Мұнай кен орны

Мұнайдың қымбаттауы теңге бағамына қалай әсер етті

1262
(Жаңартылды 13:20 05.05.2020)
1 мамырдан бастап ОПЕК+ келісімі күшіне енген болатын. Оған сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндіру көлемін күніне 9,7 миллион баррельге қысқартады

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Қазақстандық қор биржасында кезекті сауда-саттық өтті. Оның қорытындысы бойынша бір доллар 423,92 теңге болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кеткен жөн, өткен демалыс күндері доллардың бағамы 424,57 теңге болған. Қазақстандық қор биржасының кешегі сауда-саттығында ұлттық валюта құнсызданып, 425,41 теңгеге дейін жеткен. Ал бүгінгі сауда кезінде теңге біршама күшейді. Бір доллар 423,92 теңгеге саудаланды. 

4 мамырдан бастап Қазақстанда ақша айырбастау пунктері ашылған болатын. Kurs.kz сайтының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде астанада доллар 426-429 теңгеден сатылып жатыр. Ал шетелдік валютаны сатып алу бағамы – 424,5-425,2 теңге. Алматыда да сондай баға.

Айта кетейік, 1 мамырдан бастап ОПЕК+ келісімі күшіне енген болатын. Оған сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндіру көлемін күніне 9,7 миллион баррельге қысқартады. Келесі жылға дейін осы көрсеткіш біртіндеп төмендейді. Қазақстан да келісімге қосылып, күніне 390 мың баррельге аз мұнай өндіруге келісті. Бүгінде Brent маркалы мұнайдың бағасы 28 доллардан асты.

Сейсенбі күні Egemen Qazaqstan газетінде президенттің сұхбаты шықты. Мемлекет басшысы доллар тапшылығын болдырмау шаралары туралы айтып берді. 

Президент квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырғанын айтты. Сондай-ақ, шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. 

Тағы оқыңыз: Президент теңге бағамы туралы ойын айтты

Еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні де жағдайды қиындатып отыр. Тоқаев ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанатынын атап өтті. Құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады деп ескертті.

 

1262
Кілт сөздер:
доллар, теңге, мұнай
Тақырып бойынша
Қазақстанда банк салымшыларына қауіп жоқ – Тоқаев
Мұнай дағдарысынан кейін газ нарығы қалай өзгереді?
Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіруді қысқартуды бастайды
Барреліне бір мың доллар: мұнай дағдарысы қалай аяқталады?
Монета

"Бюджетке 2 триллион түседі": экономист президенттің шұғыл тапсырмасын түсіндірді

1777
(Жаңартылды 20:17 26.01.2021)
Сарапшы қыруар қаржыны көлеңкеден шығарудың арқасында ұлттық қордың ақшасын сақтап, оны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндік бар деп есептейді

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа уақыттың ішінде экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды. Себебі ішкі жалпы өнімнің үштен бірі, ал Дүниежүзі банкінің мәліметі бойынша 40 проценті көлеңкеде қалып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық мемлекет басшының осы тапсырманы не себепті шұғыл түрде шешуді тапсырғанын түсіндірді.

"Бір-екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 27 процент болған. Қазір ресми түрде 30 процент деп жатыр. Ол шамамен 23 триллион теңгеден асып жығылады. Бірақ сарапшылардың көбісі көлеңкеде жүрген ақшаның көлемі одан да көп дейді. Бұл – өте көп ақша. Ал ресми түрде айтылған ақшаның өзін заңдастыратын болса, онда 10 проценттік салықпен бюджетке кем дегенде 2 триллион түседі. Ол дегеніміз, ұлттық қордан ешқандай аударым жасаудың қажеті жоқ", - дейді Халық. 

Сарапшының айтуынша, қыруар қаржыны көлеңкеден шығарудың арқасында ұлттық қордың ақшасын сақтап, оны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндік бар. Оған қоса, сырттан қарыз алуға деген сұраныс та азаяды. Экономиканы көтеріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге болады.

"Ал ұлттық қорды іске қосатын болсақ, онда шын мәнінде халықтың біраз әлеуметтік мәселесін шешуге жол ашылады. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік бар. Сондықтан президенттің бұл бастамасы өте орынды", - деп атап өтті Халық.

Осы орайда экономист жаңа агенттіктің тікелей президентке бағынғанын да қолдап отыр. Айта кеткен жөн, қазіргі кезде экономикалық қылмыстармен қаржы министрлігінің құрамындағы қаржы мониторингі комитетіне кіретін экономикалық тергеулер қызметі айналысады.

"Меніңше, экономикалық тергеулер қызметін алып тастап, осы жұмысты бөлек бір агенттік ретінде ұйымдастырған дұрыс. Оған ешкім ықпал ете алмайтындай болуы керек. Ондай мекеме тікелей президентке бағынуы тиіс. Сонда ғана жұмыста ашықтық болады", - дейді Халық.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа агенттік құрылады 

Үкіметтің бүгінгі отырысында мемлекет басшысы өткен жылы салық және кеден түсімдерінің күрт азайғанын айтты. Әсіресе, кедендік төлемдер күрт төмендеген. Мәселен, Қытаймен арадағы шекараның өзінде тауарды дұрыс рәсімдемеудің 50 мың фактісі анықталды. Ал Қазақстанға кірген және Қытайдан шыққан тауарлардың есебін салыстырғанда 5 миллиард доллардың айырмашылығы шығып тұр. Экономист Мақсат Халық та осы мәселеге баса назар аударды.

