жаз

Бастан күн өткенде алғашқы көмек қалай көрсетіледі

85
Күн астындағы демалыстан кейін аяқ астынан болған әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, жүрек айну немесе құсу секілді күй көп адамға таныс. Қатты қызып кеткеніңізді күн астында тұрған уақытта ғана емес, бірнеше сағаттан кейін де сезінуіңіз мүмкін

Ықылым заманнан бері күн әлемге жылу беріп, адамдарға қуаныш гормоны мен аса бағалы D дәруменін сыйлап келеді. Алайда кейде ол денсаулыққа үлкен зиян келтіретін жауға айналады. Бұл адамдардың күн астында болған кездегі қауіпсіздікті ескермеуі салдарынан болады. 

Күн өтудің себептері

Бұл аптап ыстық кезінде сағат 11-16 аралығында күн астында ұзақ болудан туындайтын күй. Сондықтан жағажайда, бау-бақшада немесе жаттығу кезінде де күн өтуі мүмкін. Күннің тікелей сәулелері салдарынан бас ысып, бас миының бөліктері қызып кетеді. Мұның барлығы артериалық қысымның көтерілуіне себеп болады. Ал бұл жағдай ұсақ тамырлардың үзілуіне, орталық жүйке жүйесі мен адам ағзасы үшін маңызды функциялардың бұзылуына себеп болад, деп жазады kp.ru.

Ыстық өтудің қаупін арттыратын факторлар:

  • артық салмақ;
  • жүрек-қан тамырлары аурулары;
  • алкогольдік ішімдіктен мас болу және темекі шегу;
  • тым тығыз (синтетикалық) және тар киім;
  • қорғаныш бас киімінің болмауы;
  • неврологиялық проблемалар;
  • егде жас;
  • желсіз және қапырық ауа-райы;
  • антидепрессанттар қабылдау.

Күн өткен кездегі белгілер

Күн өтудің үш деңгейі бар:

Жеңіл – зардап шеккен адамның бойында әлсіздік болып, бас ауырады, жүрегі айниды. Сондай-ақ жүрегі қатты соғып, көз қарашығы ұлғаюы мүмкін.

Орта – адамның аяқ астынан дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, жүрегі айниды, басы айналады және құлағы шыңылдайды. Сонымен қатар жүріс-тұрысы бұзылып, көзі қарауытады, есінен танып, мұрнынан қан кетуі мүмкін.

Ауыр – аяқ астынан асқынады. Зардап шеккен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске немесе қою көк боялады. Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42°C-қа дейін көтеріледі. Осы күйде оның қан тамырының соғуы әлсірейді және жиілейді, тырысу, бас айналу, галлюцинация, сандырақтау, есінен тануы немесе комаға түсуі мүмкін.

Күн өтуді емдеу

Негізгі ем – зардап шеккен адамды салқындату және ағзаның судан айырылуына жол бермеу. Бұл жағдайда дұрыс алғашқы көмек көрсету маңызды.

"Ең бастысы – адамды көлеңке жерге апарып жатқызып, оның аяғын көтеру керек және маңдайына кез келген салқын затты қойып, кеудесін қысып тұрған киімді, ер адамдардың белдігі мен галстугын шешу керек. Сонымен қатар зардап шеккен адамның жеке заттарын тексеру қажет. Себебі ол қант диабетімен ауыруы, сондықтан гипогликемия болуы мүмкін. Егер бұл күдік расталса, тез арада аузына қант немесе шоколадты езіп салу керек. Егер науқастың жағдайы нашарлап, бірақ ол ештеңеге шағымданбаса, оған нитроглицерин берудің қажеті жоқ. Себебі бұл науқастың жағдайын асқындырып, жедел жәрдем жұмысына кедергі келтіреді. Қан тамырларын кеңейтетін бұл препаратты аса сақтықпен қолдану қажет", - дейді жедел жәрдем дәрігері Михаил Коневский.

Күн өткен жағдайда мамандар зардап шеккен адамға салқын минералды су беруге немесе аздап тұз немесе қант қосылған таза ауыз су ішкізуге кеңес береді. Бұл ағзадағы су-тұз теңгерімін қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар дымқыл сүлгі немесе суық су құйылған пакетті қолтыққа, шапқа және мойынға қою арқылы денені салқындатуға болады. Адам естен танған жағдайда мүсәтір спиртін науқастың мұрнына жақындату керек.

