Әлихан Смайылов

Смайылов 5,9 трлн теңге қалай жұмсалатынын айтты

407
(Жаңартылды 15:59 12.05.2020)
Бұл қаржының 3,4 триллион теңгесі – республикалық бюджеттен, ал 2,5 триллион теңгесі бюджеттен тыс көздерден қарастырылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 триллион теңге бағытталады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов қомақты қаражат қалай жұмсалатынын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға 5,9 триллион теңге бағыттайды", - деді Смайылов үкімет үйінде өткен онлайн брифингте. 

Бұл қаржының 3,4 триллион теңгесі – республикалық бюджеттен, ал 2,5 триллион теңгесі бюджеттен тыс көздерден қарастырылып отыр. 

"Шығындар, негізінен, халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, ай сайынғы кірісті жоғалтуына байланысты төлемдерге, әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй құрылысына және президенттің басқа да тапсырмаларын орындауға бағытталған", - деді қаржы министрі. 

Атап айтқанда, Жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыруға 1 триллион теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 300 миллиард теңге, бюджеттен тыс қаражат – 700 миллиард теңге. Осы ақша аясында өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, 255 мың жұмыс орны ашылады. 

Сонымен қатар, айналым капиталын жылдық 8%-пен жеңілдікпен несиелеу және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жылдық 6%-пен несиелеуді ұлғайту бойынша бюджеттен тыс көздерден 1 триллион теңге қарастырылған. 

"4,5 миллион адам екі ай ішінде 42,5 мың теңге төлем алып жатыр. Бұл мақсатқа мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 370 миллиард теңге көзделген", - деді вице-премьер. 

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын 15 миллион шаршы метрге жеткізу үшін бюджеттен тыс көздерден қосымша 390 миллиард теңге тартылады. 

Тағы оқыңыз: "Жалған ақпарат": министр 13,5 млрд доллар туралы жазған блогерлерге жауап берді

"Республикалық бюджеттің салық кірістерінің төмендеуін өтеуге және мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауға 1,7 триллион теңге бөлінеді", - деді ол.  

Шағын және орта бизнес субъектілері мен ірі бизнес өкілдерінің еңбекақы төлеу бойынша салықтар мен алымдардан босатылуына байланысты жергілікті бюджеттердің шығынын өтеуге 237 миллиард теңге жұмсалады. 

313 миллиард теңге әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек) 10%-ке дейін индексациялауға, стипендия мөлшерін арттыруға және тұрғындардың коммуналдық қызмет ақысын төлеуге бағытталады. 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, "Еңбек", "Бизнестің жол картасы – 2025", "Ауыл – ел бесігі" бағдарламаларын кеңейтуге 240 миллиард теңге қарастырылып отыр. 

Эпидемияға қарсы іс-шараларға 125 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде медициналық және басқа қызметкерлерге үстемеақы төлеу, тұрмысы төмен азаматтарды азық-түлік пен тұрмыстық заттар жинағымен қамтамасыз ету көзделген. 

Бұдан бөлек, азаматтар мен экономиканы қолдауға, оның ішінде президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 575 миллиард теңге бағытталған.

407
Кілт сөздер:
теңге, Әлихан Смайылов
Тақырып бойынша
Үкімет келесі жылы мұнайдан түсетін табысқа иек артпайды – вице-премьер 
"Көкіректі қашанғы қаға береміз": Бесбаев қазіргі қоғам жайлы ойымен бөлісті
Төтенше жағдай аяқталды: министр 42 500 теңгеге өтініш беру туралы айтты
3 проценттік қолжетімді кредит: президент жаңа қор құруды ұсынды
Төтенше жағдай салдары: министрлік жұмыссыздыққа қатысты болжамын бөлісті 
Дәрі-дәрмек

Заңсыз айналымнан 230 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді

31
(Жаңартылды 15:52 20.10.2020)
Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін қауіпсіздік кеңесінің аппараты қатаң бақылауға алды

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары COVID-2019 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектерді алып-сатудың және заңсыз айналымға түсірудің жолын кесу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

"Дәріханаларда медикаменттерді қымбат бағада сатуға қатысты 1 мыңға жуық жағдай тіркелді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы дәріханалардың бірінде "Арбидол" дәрісінің бағасы шекті деңгейден екі есе жоғарылатып бекітілген,  2312 теңгенің орнына 5000 теңгеден сатылған", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300-ден астам жағдай анықталды. 

