Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов

Министр Маминнен бюджетті игермеген басшыларды жауапқа тартуды сұрады

182
Бірінші вице-премьер келесі жылдың басынан бастап бюджетті уақытында игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да жауапқа тартылатынын еске салды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов он айдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өкінішке қарай, бюджеттің үш рет нақтыланып, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті жерлерде 10 айдың қортындысы бойынша қомақты сома игерілмей қалған. Сол себепті, Асқар Ұзақбайұлы (үкімет басшысы – Sputnik) бюджет қаражатының игерілмеуіне себепші болған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бюджеттік бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Министрдің ақпаратынша, республикалық бюджеттің шығыстары 9 триллион 565 миллиард теңгені немесе 99,2%-ті құрады.  Оның ішінде 79 миллиард теңге орындалған жоқ, 11 миллиард теңгесі үнемделген. Ал 68 миллиард теңге игерілмеген. 

"Бұл жерде нақтыланған бюджеттің өзгерістері ескерілген жоқ. Олар қараша айында көрініс табады", - деді вице-премьер.

Смайылов бюджет қаражаты ең көп игерілмеген министрліктерді атады:

  • экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 миллиард теңге;
  • білім және ғылым министрлігі – 9,3 миллиард теңге;
  • индустрия және инновациялық даму министрлігі – 7,8 миллиард теңге;
  • мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 миллиард теңге;
  • цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 миллиард теңге.  

"Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы, орындалған жұмыстар актілерінің уақтылы ұсынылмауы, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі", - деп атап өтті министр.

Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 10 айдың қорытындысы бойынша 4 триллион  705 миллиард теңгені құраған. Орындалмағаны – 75 миллиард теңге. Есепті кезеңде өңірлерге 1 триллион 256 миллиард теңге нысаналы трансферт бөлінді.

"Жергілікті деңгейде олар 97,3%-ке немесе 1 триллион 222 миллиард теңгесі игерілді. Орындалмағаны – 34 миллиард теңге, оның ішінде 7 миллиард теңгесі үнемделген. 27 миллиард теңге игерілген жоқ", - деді Смайылов.  

Айтуынша, ең көп қаржы Нұр-Сұлтан қаласында игерілмеген – 6,1 миллиард теңге, Алматы қаласында – 4,9 миллиард теңге, Түркістан облысында – 3,4 миллиард теңге, Батыс Қазақстан облысында –2,9 миллиард теңге.

Осы ретте қаржы министрі жуырда парламент бюджеттік заңнамаға қатысты тиісті түзетулерді қабылдағанын еске салды. 

"Ол түзетулер бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлау және пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы заң бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл ретте, әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады", - деді ол.

Жаңа норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.

182
Кілт сөздер:
Асқар Мамин, бюджет
Тақырып бойынша
"Мынау масқара ғой": Нығматулин мәдениет министрлігіне шүйлікті
Депутат Қарағұсова бюджет туралы: бұл - біздің ақшамыз
Қарапайым заттар экономикасы: Қазақстанда несиелеу шарттары жеңілдейді
Астаналық бухгалтер 4 проценттік автокредитті қалай алғанын айтып берді
Смайылов мемлекет ақшасын игермеген министрліктерді атады
Көпір

Көлік арзандай ма сарапшы жауап берді

54
Эдуард Эдоковтың ойынша, алдағы уақытта күтпеген жағдайлар болмаса, көлік бағасы арзандамайды. Сондықтан ол көлікті қазір сатып алуға кеңес беріп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек –  Sputnik. Қазақстанда көлік қымбаттап барады. Қазір автосалонда да, автобазарда да баға шарықтап кеткен. Ескі көлігін сатқандар сол бағаға таңдап қойған көлігін ала алмай жүр. Содан тағы ақша жинауға мәжбүр. Ал алыпсатарлар инфляцияға, халықтың жағдайына қарамайды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков баға не себепті қымбаттап кеткенін түсіндірді. Сондай-ақ көлік таңдап жүрген адамдарға кеңес берді.

Жаңа көліктер неге қымбаттады?

"Негізі көлік бағасы жыл сайын көтеріліп келеді. Жаңа көліктер болсын, мінілгені болсын, шамамен 5-25 процентке қымбаттап отыр. Бүгінде кейбір ескі көліктердің бағасы одан да қатты шарықтап кеткен", - дейді Эдоков. 

