НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр президенттің жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырма бар екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны алуға кімге рұқсат беріледі - Сапарбаевтың жауабы
"Үкіметке халықтың жекелеген санаттарына зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана мен білімге жұмсауға рұқсат беру туралы тапсырма берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, тиісті ұсыныстарды әзірлейді. Олар бекітілген мерзімде қажетті ұсыныстарды дайындап, қоғамдық талқылауға шығарады деп ойлаймын", - деді Смайылов үкімет кулуарында.
Ол зейнетақы жинағын қордағы шотта ақшасы бар қазақстандықтар ғана ала алатынын айтты.
Осы орайда журналистер министрден келесі жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын пайдалана ала ма деп сұрады.
"Алдымызда осындай міндет тұр", - деп қысқа қайырды Смайылов.
Еске сала кетсек, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауында үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет екенін айтқан болатын. Президент үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте.
Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.
Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді.
"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров.
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.
БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.
НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі 2021 жылдың 1 ақпанында 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау және айырбастау мерзімі аяқталатынын еске салды.
"Халықтың өтінішін ескеріп, банкноттарды қабылдау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдадық. Кейбір азаматтар, негізінен, зейнеткерлер белгілі бір себептерге байланысты ескі банкноттарды уақытында айырбастап үлгермеген", - деп мәлімдеді Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
1 ақпаннан бастап Ұлттық банктің филиалдары 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдауды және айырбастауды тоқтатады.
Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтардан 1 ақпанға дейін ескі банкноттарды ұлттық валютаның жарамды ақшасына айырбастап алуды сұрады.
Жеке тұлғалар банкноттарды Ұлттық банктің филиалдарында ғана айырбастай алады. Филиалдардың мекенжайы мен байланыс нөмірлері сайтта көрсетілген.
21 қаңтардағы жағдай бойынша банкноттарды ауыстыруға ең көп сұраныс білдіргендер Алматыда (23,6%), Нұр-Сұлтанда (9,2%) Шымкент қаласы мен Түркістан облысында (8,5%) тіркелді. Бұл ретте айырбастауға қабылданған барлық банкноттың 42,4%-і 10 000 теңгелік номиналға тиесілі. Одан кейін номиналы 2 000 теңгелік (30,6%) және 5 000 теңгелік (27,0%) банкноттар.
НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық шаңғышы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько 38 жасында көз жұмды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Спортшы 24 қаңтарға қараған түні Бурабай кенті маңында (Ақмола облысы) жол апатынан көз жұмды.
"Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті барлық спорттық қауымдастық атынан спортшының жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Николай Чеботько талантты шаңғышы, олимпиадашы және жарқын жүзді адам ретінде мәңгі жүрегімізде сақталады", -делінген хабарламада.
Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Щучьеде туған.
Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері.
Тағы оқыңыз: Атырауда танымал спортшыны өлтіріп кетті
Үлкен спорттағы ең ірі жетістігіне Чеботько 2013 жылы қол жеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енді.
Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған.
Әлем кубогі кезеңдерінде 2001 жылдан бастап сынға түсті. 2012 жылы Квебектегі әлем кубогі кезеңінде Денис Волоткамен бірге тарихи алтын жүлде иеленген. Ол бірнеше рет ел чемпионатында көзге түсіп, өмірінің соңына дейін шаңғы жарыстарында бақ сынады.