Соның ішінде Жамбыл облысында дәрі-дәрмектерге жалған қауіпсіздік сертификаты жасалған. Сонымен қатар фармацевтикалық қызметке лицензиясы жоқ құны 44 миллион теңге болатын Қырғызстаннан  әкелінген 82 препарат түрін сатуға тосқауыл қойылды. 

"Жалпы заңсыз айналымнан құны 230 миллион теңгеден асатын 10 миллион бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді. Анықталған заңбұзушылық деректер бойынша 3 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1 183 адам әкімшілік жауапқа тартылды", - делінген ақпаратта.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын қою үшін олардың тізімін толықтыру мәселесін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде болатын заңбұзушылықтарды анықтауға қатысты кешенді шаралар жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін Қауіпсіздік кеңесі аппараты қатаң бақылауға алған.

31
Кілт сөздер:
миллион теңге, дәрі-дәрмек
Тақырып бойынша
Баяғы жартас – сол жартас: коронавирусқа қарсы тегін дәрілер қайда кетті?
"Малды дәрімен семіртеді" - отандық ғалым ет жемеуге кеңес берді
Ғалымдар коронавирусқа қарсы дәрінің өлімге әкеп соғатын қаупін анықтады
Коронавирусты емдейтін алғашқы дәрі жасалды
Вице-министр коронавирустың екінші толқынында кімдерге тегін дәрі берілетінін айтты
мұнай өндіру, фото

Тақтатас мұнайына салынатын инвестиция мөлшері төмендеді

54
Мұнай бағасының құлдырауы, үлкен қарыз және қаржыландырудың жетіспеуі салдарынан АҚШ-тың тақтатас өнеркәсібінде банкроттық белең алды. Ірі ойыншыларға пандемия ауыр соққы болды. Бірақ жағдай бұдан да күрделене түсуі мүмкін

Себебі алдағы уақытта осы салаға салынатын инвестициялар көлемінің екі есеге дейін құлдырау қаупі бар. Бұл қиындықтан көп компания құтыла қоймасы анық, деп жазады РИА Новости.

Төмен бағалар

Мұнай бағасының көктем кезіндегі құлдырауы ең алдымен, АҚШ-тағы бұрғылау жұмыстарын күрт әлсіретті. Шикізат 50%-ке арзандады. Техас бұған мүлдем дайын болмады. Нәтижесінде Parsley Energy 150 мұнай ұңғымасын жауып тастады, Continental Resources өз өндірісін үштен бірге қысқартты, Texland Petroleum - толығымен.

Сәуірде тақтатас өндірушілердің бірі – Whiting Petroleum, артынша қызмет көрсететін Hornbeck Offshore Services компаниясы банкротқа ұшырады. Мамыр айында инвесторларға өз қызметін тоқтатынын калифорниялық California Resources және тақтатас алыбы Chesapeake Energy мәлімдеді. Сарапшылар бұл банкроттық толқынның тек бастамасы екенін, көп ұзамай жағдай бүкіл саланы толығымен қамтитынын ескертті. Pickering Energy Partnersтің болжамынша, осы жылы сектордағы компаниялардың 40%-ке жуығы күйреуі мүмкін.

Қазіргі баға әлі күнге дейін тақтатас өндірушілердің пайда табуына мүмкіндік бермей отыр. Олардың өндіріс құны бір баррельге 50-60 долларды құрайды. Қырық мүлдем жеткіліксіз. Бұл сала инвесторлар үшін де барған сайын тартымсыз бола бастады. Демек, шеңбер тұйықталып келеді: ал ағысқа қарсы тұру үшін ақша керек, бірақ қазіргі жағдайда сенім артатын ешкім жоқ.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) бағалауынша, тақтатас өндірісіне салынатын инвестиция биыл екі еседен астам төмендеп, 45 миллиард долларға жетеді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 100 миллиардқа жуықтаған еді.

