Экономика

"Жаңа қонысыңыз құтты болсын": Назарбаева жаңа министрге сәттілік тіледі

© Sputnik / Абзал КалиевДарига Назарбаева на заседании сената парламента
Дарига Назарбаева на заседании сената парламента - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Таяуда мемлекет басшысының жарлығымен Атырау облысының әкімі болған Нұрлан Ноғаев энергетика министрі лауазымына келді

НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Бүгін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңа қызметте алғаш рет сенаторлардың алдында заң жобасын қорғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша заң жобасы отырыс соңында қаралды. Министрді мінберге шақырған сенат төрайымы Дариға Назарбаева оны жаңа қызметпен құттықтап, сәттілік тіледі.

"Жаңа қонысыңыз құтты болсын! Сәттілік тілейміз!", - деді Назарбаева.

Осыдан кейін Ноғаев заң жобасын таныстыруға кірісті. Оның айтуынша, тұтынушылар үшін мемлекет бекітетін баға газдың өзіндік құнынан едәуір төмен. Бұл газ саласының дамуын тежеп отыр. Ал мемлекеттік реттеуді алып тастаса, газдың бағасы күрт өсіп кетеді.

"Осыған байланысты мұнай-газ химиясын ынталандыру мақстатында осындай жобалар үшін тауарлық газдың бағасын мынадай формула бойынша белгілеу тетігі әзірленді. Газдың жеткізудің өзіндік құны + ұлттық оператордың ең төменгі рентабельдік нормасы, яғни 7 процент", - деді Ноғаев.

Газ конфоркасы - Sputnik Қазақстан
Елорда тынысы
Соттасып жатыр: әкімдік астанаға газ неге әлі тартылмағанын түсіндірді
Бұдан бөлек, заң жобасында маневрлік станцияларды салуға инвестиция тарту үшін ұзақ мерзімді газ бағасын белгілеу қарастырылған.

Мәжіліс депутаттары да бірқатар ұсынысты енгізді. Біріншісі – газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторға кен орындарында көмірсутегін барлау және өндіру функцияларын беру, екіншісі – жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды қағаз нұсқадан электронды жүйеге ауыстыру, үшіншісі – тәуелсіз сараптама операторының қызметін реттеу.

Министрдің сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап көмірсутек шикізаты саласындағы жобалық құжаттарға тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сараптама операторын құру жоспарланып отыр.

Ал сенат төрағасы тағы бір мәселе көтерді. Бүгінде жергілікті әкімдіктер аймақтағы газды жеткізу жұмыстарымен айналысады. Оны жасау үшін тендер өткізіледі. Мердігерлер тартылады. Ал жұмыс сапасыз орындалса, ұлттық оператор газ құбырларын қабылдамай қояды. Соның салдарынан халық газсыз отырады.

"Осы бірталай уақытқа созылған мәселе. Өзіңіз Атыраудан келіп отырсыз. Әкімдіктің жұмысын жақсы білесіз. Қалай ойласыз? Алдағы уақытта газдандыру жұмыстары әкімдікте қалуы керек пе? Жоқ, әлде бұнымен тек ұлттық оператор ғана айналысуы қажет пе?", - деді Назарбаева.

Энергетика министрі алдымен қазіргі тәртіпті түсіндірді. Оған сәйкес, әкімдік газ тартылатын жерлерді анықтайды. Сосын есеп-қисапты министрлікке тапсырады. Соның негізінде ақша бөлінеді. Әкімдік тендер арқылы газ құбырларын салып, ұлттық операторға тапсырады.

"Иә, сіз айтып отырған мәселе бар. Салынған газ құбырларын ұлттық оператордың балансына алу жағынан қиындықтар баршылық. Себебі ол меншікті оператордың балансына берген кезде салық пайда болады. Сол салықты кім төлейді? Мәселе сонда. Біз бұл мәселемен айналысамыз", - деп атап көрсетті Ноғаев.

Алайда Дариға Назарбаева жұмыстың сапасында да мәселе бар екенін ерекше атап өтті. Газ құбыры дұрыс салынбаса, оның жарылу қаупі бар. Сол себепті ұлттық оператор оны қабылдауға асықпай жатады.

Жаңалықтар
0