POS-терминал

Банк карточкасының сіз білмейтін 8 құпиясы

5322
(Жаңартылды 12:13 10.08.2018)
16 цифр, CVC код, EMV-чип, дебеттік карта мен кредиттік карта – күнделікті қолданатын банк карточкасына қатысты өзге де қызықты деректермен таныса отырыңыздар

АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Банкоматтан ақша алғанда, сауда орталығында  немесе мейрамханада есеп айырысқанда, интернет арқылы төлем жасағанда, бәріміз банк карточкасын қолданамыз. Бұл карточканың көмегімен жасалатын әдеттегі қаржы операциялары ғана. Үнемі қолдансақ та, әмиянымызда жататын кішкентай карта туралы не білеміз?  Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қаржы технологиялары мен инновацияларын дамыту орталығының директоры Константин Пак Sputnik Қазақстан тілшісімен банк карточкаларының көбімізге беймәлім құпияларымен бөлісті. 

Картаның бет жағындағы 16 цифр нені білдіреді?

Бұл әрбір карточка үшін өзіндік бірегей идентификатор болып саналады. 16 цифр арқылы карточканың қай елден, қай банктен шыққанын және төлем жүйесін анықтай аласыз.

Төлем жасаған кезде ПИН-код әрдайым қажет пе?

Кейбір сауда орталықтарында немесе дәмхана/мейрамханаларда картамен төлем жасаған кезде, ПИН-код талап етілмейтінін талай рет көрген шығарсыз. Жұрттың көбі "карточкам жоғалған жағдайда, оны тауып алған адам ішіндегі ақшасын жаратып жібереді ғой онда" деп алаңдап жатады. 

Мұның барлығы әр банктің жеке талаптарына байланысты. Төлем жүйелерінде картаны шығару мен аталған бағытта қызмет көрсетуге қатысты ережелер бар. Ал картаны шығарған банк пен картаны төлемге қабылдаған банк қандай ережені қолданатынын өздері шешеді. 

Картаның екінші жағындағы CVC коды немесе үш цифр не үшін қажет?

CVV немесе CVC-код – интернетте төлем жасау үшін қолданылады. Бұл өзіндік PIN-код, тек интернеттегі операцияларға арналған. Мұны да төлем картасының басқа реквизиттері сияқты ешкімге жария етуге болмайды.

Банк карточкалары алаяқтардан қалай қорғалған?

Картаны алаяқтардан қорғау – өте үлкен әрі күрделі мәселе. Себебі карта алаяқтары әртүрлі болады: интернетте төлем картасының реквизиттерін жинайтындар және картаның көшірмесін жасайтындар. Алаяқтықтың әр түріне қарсы қорғану шаралары бар. Банктер мен төлем жүйелері жыл сайын бұл шараларды жетілдіріп отырады. Әдетте техникалық тұрғыдан карточкалар әжептәуір жақсы қорғалған. Жыл сайын қауіпсіздік деңгейін көтеруге миллиардтаған доллар жұмсалады. 

Картадағы EMV-чип алаяқтарға оның көшірмесін жасауға жол бермейді. Ал интернет кеңістігінде картаны виртуальды 3DSecure/SecureCode қорғайды. 

Алаяқтардың "құрбаны" болмас үшін, бірнеше қарапайым ережені сақтаған абзал: 

·         Карточка мен PIN-кодты бөтен адамдарға, тіпті туысқандарыңыз мен жұбайыңызға да бермегеніңіз дұрыс; 

·         PIN-кодты терген кезде, банкоматтың немесе POS-терминалдың клавиатурасын алақаныңызбен жабыңыз: 

·         Төлем картасының реквизиттерін, яғни картаның бетіндегі 16 цифрды, қолданылу мерзімін; CVV-код, 3DSecure-код және басқа да идентификаторлар, динамикалық кодтар мен парольдерді ешкімге айтпаңыз; 

·         Тіпті банк қызметкері телефон шалса да, карточканың реквизиттерін айтуға болмайды. Банк қызметкерлері төлем картасының толық реквизиттерін ешқашан сұрамайды. Егер сізден біреу 16 цифрды немесе динамикалық парольді толық айтуды өтінсе, онда бұл алаяқ болғаны. 

Дебеттік карта мен кредиттік картаның айырмашылығы қандай?