Сарапшының айтуынша, көлік саласындағы қымбатшылықтың бірнеше себебі бар. Біріншіден, пандемияның салдарынан зауыттарға көлік бөлшектерін жеткізу біраз қиындады. Мәселен кейбір компанияларға Қытайдан электроника құралдары уақытында жеткізілмеді. Содан автокөлік шығару жұмысы баяулады. Жаңа көліктің саны азая бастады.

"Мысалы қазір автосалонға барсаңыз, кейбір маркалар жоқ дейді. Екі-үш ай күту керек. Ал жаңа тапсырыс жаңа бағамен келеді ғой. Әрине инфляция да бағаға әсер етіп отыр. Соның садарынан көліктің бағасы тағы 5-10 процентке көтерілді. Өйткені автобөлшектерді көбінесе шетелдік валютаға сатып алады", - деп түсіндірді Эдоков.

Бұдан бөлек, былтыр металл бағасы күрт көтеріліп кеткен. Осыдан кейін көліктер де қымбаттай бастапты.

Мінілген көліктер арзандай ма?

Сарапшының айтуынша, мінілген көліктердің бағасына да инфляция әсер етеді. Бірақ негізгі фактор – ескі көліктердің азаюы. Ал нарық заңдылығына сәйкес, ұсыныс төмендесе, баға өседі. Себебі ол тауарға сұраныс төмендеп тұрған жоқ. Оған қоса, автосалондарда жаңа көліктердің саны азайды.   

"Бізде ескі көлікті кіргізу үшін бюджетке утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу төлемін жасау қажет. Ол – үлкен ақша. Мәселен Германияда утилизациялық алымның көлемі 150-200 еуро, Жапонияда – 200 доллар, ал бізде 4 000 долларға дейін барады. Оны ешкім төлегісі келмейді. Сол себепті шетелден көлік әкелмейді. Демек Қазақстанда мінілген көліктердің саны біртіндеп азайып келеді. Сол себепті бағасы түсіп жатқан жоқ, керісінше, көтеріліп келеді. Себебі ондай көліктер аз", - дейді Эдоков.

Ал шетелден көлік көп келмегеннен кейін мінілген автомобильдер тез ескіреді. Қазірдің өзінде Қазақстанда жүрген шетелдік темір тұлпарлардың көбісі 20 жыл бұрын шығарылған.

"Бір қызығы, ондай көліктер техникалық тұрғыда ескірсе де, вино мен коньяк сияқты жыл сайын қымбаттап барады. Себебі сұраныс бар. Ал ұсыныс азайып келеді. Мәселен менің ұлым бір жыл бұрын 2 миллион теңгеге Subaru сатып алды. Иә, көлік ескі, бірақ қазір сатып алушылар оған 2,5 миллион теңге беруге дайын отыр. Осылайша мінілген көліктердің тапшылығы салдарынан баға өсіп тұр", - деді Эдоков.   

Сарапшының ойынша, алдағы уақытта күтпеген жағдайлар болмаса, көлік бағасы арзандамайды. Мәселен рубльдің бағасы күрт төмендеген жағдайда ресейлік көліктер біршама арзандауы мүмкін. Бірақ ондай өзгерістің болуы екіталай.

"Мен соңғы бес жылда көлік бағасының түскенін көрмедім. Сондықтан мінілген жақсы көлік тапсаңыз, сатып алыңыз. Өйткені 1 миллион теңгеге алған көлігіңіз үш айдан кейін 1 миллион 200 мың теңге болады", - деп түйіндеді одақ басшысы.

54
Кілт сөздер:
арзан көлік, автокөлік
Базар, сәбіз

Азық-түлік бағасы қымбаттауына байланысты 8 тергеу жүріп жатыр

134
Премьер-министр әкімдіктер мен министрліктерге инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды PrimeMinister порталы.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Азық-түлік бағасы – бұл әлеуметтік өзекті мәселе. Үкімет инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешені секторындағы құнды қалыптастырудың бүкіл тізбегі бойында бағаларды тұрақтандыруды іске асырады", - деді Мамин.

Ауа райының қолайсыздығы негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары шығымдылығының төмендеуіне алып келді. Осыған байланысты бағаның өсуі, сондай-ақ көрші елдер ауыл шаруашылығы өніміне сұраныстың артуы байқалады. Биыл 8 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,7%-ке жетті.

