бұл ауру қатерлі емес сипатта дамиды: жаңа түзіліс қуық шегінен аспайды.

Қуықтың қатерлі ісігінің себептері

Қуықтың қатерлі ісігі не себепті пайда болатыны туралы дәлелденген теория жоқ. Алайда қайталанған хош иісті аминдермен ұзақ уақыт байланыста болатын адамдарда қуықтың қатерлі ісігі туындау қаупі жоғары болатыны белгілі және бұл факті дәлелін тапқан. Сонымен қатар темекі шегетін адамдарда да қуық обыры темекі шекпейтіндерге қарағанда 2-3 есе жиі анықталады. Хлорланған су ішу де онкологиялық процестің асқыну мүмкіндігін екі есе арттырады.

Есесіне тағам дайындау кезінде көп қанықпаған май қышқылдары бар өсімдік майларын қолданатын, сондай-ақ бета-каротин, калий, С дәруменін тұтынатын адамдарда бұл аурудың туындау қаупі әлдеқайда төмен болады.

Тұқымында осы дертпен ауырғандар бар адамдардың да қатерлі ісікке шалығу ықтималдылығы жоғары. Себебі бұл ауру хромосомалық өзгерістер тізбегімен байланысты генетикалық детерминдендірілген процесс болып табылады.

Қуықтың қатерлі ісігінің белгілері

Бастапқы уақытта бұл ауру науқасқа ешқандай жайсыздық тудырмай, ешбір белгісіз жүре береді.

Кейінірек мына белгілер анықталады:

  • гематурия (зәрге қан араласуы), оның қарқыны әртүрлі болуы мүмкін. Бастапқыда қан алқызыл түсте болады да, кейіннен несепте ұйысқан қан пайда болады. Содан соң ол қуықтың бітеліп, зәрдің тежелуіне алып келеді;
  • зәр шығару кезінде ауырсыну және қиналу. Бұл кезде іштің төменгі жағы, шат аумағы мен құйымшақта қатты ауырсыну байқалады. Бастапқыда бұл аумақтар тек қуық зәрге толған кезде ғана ауырса, кейіннен үнемі ауырып тұратын жағдайға дейін жетеді;
  • бүйрек жұмысы нашарлап, бүйректің тиісті деңгейде жұмыс істей алмауы байқалады, қуық инфекциясы анықталады. Бұл дер кезінде хирургиялық емдеу шаралары қабылданбаса, науқастың көз жұмуына алып келуі мүмкін.

Жоғарыда аталған кез келген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Диагнозды анықтау үшін тиісті анализдер тапсырып, ультрадыбыстық зерттеуден өту керек.

Қуық қатерлі ісігінің кезеңдері

Обырдың кез келген түрі секілді қуықтың қатерлі ісігі де төрт кезеңнен тұрады:

Бірінші саты. Қуықтың жеңіл (инвазивті емес) қатерлі ісігі. Ол қуықтың жоғарғы бөлігінде таралады да, бірақ бұлшықет қабырғасына қарай жайылмайды;

Екінші саты. Инвазивті қатерлі ісік – бұл жағдайда қатерлі ісік қуықтың бұлшықет қабырғаларына қарай өскенімен, қуық аумағында шектеледі;

Үшінші саты. Қатерлі түзіліс органның қабырғаларынан ары өтіп, қуық айналасындағы май тіндеріне қарай жайылған, бірақ көрші орналасқан органдарға қарай өтпеген;

Төртінші саты. Бұл кезеңде обыр процесі көрші органдар – ішек, жамбас қабырғалары, құрсақ қабырғасы, ер адамдарда – шәует қуықшасына және простатаға, әйелдерде – қынапқа, аналық безге және жатырға қарай ығысады.