Диагностика

Күн өту белгілері көп жағдайда инсульт, дәріге аллергия, ауыр бактериялы инфекция жұқтыру немесе қалқанша без ауруының асқынуы симптомдарына қатты ұқсас болады. Сондықтан дұрыс диагностика үшін тез арада жедел жәрдем шақыру керек. Зардап шеккен адамды реаниматолог, кардиолог, невролог немесе басқа да маман тексеруі мүмкін.

Заманауи емдеу әдістері

Күн өту белгілері бар адамға, әсіресе егде жастағы, жүрек-қантамыр патологиясы немесе созылмалы ауруы бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек қажет болады. Кейде жедел жәрдем бригадасы жасанды тыныс алдыру әдісін қолданады.

Су-тұз теңгерімін қалпына келтіру үшін хлорлы натрий ерітіндісін тамырға салады. Жүрек қызметінің жетіспеушілігі және асфиксия жағдайында орталық жүйке жүйесін ынталандырушы препарат қолданылады. Қан қысымын қалыпқа келтіру үшін гипотензивті және несеп айдайтын дәрілер пайдаланылады. Ауыр хәлдегі науқасты стационарға жатқызады. Медицина мекемесінде реанимациялық емдеу шараларының толық кешені жасалады.

Жедел жәрдем дәрігері Михаил Коневский жеңіл деңгейде бастан күн өтсе де, медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

"Дәрігер науқасты тексеріп, тиісті нұсқаулық берген жөн. Егер медицина мамандары адамның денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екеніне көз жеткізсе, онда науқас ауруханаға жатудан бас тарта алады. Бұл жағымсыз жағдайлардың алдын алып, күн өтудың асқынуын арттыратын созылмалы ауруларды жоққа шығарады", - дейді ол.

Басынан күн өткен адамдарға физикалық тұрғыда ағзаны бірнеше күн жүктемеген абзал. Әйтпесе күн өткеннен кейінгі күй қайталануы мүмкін. Күн өтудің салдары алдағы уақытта бас миының кейбір функциясының бұзылуына, бас ауруына, түрлі неврологиялық жағдайға, қимыл-қозғалыстың проблемаларына, көз көрудің нашарлауына, жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларына алып келуі мүмкін.

Күн өтудің профилактикасы

Күннен қорғану үшін бірнеше кеңес:

күн ыстықта, әсіресе сағат 11.00 - 17.00 аралығында күн астында болмау керек немесе күннен қорғайтын қолшатыр қолдану немесе көлеңкеге тығылу қажет;

  • жеңіл әрі ауа өткізетін матадан тігілген киім, бас киім кию керек;
  • ағзадағы су деңгейін бақылау керек, минералды су, жеңіл демделген көк шай немесе табиғи шырын ішкен абзал;
  • күн ыстықта майлы және ақуызды тағамдардан және алкогольді ішімдіктен бас тарту керек.

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Күн өтуден адамның қайтыс болуы мүмкін бе?

Ауыр деңгейдегі күн өту жағдайында миға қан кететін асфиксия, жүрек-қантамыр қызметінің жетіспеушілігі және жүрек тоқтауы мүмкін.

"Егер алғашқы көмек көрсетпесе, адам күн өтуден де көз жұмуы мүмкін. Сондықтан күн тию күдігі туындаған жағдайда тез арада дәрігер шақыру және жәрігер келгенге дейін жәбірленушіні салқындату маңызды", - дейді Коневский.

Кімдер үшін күн өту аса қауіпті?

"Ең алдымен егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті. Себебі олардың ағзаны табиғи термореттеу қызметі бәсең жұмыс істейді. Сонымен қатар семіздік, гипертония, диабетке шалдыққандар, жүкті әйелдер, темекі шегетіндер мен табиғатта ішімдік ішкенді ұнататындар да қауіп тобында", - дейді маман. 

85
Кілт сөздер:
күн өту
аурухана, коронавирус

Цой: коронавируспен ауырғандардың 99,9%-і вакцина салдырмағандар

1803
(Жаңартылды 17:19 28.07.2021)
Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонент 5 230 750 адамға егілған, бұл вакциналауға жататын халықтың 52,8%-і

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавируспен ауырғандардың барлығы дерлік вакцина алмағандар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ауырғандардың 99,9%-і вакцина салдырмағанын атап өткім келеді. Бұл иммунизацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейді", - деді Цой баспасөз мәслихатында.