Соңғы айда бағаның 0,7 процентке төмендеуі байқалады. Инфляцияға қарсы ден қою шаралары аясында 2021 жылы "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" 87 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл ретте сатып алынатын дақылдардың тізбесі 4-тен 9-ға дейін кеңейтілді: жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, рапс, зығыр, соя, қарақұмық. Аталған өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылығы шаруашылықтарына өткізу үшін пайдаланылатын болады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны төмендету туралы 68 хабарлама шығарды, 8 тергеу тағайындалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сауда үстемесінен асып кету және сыйақы алудың 46 фактісі анықталды.Бұл жағдайлар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Осы өңір басшыларына шекті сауда үстемесінен асыра белгілеген сауда нысандарын жауапкершілікке тарту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Премьер-министр әкімдіктер мен министрліктерге инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

134
Кілт сөздер:
азық-түлік, баға, тергеу
Тақырып бойынша
Қазақстанда азық-түліктің қымбаттағаны үшін шенеуніктер жазалануы мүмкін
Азық-түліктің бағасы 40 процентке қымбаттады – Тоқаев
Тұрақтандыру қорларына 5 айға жететін картоп пен сәбіз сатып алынады
Азық-түліктің 6 түрі толықтай елде өндірілетін болады: тізімге қандай өнім енді
Тоқаев азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тапсырды
Алматылық 5 кісіні өлтірді

Психологтар Алматыда 5 кісіні өлтірген ер адамның әрекетіне пікір білдірді

0
Алматыда бес кісіні атып өлтірген адамда психологиялық ауытқу бар деп айтуға бола ма? Адамдарға қарсы оқ атуға не себеп болды? Басқа адамдар оның бұл әрекетін қайталауы мүмкін бе? Осы және өзге сұрақтарға мамандар жауап берді

АЛМАТЫ, 26 қыркүйек – Sputnik, Ольга Тонконог. Жиырмасыншы қыркүйекте Алматы тұрғыны Игорь Дужнов өзін үйден шығаруға келгендерге оқ жаудырды. Екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның танысы қайтыс болды. Ер адам ұсталды. Бес адамды өлтіргені үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл іске байланысты қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді. Кейбірі банк және сот-атқару жүйесі талапты дұрыс қойды деген пікірде, ал екінші тарап Дужнов және оның отбасының адами құқығы бұзылды деп есептеп, оған жанашырлықпен қарап отыр. Олар сондай-ақ мұндай жағдайға көптеген қазақстандық тап болуы мүмкін екенін айтады.

Сонымен қатар оқиға жария етілгеннен кейін Игорь Дужновтың отбасы мен оның әйелі Анаида Демирчанға қатысты басқа да мәліметтер пайда болды. Бірнеше адам ерлі-зайыпты қарыз алғанын, алайда қомақты қаржыны қайтармағанын айтты. Сондай-ақ 2014 жылы Дужнов Донбаста соғысқан деген қауесет тарады.

Sputnik Қазақстан психология саласындағы бірнеше маманмен сұхбаттасып, бұл жағдай бір адамның мәселесі ме әлде әлеуметтік құбылыс па деген сұраққа жауап іздеді.

Психологиялық ауытқуы бар адамдар сирек қылмыс жасай ма

Соттың түпкілікті шешімі шықпай және ол заңды күшіне енгенге дейін қандай да бір түсініктеме беру, оның ішінде психикалық жағдайына қатысты баға беру этикаға жат. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Ринат Мұзафаров осындай пікірде. Сондай-ақ жеке адам мен оқиға туралы БАҚ арқылы біліп, пікір білдіру кәсіби емес деп санайды.

"Адамның стресс жағдайындағы психологиялық күйі туралы жобалап қана айтуға болады. Бірақ біз әртүрліміз, ал біздің болжамымыз жеке басымыздың, өмірлік тәжірибеміздің, қалыптасқан нанымымыздың призмасы арқылы көрінеді", - деді ол.

Сондай-ақ жалпы денсаулық жағдайын, жеке ерекшеліктерін, микро және макроәлеуметтік ортаның әсерін және оқиғаның алдындағы кезеңдегі психологиялық жағдайды ескеру қажет, - деп толықтырды Ринат Мұзафаров.

Маман құқықбұзушылықтың осы санатына қатысты сот-тергеу шаралары аясында кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу міндетті екенін айтты.

