Жаңа екі жүз теңге

Ұлттық банк мәлімдеме жасады

5897
Қазақстанда базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтап, ішкі нарықты жаңа макроэкономикалық жағдайларға бейімдеу шаралары атқарылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Ұлттық банк тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр. Сонымен қатар қаржы реттеуші базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді жылдық 12% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұлттық банк баға тұрақтылығын ұстап тұру мақсатында 2020 жылдың 10 -13 наурыз аралығында қабылданған бірқатар шұғыл және алдын алу шаралары жайлы баяндады.

"2020 жылдың 10 наурызында базалық мөлшерлеменің 12%-ға дейін көтерілуі нарықтарда дүрбелеңнің таралуына алдын ала әсер етті және нарық агенттерінің стратегиясына дер кезінде түзетулер енгізді, бұл пайда болған инфляциялық тәуекелдерді шектеуге және теңгедегі активтердің құнын қорғауға мүмкіндік берді", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен бірге, пайыздық дәлізді 1,5 п.т. дейін кеңейту банктердің Ұлттық банктен теңгемен қарыз алу құнын 13,5%-ке дейін ұлғайта отырып, нарыққа қатысушылар тарапынан айырбастау бағамына алып-сатарлық қысым көрсету мүмкіндігін шектеуге бағытталды. Ақша нарығындағы мөлшерлемелер пайыздық мөлшерлемелердің жаңартылған дәлізінің жоғарғы шегіне жақындап, 13,48%-ке жетті.  

"Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк жекелеген кезеңдерде жалғыз сатушы бола отырып, валюталық интервенция жүргізді. Атап айтқанда, 2020 жылдың 10 наурызында бағамның негізсіз құбылмалылығын болдырмау үшін валюталық сауда-саттықта франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және айырбастау пункттерінің валюталық операцияларын үйлестірді және мониторинг жүргізді. Бұл өзгерген сыртқы жағдайлардың теңгенің айырбастау бағамына теріс әсерін төмендетуге мүмкіндік берді, ол 2020 жылдың  6-13 наурыз аралығында бір АҚШ доллары үшін 405,62 теңгеге дейін 6,1%-ке төмендеді", - деп түіндірді Ұлттық банк.

16 наурызға валюта бағамы: доллар қаншадан сатылып жатыр

Ұлттық банк жаһандық экономиканың даму перспективаларының айтарлықтай нашарлауын, сұраныстың төмендеуін және әлемдік тауар нарықтарында құбылмалылықтың күшеюін жаңа экономикалық шынайылық ретінде қарастырады. Қалыптасқан жағдайды талдау негізінде Ұлттық банк Brent мұнайы бағасының бір баррелі 60 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейінгі одан әрі серпіні туралы өз пайымын қайта қарады. Бағалардың жаңа деңгейі болжамдық кезеңнің соңына дейін базалық сценарий ретінде қарастырылады. Дамудың сценарийлік нұсқасының нашарлауы инфляцияның 2020 жылы нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне шығу тәуекелін арттырды.

"Қазіргі сәттен бастап жаңа іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр", - делінген хабарламада.

Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет болған жағдайда, сыртқы сектор тарапынан теріс салдарларды тежеу үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал. Ұлттық банк жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыруда және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайларда бағам ауытқуларын реттеу құқығын өзіне қалдырады.

Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұрақтылығын, елдің валюта нарығындағы және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.

Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік және COVID-19 коронавирусының, сауда соғыстарының таралуына, геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты іске асырылған тәуекелдер жағдайында әлемдік экономика айтарлықтай және ұзақ уақытқа баяулайды деп болжануда. 2020 жылы әлемдік ІЖӨ-нің өсу қарқыны 2008 жылғы әлемдік дағдарыс уақытынан бастап нашар көрсеткішке алып келуі мүмкін.

Алдыңғы аптаның басынан бастап әлемдік тауар және қаржы нарықтарында айтарлықтай құбылмалылық байқалуда. Мұнай бағасының серпіні ОПЕК+ келісіміне қатысушылар арасындағы уағдаластықтың болмауына және Ресей мен Сауд Арабиясы арасында өріс алған баға соғысына байланысты оқиғалардың ықпалында болды. 2020 жылдың  9 наурызынан бастап Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары деңгейінде бекітілді. 2020 жылғы 16 наурызда таңертең мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 32,88 АҚШ долларын құрады.