Бұл мүлде екі түрлі өнім. Дебеттік карта арқылы сіз тек жеке шотыңызда жатқан ақшаны ғана жұмсай аласыз. Яғни бұл сіздің жалақыңыз, стипендия, зейнетақы немесе басқа да кез келген әлеуметтік төлем болуы мүмкін. Және де сіз өзіңіз картаңызға аударған ақша. 

Ал кредиттік карта кредит желісінің қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни сіз банк мақұлдаған кредиттік лимит шегіндегі ақшаны жұмсайсыз. Төлем жасаған кезде, өзіңіздің емес, банктің ақшасын жаратасыз деген сөз. Бұл картаның бір артықшылығы –  кредиттік карта бір рет ашқаннан кейін, жаңа қарыз алу үшін банккке қайта өтініш жазудың қажеті жоқ. Бұған қоса, банктердің көбі сізге жеңілдік жасайды, яғни белгілі бір уақыт ішінде кредитті өтеп үлгерсеңіз, сізге процент есептелмейді. Сондай-ақ, кредиттік картаны қолдану кезінде қосымша бонустар немесе кэшбек беріледі.

Карточканың чипіне зақым келсе, не істеу керек? 

EMV-чипіне зақым келсе, терминалдар мен банкоматтар оны қабылдамайды. Ал интернет арқылы төлем жасаған кезде, карта жұмыс істей береді. Бұл жағдайда картаны ауыстыру және қайта шығару үшін банкке жүгінген абзал. 

Банк карточкаңызды кассирге немесе даяшыға сеніп тапсыруға болмайды

Карточканы бөгде адамдарға беруге немесе ПИН-кодын айтуға болмайды. Барлық карта операциясы сіздің көз алдыңызда жасалуы тиіс. Егер коммерсант стационарлы POS-терминалды қолданып, оны сауда залына кіргізуге мүмкіндігі болмаса, онда кассирмен бірге еріп барып, қадағалаған дұрыс. 

ПИН-кодты банкке бармай-ақ, қалай ауыстыруға болады?

Карточканың ПИН-кодын банкоматтың көмегімен өзгерте аласыз. Әдетте аталған қызмет үшін аздаған комиссия алынады, ең дұрысы тарифті банктен нақтылап алу. ПИН-кодты "1111", "1234" сияқты оңай жатталатын сандарға өзгертпегеніңіз абзал. 

5322
Кілт сөздер:
банкомат, карточка, банк, ПИН-код
Тақырып бойынша
Пойыз жолсерігі шетелдік студентке жоғалған әмиянын қайтарып берді
Халық банк қазақ тілінің орнына неге қытайша қызмет көрсетілгенін түсіндірді
Назарбаев: банк иелерінің жауапкершілігін көтеру керек
Түркістанда банк тонауға қатысты екі күдікті ұсталды
Мұғалімдердің жалақысын көтеруге қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды
Тауарларды таңбалау

Темекі өнімдерін таңбалау жұмысы оңайлатылды

6
Шағын бизнеске қосымша қаржылық және әкімшілік жүктеме алынып тасталады, деп мәлімдеді мемлекеттік крістер комитеті

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Алкоголь өнімдерін таңбалау және қадағалау жөніндегі қолданыстағы пилоттық жоба тоқтатылды, деп хабарлады қаржы министрлігінің мемлекеттік крістер комитеті.

Сондай-ақ темекі өнімдерін таңбалау жұмысы да оңайлатылды – ол өндірушілер/импорттаушылар және көтерме саудада өткізушілер деңгейінде ғана жалғастырылады.

"Бұл ретте бөлшек сауда сатушыларына тауарларды 2D сканерлерді сатып алмай және қолданбай таңбалау жөніндегі бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесінде алғанын растау жеткілікті болады. Осылайша шағын бизнеске қосымша қаржылық және әкімшілік жүктеме алынып тасталады", - деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.

Қазақстанда алкогольді таңбалау бойынша пилоттық жоба 2019 жылдың 1 маусымында іске қосылды. Бұған дейін міндетті таңбалау 2021 жылдың 1 сәуірінен басталады деп жоспарланған болатын.

Қаржылық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл шараны енгізуге басты себеп – 2020 жылдың өзінде жасанды алкоголь өндіретін 50-ден астам жасырын цех жойылған. Көлеңкелі айналымнан 1,5 миллионнан астам бөтелке, 400 мың литрге жуық спирт және 500 мың жалған есептеу-бақылау маркалары алынды.