"Бұны қаржы министрі бір-екі жыл бұрын айтқан. Бірақ ол кезде Қорғастағы айырмашылықтың көлемі 7 миллиард доллар болды. Сонда бізге Қытайдан біраз тауар кіреді, бірақ контрабандамен салығы төленбей, сан алуан жолдармен жан-жаққа таралып кетеді. Демек, қыруар қаржы көлеңкеде қалып отыр", - деп толықтырды Халық.

Сарапшы салықтық жүктемені төмендету арқылы көлеңкелі экономиканы азайтуға болатынын да еске салды. Себебі салықтың мөлшері төмен болса, кәсіпкерлер төлем жасаудан қашпайды.

1777
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, экономика
Тақырып бойынша
Тоқаев Қызылорда облысындағы жағдай туралы: өте шұғыл мәселе
Зейнетақы жинағын пайдалану: 30 мыңнан аса қазақстандық өтінім беріп үлгерді
Мамин биыл кімдердің жалақысы өсетінін айтты
Мемлекет басшысы қарашаға дейін Жер кодексіне түзету енгізуді тапсырды
Құжатқа қол қою

Қазақстанда жаңа агенттік құрылады

89
(Жаңартылды 13:47 26.01.2021)
Президент үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекет шекарасында заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Жалған кәсіпорындар мен қасақана салық төлемейтіндермен жұмысты жүйелі түрде күшейту керек. Оң динамиканы сақтау үшін аталған бөлімшенің мәртебесін көтеріп, қысқа мерзім ішінде президент жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құру қажет", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Abishev Analytics Telegram-каналы "президент жанынан" деген сөз Агенттік парламентке де, Қауіпсіздік кеңесіне де бағынбайтынын білдіруі мүмкін деп жазды.

Бұдан бөлек, президент үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекет шекарасында заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

 

89
Кілт сөздер:
экономика, Қазақстан
Тақырып бойынша
Облыс әкімі президенттен сөз естіді
Денсаулық министрі Тоқаевқа қандай жағдайда карантин қатаңдатылатынын айтты
Тоқаев Қызылорда облысындағы жағдай туралы: өте шұғыл мәселе
Тоқаев өзінің қандай тапсырмасы әлі күнге дейін орындалмағанын айтты
Мемлекет басшысы қарашаға дейін Жер кодексіне түзету енгізуді тапсырды
Адамдар

Қазақстанда 28 қаңтарда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 28-29 қаңтар аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

28 ҚАҢТАРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

10.00 – Сенаттың жалпы отырысы. Тікелей эфир www.parlam.kz сайтында көрсетіледі.

12.00 – "Холокост: уничтожение, освобождение, спасение" халықаралық онлайн-конференциясы өтеді. Шараға "Холокост" орталығының мамандары (Мәскеу қ.), Қазақстан, Ресей, Беларуссия, басқа елдердің мектеп оқушылары мен мұғалімдері, сонымен қатар бірқатар қызметкерлер Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер қатысады. Осы күні Израильдің Қазақстандағы елшілігі UNICEF-пен бірге және Қазақстандағы Россотрудничество кеңсесінің қолдауымен #AnneFrank пен #WeRemember челленджін өткізеді. Акцияға қатысушыларға kitap.kz сайтына "Дневника Анны Франк" үзінділері қазақ тілінде оқып, бейнеролик түсіруге шақырамыз. Орыс тілінде немесе кез-келген басқа тілде оқуға да болады. Челленджге қатысу үшін кез-келген әлеуметтік желіге #AnneFrank және #WeRemember хэштегімен, сондай-ақ акция ұйымдастырушыларының көрсетілімімен: @israel_in_kazakhstan @unicefkazakhstan @nlinkazakhstan @steppeworld желілерінде пост жариялау керек.

14.00 – Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) "ЕАЭО ұлттық валюталарының халықаралық есеп айырысудағы рөлін арттыру" тақырыбында аналитикалық есебінің тұсаукесерін өткізеді. Тұсаукесер analytics.eabr.org платформасында онлайн режимде өтеді. Спикерлер: Евгений Винокуров – Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі; Наталья Лаврова – Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының жобалар блогының макроэкономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы. Сұрақтарды алдын ала pressa@eabr.org электронды мекен-жайына жолдауға немесе шара барысында қоюға болады.

Алматы

18.30 – "Адам зат" спектаклі (Ғабит Мүсірепов атындағы театр, Абылай хан даңғылы, 38).

18.30 – "Көрсар" спектаклі (Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Қабанбай батыр көшесі, 110).

29 ҚАҢТАРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

13.00 – "Жыл 12 ай" спектаклі ("Жастар" театры, Есенберлин көшесі, 10).

14.00 – "Арыстан патша" спектаклі (Қуыршақ театры, Республика даңғылы, 3).

19.00 – "VIVAT, AMADEUS!" концерті ("Астана Опера", Камералық зал, Қонаев көшесі, 1).

19.30 – "Щелкунчик" спектаклі, Мариинский театрының солистері Оксана Скорик пен Евгений Коновалов өнер көрсетеді (Астана Балет театры, Ұлы Дала даңғылы, 9).

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан іс-шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0
Кілт сөздер:
Қазақстан, оқиғалар