5897
Кілт сөздер:
теңге бағамы, мұнай, Ұлттық банк
Тақырып бойынша
Қазақстанда доллар бағамы бекітілді
Қазақстанда мұнайдың артынан бензин арзандай ма – министрдің жауабы
Ұлттық банк базалық ставканы өсірді
Ұлттық банк валюта айырбастауға тыйым салынады деген ақпаратқа түсініктеме берді
Елде девальвация бола ма - министр жауап берді
Тоқаев Ұлттық банк төрағасын Ақордаға шақырды
Дәрі-дәрмек

Заңсыз айналымнан 230 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді

31
(Жаңартылды 15:52 20.10.2020)
Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін қауіпсіздік кеңесінің аппараты қатаң бақылауға алды

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары COVID-2019 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектерді алып-сатудың және заңсыз айналымға түсірудің жолын кесу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

"Дәріханаларда медикаменттерді қымбат бағада сатуға қатысты 1 мыңға жуық жағдай тіркелді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы дәріханалардың бірінде "Арбидол" дәрісінің бағасы шекті деңгейден екі есе жоғарылатып бекітілген,  2312 теңгенің орнына 5000 теңгеден сатылған", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300-ден астам жағдай анықталды. 

Соның ішінде Жамбыл облысында дәрі-дәрмектерге жалған қауіпсіздік сертификаты жасалған. Сонымен қатар фармацевтикалық қызметке лицензиясы жоқ құны 44 миллион теңге болатын Қырғызстаннан  әкелінген 82 препарат түрін сатуға тосқауыл қойылды. 

"Жалпы заңсыз айналымнан құны 230 миллион теңгеден асатын 10 миллион бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді. Анықталған заңбұзушылық деректер бойынша 3 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1 183 адам әкімшілік жауапқа тартылды", - делінген ақпаратта.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын қою үшін олардың тізімін толықтыру мәселесін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде болатын заңбұзушылықтарды анықтауға қатысты кешенді шаралар жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін Қауіпсіздік кеңесі аппараты қатаң бақылауға алған.

31
Кілт сөздер:
миллион теңге, дәрі-дәрмек
Тақырып бойынша
Баяғы жартас – сол жартас: коронавирусқа қарсы тегін дәрілер қайда кетті?
"Малды дәрімен семіртеді" - отандық ғалым ет жемеуге кеңес берді
Ғалымдар коронавирусқа қарсы дәрінің өлімге әкеп соғатын қаупін анықтады
Коронавирусты емдейтін алғашқы дәрі жасалды
Вице-министр коронавирустың екінші толқынында кімдерге тегін дәрі берілетінін айтты
мұнай өндіру, фото

Тақтатас мұнайына салынатын инвестиция мөлшері төмендеді

54
Мұнай бағасының құлдырауы, үлкен қарыз және қаржыландырудың жетіспеуі салдарынан АҚШ-тың тақтатас өнеркәсібінде банкроттық белең алды. Ірі ойыншыларға пандемия ауыр соққы болды. Бірақ жағдай бұдан да күрделене түсуі мүмкін

Себебі алдағы уақытта осы салаға салынатын инвестициялар көлемінің екі есеге дейін құлдырау қаупі бар. Бұл қиындықтан көп компания құтыла қоймасы анық, деп жазады РИА Новости.

Төмен бағалар

Мұнай бағасының көктем кезіндегі құлдырауы ең алдымен, АҚШ-тағы бұрғылау жұмыстарын күрт әлсіретті. Шикізат 50%-ке арзандады. Техас бұған мүлдем дайын болмады. Нәтижесінде Parsley Energy 150 мұнай ұңғымасын жауып тастады, Continental Resources өз өндірісін үштен бірге қысқартты, Texland Petroleum - толығымен.

Сәуірде тақтатас өндірушілердің бірі – Whiting Petroleum, артынша қызмет көрсететін Hornbeck Offshore Services компаниясы банкротқа ұшырады. Мамыр айында инвесторларға өз қызметін тоқтатынын калифорниялық California Resources және тақтатас алыбы Chesapeake Energy мәлімдеді. Сарапшылар бұл банкроттық толқынның тек бастамасы екенін, көп ұзамай жағдай бүкіл саланы толығымен қамтитынын ескертті. Pickering Energy Partnersтің болжамынша, осы жылы сектордағы компаниялардың 40%-ке жуығы күйреуі мүмкін.