Ол әр екінші ересек қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алғанын атап өтті.

Айтуынша, қазіргі таңда 8,6 миллион доза пайдаланылған, оның ішінде бірінші компонент 5 230 750 адамға егілді. Бұл вакциналауға жататын халықтың 52,8 процентін құрайды. Екінші компонент 3 436 617 қазақстандыққа cалынған.

Егу пунктерінде 713 мың дозаға жуық бірінші компонент және 1 миллион 300 мың доза екінші компонент бар, деп толықтырды министр.

Цой қазақстандықтарды тағы бір мәрте вакцина салғызып, індеттен қорғануға шақырды.

1803
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина
Архивтегі сурет

Дәрігер коронавирустан адам керең болып қалуы мүмкін екенін ескертті

407
Дәрігер коронавирус инфекциясы адамның есту қабілетіне қалай әсер ететінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Коронавируспен ауырған кезде иіс пен дәм сезу ғана жоғалмайды, есту қабілеті де нашарлауы мүмкін. Sputnik радиосына берген сұхбатында жоғары санаттағы ЛОР-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Зайцев бұған вирустың жүйке жүйесін зақымдауы себеп екенін мәлімдеді, деп жазады РИА Новости.

"Коронавирус инфекциясы – нейротропты вирус, ол жүйке жүйесін зақымдайды, сенсоневральды кереңдікке әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда есту жүйкесінің түкшелі жасушалары зақымдалады, сөйтіп адамның құлағы естімей қалады",- деді дәрігер.

Оның айтуынша, адам керең болып қалуы да ғажап емес.

Тағы бір себеп — бұл вирустың есту түтігін зақымдауы.

Тағы оқыңыз: Коронавируспен ауырған адамдардың ақыл-ойы төмендейді

"Вирус бізге ауа-тамшы жолымен түсетіндіктен, инфекция жұтқыншақ арқылы да өтеді. Сол кезде есту түтігінде проблема пайда болып, евстахиитке әкеп соғады", — деп түсіндірді Зайцев.

Егер естуіңіз нашарлағанын байқасаңыз, шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Өйткені маман ғана оның себебін анықтап, емдеу жолын көрсетеді. Үйде өздігінен емделу жағдайды нашарлатып жіберуі мүмкін, деп ескертті дәрігер.

407
Кілт сөздер:
коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Аэропорт.  Ashyq

Ashyq-тан көк түсті алып тастау мүмкіндігі қарастырылады - денсаулық министрлігі

0
(Жаңартылды 18:59 28.07.2021)
Елімізде вакцина алған адамдар көбейген соң Ashyq қосымшасынан "көк" мәртебесін алып тастау мүмкіндігі қарастырылады

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Ashyq қосымшасынан көк түс алынып тасталуы мүмкін, деді денсаулық министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінде Ashyq бағдарламасында ПТР-тест тапсырмаған және науқаспен байланыста болмаған адамдар көк түспен белгіленеді. Олар вакцина алған "жасылдармен" бірге кәсіпкерлік нысандарға емін-еркін кіре алады.

"Ashyq бағдарламасынан көк түсті алып тастауға әлі ерте деп ойлаймыз. Вакцинаның бірінші компонентін 5 миллион адам салдырды. Демек, қалған 8 миллион адам көк түспен жүр. "Қызыл" мен "сары" мәртебемен жүргендер де бар ", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде Ashyq бағдарламасына жасыл түс бойынша өзгеріс енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта вакцинаның бір компонентін алған адамдар да "жасылдар" болып белгіленіп отырады.

"Осылайша, біз адамдарды екпе алуға ынталандырамыз. Сондай-ақ көк түсті біртіндеп азайтамыз. Сондықтан әзірше көк түсті Ashyq-тан алмаймыз. Алайда вакцина алған адамдардың саны көбейгеннен кейін Ashyq-тан көк түсті мүлдем алып тастаймыз деп ойлаймын", - дейді Есмағамбетова.

Оқи отырыңыз: Мектептер Ashyq жобасына қосылуы мүмкін

 

0