Экономика

Назарбаев "Самұрық-Қазына" қорының жаңа басшылығын мақтады

© Sputnik / Абзал Калиев"Самұрық-Қазына" қоры
Самұрық-Қазына қоры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елбасының айтуынша, "Самұрық-Қазына" қоры қысқа мерзім ішінде қарызды азайтып, компаниялардың табысты жұмыс істеуін, қаржы құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз етті

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Самұрық – Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Жиынға премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, "Самұрық-Қазына" АҚ тәуелсіз директоры Ричард Эванс, тұңғыш президенттің көмекшісі Данияр Ақышев, басқарма мүшелері және қордың ұлттық компанияларының басшылары қатысты.

Тағы оқыңыз: "Самұрық-Қазына" халықаралық банктерге қарызын мерзімінен бұрын қайтарды

Отырыста "Самұрық-Қазына" АҚ 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын жүзеге асыру туралы есеп тыңдалды, сондай-ақ қорды одан әрі трансформациялау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

"Қор ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Біз озық халықаралық тәжірибені зерделеп, осы қорды құрдық. Бүгінде "Самұрық-Қазына" қоры ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып келеді", – деді Елбасы.   

Басқосу барысында "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов корпоративтік орталықтардың құрылымын оңтайландыру және қордың басқару деңгейлерін қысқарту туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаевқа қор компанияларын жекешелендіру, индустриалдық-инновациялық даму және "Нұрлы жол" бағдарламаларын іске асыру туралы айтып берді.

Ахметжан Есімовтың ақпаратына сәйкес, қазір қор жалпы сомасы 8 триллион теңгені құрайтын 54 жобаны жүзеге асыруда және 68 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Тағы оқыңыз: "Самұрық-Қазына" Қытай кәсіпкерлерімен 13 миллиард долларға келісім жасасты

"Біз қор портфелін әртараптандыру үшін егемен қорлармен және халықаралық инвесторлармен стратегиялық серіктестік орнатуды қарастырып жатырмыз. Қазір жалпы сомасы 13,3 миллиард долларды құрайтын екі жақты 28 келісімге қол қойылды", – деді "Самұрық Қазына" АҚ басқарма төрағасы.

Жиында Ричард Эванс, Асқар Мамин және ұлттық компаниялардың басшылары да баяндама жасаған.

Қазақстанның тұңғыш президенті ұлттық әл-ауқат қорының қызметі жіті бақылауында болатынын атап өтті.

"Қордың басты міндеті – активтерді көбейту, табысты арттыру және ұлттық компанияларды дамыту. Қор активтерінің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар. Жаңа басшылық жұмысының оң нәтижелерін атап өткім келеді. Қысқа мерзім ішінде қарызды азайтып, компаниялардың табысты жұмыс істеуін, қаржы құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз ете алдық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы қордың сатып алуларды ұйымдастыру және кәсіпкерлікті қолдау саласындағы жұмысының нәтижелерін жоғары бағалады.

"Қор ішінде бір жерден сатып алу айтарлықтай қысқарып, тендерлердің көлемі артты. Олар ашық өткізілетін болды. Бүгінде жұмсалатын шығын 5 есе азайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың сатып алу ісінде мұндай нәтиже жоқ. Міндеттер дұрыс белгіленген жағдайда қолданыстағы заң нормалары да миллиардтаған теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретінін қор қызметі айқын көрсетіп отыр", – деді Қазақстанның тұңғыш президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қордың адам ресурстарын басқару саласында қолға алып жатқан шараларына қолдау білдірді.

Жаңалықтар
0