Қазіргі баға әлі күнге дейін тақтатас өндірушілердің пайда табуына мүмкіндік бермей отыр. Олардың өндіріс құны бір баррельге 50-60 долларды құрайды. Қырық мүлдем жеткіліксіз. Бұл сала инвесторлар үшін де барған сайын тартымсыз бола бастады. Демек, шеңбер тұйықталып келеді: ал ағысқа қарсы тұру үшін ақша керек, бірақ қазіргі жағдайда сенім артатын ешкім жоқ.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) бағалауынша, тақтатас өндірісіне салынатын инвестиция биыл екі еседен астам төмендеп, 45 миллиард долларға жетеді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 100 миллиардқа жуықтаған еді.

World Energy Outlook ХЭА-ның баяндамасында ең жоғарғы көрсеткіш 2014 жылы, яғни 125 миллиард болғандығы айтылған. Бұл онжылдықта 30 пайызға аз болады деп болжануда - жылына шамамен 85 миллиард.

Rystad Energy халықаралық консалтингтік агенттіктің болжамынша, биыл 67 миллиард шамасында болады.

Қарызға белшесінен батты

Инвесторлар тақтатас өндірушілерге тек бүгін ғана салқын қабақ танытып отырмағанын айту керек. 2018 жылдың соңында көптеген компания инвестициялардың жетіспеуіне байланысты өз бюджетін миллиардтаған қаржыға дейін қысқартуға мәжбүр болды. Мұның себебі қарапайым, яғни кіріс жоқ.

АҚШ-тың әлемдегі ең ірі мұнай өндірушісіне айналуы - тақтатас өндірушілердің еңбегі. Алайда, олар үнемі жаңа ұңғымаларды бұрғылап отыруы керек, өйткені өндіріс аймақтары тез сарқылатыны анық. Олай болмаса, еріксіз қарызға батуға тура келеді.

Тақтатас "онжылдығының" нәтижелеріне сүйене отырып, инвесторлар бұл бизнестің әлі де үлкен кірістен алыс екенін түсінді, компаниялар мұнай өндіргеніне қарамастан, әлі де шығынға ұшырап жатыр, олар барған сайын қаражат жетіспеушілігін көп қарыз алу есебінен толтыруда. Он жыл ішінде осы саланың ең үздік деп танылған 40 жетекші өкілі тапқан кірісімен салыстырғанда, 200 миллиардқа жуық артық қаражат жұмсаған.

Тек кейбіреулері ғана өздерінің пайда табуға қабілетті екендіктерін дәлелдеді, дейді сарапшылар. Тақтатас кен орындарындағы мыңдаған ұңғымалар шикізатты инвесторларға уәде етілгеннен әлдеқайда аз шығаруда. Нәтижесінде компаниялардың акциялары сатылуда. Мұндай күрделі жағдайды ойыншылардың өздері де байқап отыр. "Өнеркәсіп соңғы онжылдықта инвесторлардың сенімділігін мүлдем жойды", - деді елдегі төртінші ірі мұнай өндірушісі саналатын америкалық "Marathon Oil" мұнай-газ компаниясының бас директоры Ли Тилман.

2007 жылдан бастап АҚШ-тағы тақтатас акцияларының индексі 31 пайызын жоғалтты, ал S&P 500 80 пайызға өсті.

Лас құпия

ХЭА жыл соңына дейін әлемдік мұнай жеткізілімдерінің қысқаруына ең көп үлес қосатын ел АҚШ болады деген болжам жасап отыр. АҚШ-тың жеті негізгі тақтатас бассейндеріндегі - Перм, Игл- Форд, Баккен, Ниобром, Анадарк, Аппалачин және Хейнсвилль бассейндеріндегі өндіріс көлемі тәулігіне 7,632 миллион баррельге дейін төмендейді. Оның ішінде тақтатас өндірісінің жартысынан көбін құрайтын Перм бассейнінде 4,5 миллионға дейін, Игл-Фордта 1,3 миллионға дейін азаяды. 