Қуықтың қатерлі ісігін емдеу жолдары

Қуықтың трансуретральді резекциясы (ТУР). Бұл әдіс зәр шығару арнасы арқылы қатерлі ісікті алып тастауға мүмкіндік беретін арнайы эндоскопиялық техниканы қолдануды білдіреді. Алайда бұл әдіс барлық науқасқа бірдей қолданыла бермейді Өйткені оның науқастың жағдайын шектейтін талаптары бар. Қуықтың резекциясын орындауға жарамды жағдай науқастардың тек 5-10%-інде ғана кездеседі. Ал ТУР-ды инвазивті обыр кезінде қолдану мүмкіндігі туралы мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Шағын ісіктер анықталған болса, электровапоризация (жоғары температураны қолдану арқылы патологиялық тіндерді жою) қолданылуы мүмкін;

Ашық резекция (қатерлі ісігі бар қуықтың бір бөлігін алып тастау) әдісі үстіңгі обыр кезінде сирек қолданылады және көп жағдайда ТУР көмегімен қою қан кету немесе перфорация қаупін тудыратын қатерлі ісік жағдайында ғана қолданылады;

Тиімді цистэктомия қуықты ер адамдарда шәует қуықшасымен және әйелдерде жатырды қосымша өсінділерімен бірге алып тастауды қамтиды. Сонымен қатар зәр шығару жолының бір бөлігі де алынады. Қазіргі уақытта әйелдерде қуық мойыны және ер адамдарда простата бөлімі зақымдалғанда зәр шығару арнасын толық алып тастау тиімді деп саналады. Бұл әдіс екі жақтағы жамбастағы лимфалық түйіндерді де жоюды қарастырады.

Диагностика

Қуық қатерлі ісігі диагнозын қою үшін алдымен бірнеше тексеруден өту керек. Ол үшін тек қан мен зәр талдауымен шектелуге болмайды. Кешенді тексеру пальпацияны, зертханалық және құрал-жабдықпен тексеруді қамтиды.

Жалпы несеп талдауы жиі қан кету болмаған жағдайда тапсырылады. Көп жағдайда зәр шөгіндісінде эритроциттер кездеседі;

Бактериологиялық несеп себіндісі – қуық жолдарындағы инфекцияның жоқ екеніне көз жеткізу үшін қажет;

Цитологиялық тексеру – зәр шөгіндісі арқылы қатерлі ісік жасушаларын анықтауға мүмкіндік беретін қарапайым әдіс;

Онкомаркерлер – қазіргі уақытта зәр құрамында бірқатар заттың болуы негізінде қуықтың қатерлі ісігі бар деп күмәндануға мүмкіндік беретін бірнеше зертханалық тест қолданылады: ВТА (blader tumor antigen) арнайы антигенінің бар екенін анықтайтын тест – бұл әдістің дұрыстығы 67%, BTA TRAK тест – әдістің дұрыстығы 72%, ядролық матриксті протеинге арналған тест (NMP-22) – әдістің дұрыстығы 53%, гемоглобин хемилюминисценциясын анықтау – әдістің дұрыстығы 67%;

УДЗ. Көп жағдайда қуықтың қатерлі ісігі кіші жамбас органдарын ультрадыбыс арқылы тексеру кезінде анықталады. Ол үшін УДЗ алдында қуықтың жеткілікті деңгейде толы болуы маңызды. Сонда оның барлық қабырғасы жақсы көрінеді де, тексеру мейлінше тиімді болады.

Экскреторлы урография. Арнайы сұйықтықты көктамыр арқылы енгізгеннен кейін бүйрек пен зәр шығару жолдары рентген арқылы тексеріліп, аталған органдардың анатомиялық сипатын көруге және сол арқылы патологияны анықтауға болады.

Онколог қуық қатерлі ісігін анықтағаннан кейін қосымша зерттеулер тағайындауы мүмкін. Ол тексерулер дерттің кезеңін анықтауға, метастаздың бар-жоғын растауға көмектеседі. Одан кейін емдеудің тиімді әдісі таңдалады.

Қуық қатерлі ісігінің алдын алу

  • қауіпті жұмыстардан бас тарту, өндірістік канцерогендерден өзін қорғау (химиялық заттармен тікелей байланысқа түспеу, қорғаныш киімін үнемі киіп жүру, диспансеризация);
  • қуықтың қатерлі емес барлық папилломаларын дұрыс емдеу, циститті уақытында тиімді емдеу;
  • темекі шегуден бас тарту;
  • қуық үнемі босап тұруы үшін тиісті көлемде су ішу.
Жаңалықтар
0