Оқи отырыңыз:

6
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев кәсіпкерлерге: кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік

17
(Жаңартылды 18:12 28.09.2021)
Мемлекет басшысы пандемия басталғалы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралар жүргізілгенін айтты

АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезінде адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру азаматтар жаппай вакцинацияланған кезде ретке келетінін айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер палатасы үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар келешекте ел үкіметі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе атқаруы қажет істерге тоқталды.

Президент пандемия кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіргенін, алайда қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсеткенін жеткізді.

"Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік. Биыл 8 ай қорытындысы бойынша ел экономикасы 3%-ке өсті. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді", – деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, 2022 жылы "Қарапайым заттар экономикасы" және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінген.

"Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегеніңіз маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ел президенті жиын кезінде елімізге жаңа реттеуші саясат қажет екенін айтты. Оның айтуынша, қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға smart regulation деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек.

"Менің тапсырмам бойынша мәжіліс "басынан бастап" реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: Оne in two out қағидасы, яғни қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін эксперименталды құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкімет оны ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, дайындайды.

Сондай-ақ үкімет пен "Атамекен" бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Және ел үкіметі "Атамекенмен" бірлесіп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдайды.

Мемлекет басшысы қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басымдығының бірі екенін айтты. Елімізді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету.

Осыған байланысты жылдың соңына дейін президенттің тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуге бағытталған "Өнеркәсіп саясаты туралы" заң қабылданады.

17
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, кәсіпкер, банкрот
Тақырып бойынша
Тоқаев айтқан бустерлік вакцина кімге салынады? 
Инфляция бекітілген межеден әлдеқашан шығып кеткен – Тоқаев
Тоқаев қордаланған мәселелерге назар аударды
"Керемет сенсация": Тоқаев футзалдан Қазақстан құрамасын құттықтады
Тоқаев 2030 жылға дейінгі елдің жаңа әскери тұжырымдамасын бекітті
Жайық өзені, архивтегі фото

Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерде зерттеу жүргізіп жатыр

0
Бұл жұмыс гидрологиялық режимді және трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді

АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Ресейде өзен су тасқыны параметрлерін және ағынның өзгеру тенденциясын анықтау үшін трансшекаралық өзендер бойынша гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтерді жинау басталды.

Экология министрлігінің трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Арсен Жақанбаевтың айтуынша, 2020 жылдың қазанында бекітілген ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастықты кеңейту жол картасы аясында су объектілері зерттеліп жатыр.

"Экология және жасыл даму саласындағы ынтымақтастық" деген тақырыпта өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы аясындағы "Трансшекаралық су объектілері" панельдік сессиясында Жақанбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың 29 жылдық тәжірибесі   мемлекетаралық су бөлу мен су қоры ресурстарының күрделі мәселелерін табысты шешуге мүмкіндік бергенін айтты.  

Оның пікірінше, Жайық өзені суының азаю мәселесін бірлесіп шешу жемісті ынтымақтастықтың дәлелі болмақ. Соңғы жылдары Жайық трансшекаралық өзені ағынының азаюы мен су ресурстары және экожүйелер жай-күйінің нашарлау тенденциясы алаңдаушылық туғызып отыр, деп толықтырды спикер.

"Ірі өзендердің бассейндеріндегі бірлескен зерттеулер нәтижесінде трансшекаралық өзендердің гидрологиялық режимі мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілетініне сенімдімін", - деп атап өтті спикер.

Қазақстан Ресей Федерациясымен алты негізгі трансшекаралық бассейн бойынша ынтымақтасады: Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қараөзен мен Сарыөзен, Қиғаш, деп нақтылады Жақанбаев.

Тараптар 2000-2015 жылдар аралығында бұрынғы Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аумағындағы сынаппен ластану ошағындағы жер асты және жер үсті суларына бірлескен мониторинг жүргізді. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде "топырақтағы қабырға" әдісімен жылыстауға қарсы перденің құрылысы аяқталды, ластану ошағынан Ертіс өзенінің шетіне дейін 30 бақылау ұңғымасы бұрғыланды.

Аймақаралық ынтымақтастық форумы 28-30 қыркүйекте онлайн режимінде өтеді.  

0