World Energy Outlook ХЭА-ның баяндамасында ең жоғарғы көрсеткіш 2014 жылы, яғни 125 миллиард болғандығы айтылған. Бұл онжылдықта 30 пайызға аз болады деп болжануда - жылына шамамен 85 миллиард.

Rystad Energy халықаралық консалтингтік агенттіктің болжамынша, биыл 67 миллиард шамасында болады.

Қарызға белшесінен батты

Инвесторлар тақтатас өндірушілерге тек бүгін ғана салқын қабақ танытып отырмағанын айту керек. 2018 жылдың соңында көптеген компания инвестициялардың жетіспеуіне байланысты өз бюджетін миллиардтаған қаржыға дейін қысқартуға мәжбүр болды. Мұның себебі қарапайым, яғни кіріс жоқ.

АҚШ-тың әлемдегі ең ірі мұнай өндірушісіне айналуы - тақтатас өндірушілердің еңбегі. Алайда, олар үнемі жаңа ұңғымаларды бұрғылап отыруы керек, өйткені өндіріс аймақтары тез сарқылатыны анық. Олай болмаса, еріксіз қарызға батуға тура келеді.

Тақтатас "онжылдығының" нәтижелеріне сүйене отырып, инвесторлар бұл бизнестің әлі де үлкен кірістен алыс екенін түсінді, компаниялар мұнай өндіргеніне қарамастан, әлі де шығынға ұшырап жатыр, олар барған сайын қаражат жетіспеушілігін көп қарыз алу есебінен толтыруда. Он жыл ішінде осы саланың ең үздік деп танылған 40 жетекші өкілі тапқан кірісімен салыстырғанда, 200 миллиардқа жуық артық қаражат жұмсаған.

Тек кейбіреулері ғана өздерінің пайда табуға қабілетті екендіктерін дәлелдеді, дейді сарапшылар. Тақтатас кен орындарындағы мыңдаған ұңғымалар шикізатты инвесторларға уәде етілгеннен әлдеқайда аз шығаруда. Нәтижесінде компаниялардың акциялары сатылуда. Мұндай күрделі жағдайды ойыншылардың өздері де байқап отыр. "Өнеркәсіп соңғы онжылдықта инвесторлардың сенімділігін мүлдем жойды", - деді елдегі төртінші ірі мұнай өндірушісі саналатын америкалық "Marathon Oil" мұнай-газ компаниясының бас директоры Ли Тилман.

2007 жылдан бастап АҚШ-тағы тақтатас акцияларының индексі 31 пайызын жоғалтты, ал S&P 500 80 пайызға өсті.

Лас құпия

ХЭА жыл соңына дейін әлемдік мұнай жеткізілімдерінің қысқаруына ең көп үлес қосатын ел АҚШ болады деген болжам жасап отыр. АҚШ-тың жеті негізгі тақтатас бассейндеріндегі - Перм, Игл- Форд, Баккен, Ниобром, Анадарк, Аппалачин және Хейнсвилль бассейндеріндегі өндіріс көлемі тәулігіне 7,632 миллион баррельге дейін төмендейді. Оның ішінде тақтатас өндірісінің жартысынан көбін құрайтын Перм бассейнінде 4,5 миллионға дейін, Игл-Фордта 1,3 миллионға дейін азаяды. 

Бір қызығы, бүкіл америкалық мұнай өнеркәсібі арқа сүйеп отырған технологияның өзі оны жарқын болашағынан айырып отыр. Саланың жетекші инвесторларының бірінің айтуынша, өндіріс қабатының гидроажырауы елдің көмірсутегі қорын едәуір мөлшерге азайтқан. Бұл АҚШ-тың мұнай өндірісі мен энергетикалық тәуелсіздігінің қайта қалпына келуіне деген үмітті сөндіріп отыр.