Сондай-ақ ол "жекелеген қару-жарақ айналымын мемлекеттік бақылау туралы" заңға сәйкес, қару алудан бұрын адам рұқсат алуы керек екенін айтты. Шарттардың бірі ішкі істер органдарына терапевт, невропатолог, офтальмолог, психиатр және наркологтан қарсы көрсетілімдері жоқ екенін айғақтайтын анықтама ұсынып, медициналық тексеруден өтуі қажет.

"Атап айтқанда, психиатр мен наркологқа адам динамикалық бақылаудағы жай-күйі туралы деректер базасы бойынша тексеріледі. Психиатриялық куәландыру, психологиялық тестілеу жүргізіледі, психобелсенді заттар метаболиттерінің болу-болмауы зерттеледі", - деді Ринат Мұзафаров.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен азаматтық және қызметтік қару, азаматтық пиротехникалық заттар айналымы саласында рұқсат алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесі бекітілді.

"Бұл тізімде, органикалық психикалық бұзылулар, шизофрения, шизотиптік және сандырақтайтын жағдайлар, ақыл-ой кемістігі және басқа диагноздар бар", - деді Мұзафаров.

Заңнамаға сәйкес, әр бес жыл сайын медициналық тексеруден өтуі қажет, бірақ барлық тексеру нәтижесі адам жағдайының сол сәтте қандай екенін және содан кейінгі қысқа уақытты ғана көрсетеді. Кейіннен медициналық қарсы көрсеткіштер тізіміне кіретін ауру асқынуы мүмкін.

"Психиатр немесе наркологта тіркелмеген және психикалық ауруы жоқ адамдарға қарағанда қандай да бір тіркеуде тұратын адам атыс қаруын қолданып, адамға қарсы қылмыстар сирек жасайды деп айта аламын", - деп түйіндеді ол.

Нормадан ауытқу ма

Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова бұл жеке шекара бұзылуы болуы мүмкін екенін айтты.

"Ол адамдардан ақша алып, "лақтырып", қайтармағаны туралы әңгіме...шекараның бұзылуы туралы айтар едім. Ол шекараны бұзады, сөз береді және сөзінде тұрмайды. Содан кейін оның ар-ұяты бар ма деген сұрақ туындайды. Ар-ұяттың болмауы да ауытқу. Себебі баланың жеке басының қалыпты психоэмоционалды дамуы кезінде бес-алты жаста ар-ұят пайда болады", - дейді маман.

Анна Құдиярова ар-ұяты берік адам басқа адамды алдауға және қандай жағдайда да адамды өлтіруге бармайтынын айтты.

"Екінші жағынан, егер ол мұндай қадамға барса, бұл үмітсіздік, шарасыздық. Алайда пайдаға кенелуге келгенде ешкім ар-ұятқа қарамайды, бәрі ұмытылады", - деп атап өтті Құдиярова.

"Банктер адамдардың қайғы-қасіретінен көп ақша жасайды. Бірақ адамдар да әртүрлі. Олар кредит алады, өйткені олардың көпшілігі бала позициясында өмір сүреді : "ең бастысы – алу және жұмсау, ал ертең не болады деп ойлаймаймыз. Анам, әкем мейірімді, олар кешіреді. Банк немесе үкімет несиені кешіреді немесе жабады". Бұл жауапсыз әрекет. Кредитке тәуелділік деген термин бар. Бұл да тәуелділік және кез келген тәуелділік – бұл психикалық ауру", - деді психоаналитик.

Игорь Дужновтың Донбастағы соғысқа қатысуына байланысты Анна Құдиярова соғысты жақсы көретін адамдардан көбінесе жеке шекара бұзылу белгілерін табуға болатынын атап өтті.

"Кем дегенде, бұл социопатия, тіпті психопатия болуы мүмкін. Себебі түрменің орнына олар майданға немесе әскери оқиғаларға барады. Тыныш невротик ешқашан соғыс іздемейді немесе қолына қару алмайды. Бірақ шекара бұзылуы бар адамдар қоршаған әлемге дұшпан көзімен қарайды, агрессивті болады. Сондықтан олар атыс-шабыс фильм көріп қана қоймайды, соның ортасына барады", - деді психоаналитик.

Тығырыққа тірелгендер ессіз әрекетке барады

Психолог-кеңесші Елена Белокурова Дужновтың бастапқыда адам өлтіруді ойламаған болуы мүмкін екенін айтты.

