Экономика

ЕАЭО мен Қытай шекарасы арқылы тыйым салынған тауарларды өткізуге бақылау күшейеді

© Photo : Официальный сайт правительства КыргызстанаПункт пропуска "Ак-Тилек автодорожный" в Иссык-Атинском районе Чуйской области
Пункт пропуска Ак-Тилек автодорожный в Иссык-Атинском районе Чуйской области - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Құжатта екі тараптың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүргізуді жеделдету, ақпарат алмасу және халықаралық логистикалық арналарды құру көзделген

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Қазақстан парламенті сенаты ЕАЭО мен Қытай кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымал көліктері жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау жайлы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Келісімге 2019 жылы 6 маусымда қол қойылған. Құжатта екі тараптың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүргізуді жеделдету, ақпарат алмасу және халықаралық логистикалық арналарды құру көзделген. 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, ақпарат алмасу ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі мен Қытай өкілетті органдарының ұлттық ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүзеге асады. 

"Келісім күшіне енген күннен бастап 18 айдан кешіктірмей мәліметтің құрылымын, форматын, ақпарат алмасудың техникалық шарттарын анықтайтын жекелеген хаттамалар қабылданады. Бұл хаттамалар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарымен және Қытайдың бас кеден басқармасы арасында жасалады, ратификациялауды талап етпейді", - деді Жамаубаев сенат отырысында. 

Министр Қазақстанның ақпараттық жүйесі толығымен дайын екенін атап өтті. Бұл "Астана-1" ақпараттық жүйе. Кедендік жүйе былтыр өнеркәсіптік деңгейде іске қосылған. 

"ЕАЭО-ға келетін болсақ, одақтың комитетінде интеграцияланған ақпараттық жүйе бар. Ол жүйеге "Астана-1"-ден тиісті ақпаратты беріп отырамыз. Қазір ақпаратты беру тетіктері ЕЭК-пен талқыланып жатыр", - деді ол.

Жамаубаев бастапқы кезеңде Қытаймен тәуекелділігі жоғары тауарлар, мәселен, аяқ киім, халық тұтынатын киімдер, ойыншықтар және басқа да қымбат бұйымдар туралы ақпарат алмасу көзделгенін айтты. Кейін тауарлар тізбесі тағы кеңейтілетін болады. 

"Біздің мақсат – контрабанданы болдырмау, бюджетке көптеп ақша түсіру және ақпараттың барынша толық алмасуын қамтамасыз ету", - деді министр. 

Орталық кеден органдары арасында экспортталатын тауарлар шығарылғаннан кейін 4 сағаттан кешіктірмей ақпарат алмасуды жүзеге асыру мүмкіндігі беріледі. 

Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен ақша бөлуді талап етпейді. Сенат депутаттары заңды бірауыздан қабылдады.

Жаңалықтар
0