Портфельдік-компаниялары ExxonMobil ірі бұрғылаушысынан сәл ғана аз өнім шығаратын Quantum Energy Partners жеке меншік инвестициялық компаниясының басшысы Уил Ванлох қабаттың гидроажырауы "Солтүстік Америкадағы қорлардың көп бөлігін жойғанын" мойындады.

"Бұл тақтатастың лас құпиясы. Ұңғымалар бір-біріне тым жақын бұрғыланады. Соңғы бес жыл ішінде біз тек қана жер қойнауын босатумен ғана айналысып келдік", - деді Ванлох Financial Times басылымына.

Әрі қарай не болады

Financial Times газетінің хабарлауынша, бірінші тоқсанда тақтатастың ірі тәуелсіз компаниялары 26 миллиард доллар болатын рекордтық жиынтық шығынды тіркеді. Біз банкротқа ұшырауға дайын болуымыз керек, деп атап көрсетті газет.

Бұл 2016 жылғы мұнай дағдарысы кезіндегіден де күрделі болады. Ол кезде 70 компания қаржылық төлем қабілетсіздігі туралы арыз жазды, бірақ төлем қабілетсіздігі аз мөлшерде болған еді және олар жалпы сомасы 56 миллиард доллар болатын қарызды қалдырып кетті. Енді алыптар біртіндеп құлдырай бастады. Маусым айында тағы бір ірі тақтатас өндіруші - Extract Oil & Gas ойыннан шығып кетті.

"Haynes and Boone" заң фирмасының берген мәліметтері бойынша, жылдың сегіз айында 51 миллиардқа жуық қарызы бар 36 фирма өзін банкрот деп жариялады. Ал ірі 25 компанияның жалпы жиынтық қарызы 150 миллиард долларды құрады.

"Нарық банкроттық пен қайта құрылымдауды күтіп отыр", - деген көңіл көншітпейтін қорытынды жасады KPMG рейтингтік агенттігінің энергетика бөлімінің бастығы Регина Мэр. Сарапшылар егер мұнай бағасы қажетті деңгей көтерілмесе, келесі жылдың аяғында 250 компания банкрот болады деп болжам жасап отыр.

Алайда пандемия қайтадан қарқын ала бастады. Ал бұл тиісті бағаны белгілейтін энергия тасымалдаушыларына деген сұраныстың төмендейтінін көрсетеді. Бірақ Deloitte консалтингтік-аудиторлық компаниясының жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тың тақтатас өндірушілерінің шамамен үштен бір бөлігі қазірдің өзінде төлемге қабілетсіз болып отыр.

54
Блок бекет

Қарағанды облысының бір ауылы карантинге жабылды

0
Карантиннің енгізілуіне ауылға инфекция жұқтырған адамның келуі себеп болды. Енді тұрғындарға себепсіз көшеге шығуға болмайды

АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Қарағанды облысының Центральный ауылы карантинге жабылды. Облыс әкімдігі санитарлық шараның қатаңдатылуын ауылға коронавирус инфекциясын жұқтырған адамның келуімен байланыстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Омбыдан келген қонақ коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсырды. Нәтижесінде инфекцияның бар екені анықталды. Ол кісімен байланыста болғандар да ауырып қалған. Бұхар Жырау ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантинге алынған аймақтың шыға берісіне блок бекеттер қойылды. Енді бұл аймаққа кіріп-шығуға тыйым салынды", - делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, ауыл тұрғындары карантин шараларын сақтауға міндетті. Үйден тек жұмысқа, жақын маңдағы дүкен немесе дәріханаға баруына болады.

Әкімдіктің хабарлауынша, карантин инфекция жұқтырған науқастардың барлығы жазылғанша жалғасады. Шектеулерді алып тастау бойынша ақпарат қосымша хабарланады.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарында карантиндік шектеулер енгізілген болатын.

0
Кілт сөздер:
карантин
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы