Пәтер есігін ашып жатқан әйел

Тек әйелдерге берілетін ипотека: бағдарламаның шарттары белгілі болды

9416
Ипотеканың жеңілдетілген шартына табысы төмен әйелдер ие бола алады. Бастапқы жарна 15-20 процент шамасында болуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша — Sputnik. Жаңа бағдарлама аясындағы әйелдерге арналған ипотеканың бастапқы жарнасы 15-20 процент болады. Қарыз жаңа үйге де, біреудің пәтерін сатып алуға да беріледі.

Ипотека кімге беріледі

Әйелдерге жеңілдетілген шарттармен ипотека беру жоспарланып отыр.

Берілетін кредиттің ең көп сомасы – 30 миллион теңге, деп хабарлады Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.

Бастапқы жарна:

  • 15%, табыс 200 мың теңгеден аз болса  (516 доллар);
  • 20%, табыс 200 мың теңгеден көп болса.

Қарыз бойынша проценттік үстемақы мөлшері белгісіз. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ең жоғары үстемақы - 8,5%.

Банкте ешбір бағдарламаға қатыспай, нарық шарты бойынша кредит алу үшін пәтер құнының тең жартысын жинау керек.

Қолжетімді кредит қанша әйелге беріледі

Бұл кредит төрт мыңға жуық әйелге беріледі деп жоспарланып отыр.

Азия даму банкі "Гендерлік теңдікке тұрғын үйді қаржыландыруда жәрдемдесу" жобасы аясында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 миллиард теңге (100 миллион доллар) кредит береді.

Бағдарламаның мақсаты қандай

Қазақстанда 9,1 миллион әйел бар. Оның 4,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Жартысы отбасын асырап отыр, деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.

"Әйелдер әлі де ерлер алатын жалақының үштен бір бөлігін ғана алады.  Табыстың төмен болуы әйелдерге пәтерге кредит алудың қиынырақ екенін көрсетеді. Сондықтан біз Азия даму банкімен бірлесе отырып, еліміздегі әйелдерге қолдау көрсетуді жөн деп шештік. Азияда мұндай жоба алғаш рет қолға алынып отыр", - деді ол.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кредит алғандардың 60 мыңнан астамы – әйелдер. Олардың 64 проценті астана және Алматы сынды үлкен қалада тұрмайды.

"Сондықтан гендерлік бағдарлама бойынша қарыздың 60%-тен астамы ауыл әйелдеріне беріледі", - деді банктегілер.

Тағы оқыңыз: Банк басшысы 2%-тік ипотека алғысы келетіндерге аса маңызды үш кеңес берді

Бұдан бөлек, Азия даму банкі техникалық көмек ретінде 620 мың доллар көлеміндегі грант береді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы.

Азия даму банкі 1966 жылы құрылған. Қазақстан 1994 жылдан бері Азия даму банкінің мүшесі.

9416
Кілт сөздер:
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, шарттары, бағдарлама, әйел, ипотека
Тақырып бойынша
Қазақстандық мамандар ақша жинаудың қарапайым үш тәсілін айтып берді
Тек әйелдерге беріледі: Қазақстанда жаңа ипотека пайда болды
Ипотеканы атаулы әлеуметтік көмекпен өтеуге бола ма?
Кімдерге зейнетақы жинағын алуға рұқсат берілетіні айтылды
Қазақстандықтардың назарына: баспаналы болудың түрлі жолдары
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын жүрек ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты

6513
(Жаңартылды 16:09 18.06.2021)
Биылғы қазан айына дейін дәрігерлерге төлемақы беруді жалғастыру үшін қосымша 71,5 миллиард теңге бөлінеді, деді президент

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Үкімет дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.

Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын айтты.  

"Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді", – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.

"Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Касым-Жомарт Токаев принял участие в церемонии открытия мемориала Алтын жүрек
Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Сонымен қатар президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.

"Медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады", –  деді мемлекет басшысы.

Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін үкімет белгілейді.

Сонымен қатар президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.  

"Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Касым-Жомарт Токаев принял участие в церемонии открытия мемориала Алтын жүрек
Елордада "Алтын жүрек" ескерткіші ашылды

Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан.  

Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, "Алтын жүрек" ескерткіші орналасқан саябақты "Дәрігерлер аллеясы" деп атауды ұсынды.  

6513
Атырау мұнай өңдеу зауыты

Президент Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды

76
Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар, деді Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды.

"Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Салдарынан мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде, сұйытылған газ  азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді", - деп атап өтті мемлекет басшысы газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте.

Осыған байланысты президент үкіметке сұйытылған газға деген сұраныстың арту перспективасын зерттеп, оны өндірудің қосымша қуат көздерін іздестіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.

"Газ тарату жүйесіне қатысты мәселені жеке қарастыру қажет. Қазіргі уақытта аталған процесс жабық  әрі түсініксіз жағдайда іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына алып келеді. Тиімсіз делдалдарға жол бермеу және нарық бағасын қалыптастыру мақсатында электронды сауда алаңдары енгізілді. Олардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Мемлекеттік органдар мен бизнес жаңа тәртіпте жұмыс істеуге бейімделуі тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа газ өңдеу зауыты салынады

Мемлекет басшысы хабарлағандай, соңғы үш жылда ел бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну деңгейі екі еседен астам өскен.

Атап айтқанда, тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамында сұйытылған газ пайдаланылады.

Өңірдің негізгі газ жеткізушісі Қазақ газ өңдеу зауыты болып табылады. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған.

Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін.

"Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуге тиіс.

76
Архивтегі фото

Вакцина салдырған алматылық ойламаған жерден олжалы болды

0
(Жаңартылды 15:36 19.06.2021)
Алмалы ауданындағы екпе пунктінде "Вакцина сал, сыйлық ұтып ал!" акциясының нәтижесі шығарылды

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Алматыда вакцина салдырған 62 жастағы тұрғын iPhone12 ұтып алды, деп хабарлады Almaty.tv.

Алмалы ауданына қарасты сауда ойын-сауық орталығына күніне 50 шақты азамат екпе алуға келеді. Солардың ішінде ерікті түрде "Вакцина сал, сыйлық ұтып ал!" акциясына қатысқандар бүгін ойынның нәтижесін білді. Кездейсоқ таңдалған жеңімпаздарға бірқатар сыйлық тағайындалған. Ал бас жүлде iPhone12 смартфонның иегері 62 жастағы қала тұрғыны болды.

"Мамырда бірінші ұтыс ойынын өткіздік. 7 маусымнан бастап екіншісін өткізіп жатырмыз, бас жүлде − iPhone12 телефоны", − деді көпсалалы кешеннің бас директоры Жұмабек Артығалиев.

Айта кетейік, ай басында қаладағы "ЦУМ" сауда үйінде вакцина салдырғандардың арасында 5 жүлде ойнатылды: ІРhonе 12 смартфоны, Samsung Galaxy A02 телефоны, "Starbucks" желісінен, "Wendy's" мейрамханасынан сертификаттар, сондай-ақ кәдесыйлар орталығынан сертификаттар берілді. Бас жүлде ІРhonе 12-ні Дарья Сургутанова есімді тұрғын иеленді.

0
Кілт сөздер:
ұтыс, вакцина
Тақырып бойынша
Алматыда бұрын-соңды болмаған ұтыс өтіп жатыр
Атырау облысының әкімі халық арасында екпені тым аз салдырудың себебін айтты
Коронавирус вакцинадан кейін неге жұғады -  дәрігер түсіндірді
Студенттерге вакцина салдыру міндетті ме – Бекшин жауап берді
Вакцина салдырған алматылық ІРhonе 12 ұтып алды