Бір қызығы, бүкіл америкалық мұнай өнеркәсібі арқа сүйеп отырған технологияның өзі оны жарқын болашағынан айырып отыр. Саланың жетекші инвесторларының бірінің айтуынша, өндіріс қабатының гидроажырауы елдің көмірсутегі қорын едәуір мөлшерге азайтқан. Бұл АҚШ-тың мұнай өндірісі мен энергетикалық тәуелсіздігінің қайта қалпына келуіне деген үмітті сөндіріп отыр.

Портфельдік-компаниялары ExxonMobil ірі бұрғылаушысынан сәл ғана аз өнім шығаратын Quantum Energy Partners жеке меншік инвестициялық компаниясының басшысы Уил Ванлох қабаттың гидроажырауы "Солтүстік Америкадағы қорлардың көп бөлігін жойғанын" мойындады.

"Бұл тақтатастың лас құпиясы. Ұңғымалар бір-біріне тым жақын бұрғыланады. Соңғы бес жыл ішінде біз тек қана жер қойнауын босатумен ғана айналысып келдік", - деді Ванлох Financial Times басылымына.

Әрі қарай не болады

Financial Times газетінің хабарлауынша, бірінші тоқсанда тақтатастың ірі тәуелсіз компаниялары 26 миллиард доллар болатын рекордтық жиынтық шығынды тіркеді. Біз банкротқа ұшырауға дайын болуымыз керек, деп атап көрсетті газет.

Бұл 2016 жылғы мұнай дағдарысы кезіндегіден де күрделі болады. Ол кезде 70 компания қаржылық төлем қабілетсіздігі туралы арыз жазды, бірақ төлем қабілетсіздігі аз мөлшерде болған еді және олар жалпы сомасы 56 миллиард доллар болатын қарызды қалдырып кетті. Енді алыптар біртіндеп құлдырай бастады. Маусым айында тағы бір ірі тақтатас өндіруші - Extract Oil & Gas ойыннан шығып кетті.

"Haynes and Boone" заң фирмасының берген мәліметтері бойынша, жылдың сегіз айында 51 миллиардқа жуық қарызы бар 36 фирма өзін банкрот деп жариялады. Ал ірі 25 компанияның жалпы жиынтық қарызы 150 миллиард долларды құрады.

"Нарық банкроттық пен қайта құрылымдауды күтіп отыр", - деген көңіл көншітпейтін қорытынды жасады KPMG рейтингтік агенттігінің энергетика бөлімінің бастығы Регина Мэр. Сарапшылар егер мұнай бағасы қажетті деңгей көтерілмесе, келесі жылдың аяғында 250 компания банкрот болады деп болжам жасап отыр.

Алайда пандемия қайтадан қарқын ала бастады. Ал бұл тиісті бағаны белгілейтін энергия тасымалдаушыларына деген сұраныстың төмендейтінін көрсетеді. Бірақ Deloitte консалтингтік-аудиторлық компаниясының жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тың тақтатас өндірушілерінің шамамен үштен бір бөлігі қазірдің өзінде төлемге қабілетсіз болып отыр.

54
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды

2
(Жаңартылды 08:45 21.10.2020)
Мемлекет басшысы парламент мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлықта мәжіліс сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында, ал мәжіліс депутаттығына Қазақстан халқы ассамблеясының сайлауы 11 қаңтарда өтеді деп көрсетілген, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы қол қойған жарлықпен парламент мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау мен орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу мерзімі бекітілген.

"Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды", – делінген президент жарлығында.

Сонымен қатар, құжатта орталық сайлау комиссиясы мен бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізетіндігі атап көрсетілген.

Сондай-ақ, жарияланған жарлықта жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданғаны үш сатыда нақтыланған.

Бірінші. "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға және "Қазақстан Республикасы парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді парламент мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ, бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, парламент мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.

Екінші. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңда және "Саяси партиялар туралы" заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады, деп атап көрсетілген президент жарлығында.

Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

2
Кілт сөздер:
сайлау, депутат, парламент
Тақырып бойынша
Сарапшылар ауыл әкімін сайлау кезінде қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін айтты
Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасына тапсырма берді
Мәжіліс сайлауы: Назарбаев дайындықты бастауды тапсырды
Мәжіліс сайлауы өтетін күнді кім және қалай белгілейді
Мәжіліс сайлауы қашан өтеді