"Біз шабуыл оның аумағында болғанын білеміз, яғни шабуыл оның мақсаты емес еді. Ол өз кеңістігін қорғауға тырысқан және басқа жол таппаған сияқты. Оның іс-әрекеті – бұл адам өз өмірінің қандай да бір оқиғаларын әділетсіз, заңсыз деп бағалағанда және мәселені шешу жолын көрмегенде туындайтын үмітсіздік", - деді Белокурова.

Үмітсіздік шарасыздық, әлсіздік пен қорқыныш сезімдерінен бұрын пайда болады. Белокурова алматылық өзін тығырыққа тірелгендей сезінгенін, ал мұндай жағдайларда адамның әрекетін болжау мүмкін емес екенін жеткізді.

Банк кредит бермес бұрын (әсіресе үлкен мөлшерде) клиенттің төлем қабілеттілігін мұқият тексеретіні белгілі. Егер ол осы қарызды алса, онда өтеуге мүмкіндігі болды.

"Қазір бүкіл әлемдегі өте күрделі, экономикалық тұрақсыз жағдай болып жатыр. Сонымен қатар пандемия және онымен байланысты шектеулер өмірдің барлық саласына кері әсерін тигізді, демек, бұл адам күрделі проблемаларға тап болған", - деді ол.

Елена Белокурова қазір кез келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін екеніне сенімді. Сондықтан көптеген елде азаматтардың осындай әрекеті мүмкіндігінше аз болуы үшін кредит жүктемесін қалай азайтуға болатыны туралы ойланып жатыр.

"Егер уақытылы шаралар қолданылмаса, онда біздің көптеген азаматымыз өзін тығырыққа тірелгендей сезінуі мүмкін, демек жағдайға байланысты ессіз әрекет етуі мүмкін. Өкінішке қарай, кей адам шешім қабылдайды ал басқалар соның зардабын көреді", - деп толықтырды психолог-кеңесші.

Адам өлтіргеннің бәрі "псих" емес

Клиникалық балалар психологы Жанна Сафиуллинаның айтуынша, адамды өлтіру мен психикалық бұзылыс үнемі бір-бірімен байланысты бола бермейді.

Психолог жеке дағдарыстағы адамдар, көптеген қиын кедергілерге тап болған кезде, қандай да бір қиын жағдайда шешім қабылдау мүмкін болмаған кезде, жасырын депрессиялық күй дамып, суицидтік үрдістер пайда болуы мүмкін деп болжайды. Олар айналадағы адамдар үшін мүлдем көрінбеуі мүмкін, тіпті адамның өзі де біле бермейді.

"Егер адам одан шығудың жолы жоқ деп ойласа, бұл мұндай қылмыстарды тудыратын өте күшті фактор болуы мүмкін. Мен ешқандай жағдайда біреудің жағына шыққым келмейді. Бірақ бұл жағдайда мен әртүрлі жағынан қарауға тырысар едім", - деп кеңес берді Сафиуллина.

Күйзеліс пайда болған қиын өмірлік жағдайда Жанна Сафиуллина көмек сұрауға кеңес береді. Бұл қайғылы жағдайды болдырмауға көмектеседі.

"Мұндай жағдайларда әлеуметтік қолдау қажет. Мұнда тек дәрігерлер немесе психологтар ғана емес, сонымен қатар өте сауатты, жақсы дайындалған әлеуметтік қызметкерлер де көмектеседі. Олар адамды қиын өмірлік жағдайда қолдап, қайғылы жағдай болмас үшін оның туыстарына мамандардың көмегі қажет екеніне назар аудара алады", - дейді психолог.

 

0
Кілт сөздер:
психолог, Алматы, атыс
Тақырып:
Алматыдағы атыс: 5 адам қаза болды
Тақырып бойынша
"Өкінемін, не істегенімді түсінбедім": Алматыда 5 адамды өлтірген адамның соттағы сөзі
"Неге үйіне келіп естіртпеді?": Оққа ұшқан полицейдің туысы жанайқайын жеткізді
"Үйімізді тиынға сатып жіберді": атыс шығарған күдіктінің әйелі оқиғаның мән-жайын айтты
Алматыдағы қанды оқиға: күдікті банкке ғана емес, таныстарына да миллиондап қарыз
Алматыдағы атыс: Тоқаев үкімет пен ұлттық банкке бір ай уақыт берді