Экономика

Министр Жамаубаев бюджет ақшасын игермеген мемлекеттік органдарды атады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге монеты стопка
Деньги, тенге монеты стопка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бюджет ақшасын игермеуге конкурстық рәсімдердің ұзаққа созылуы, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, карантинге байланысты тауарларды жеткізбеу және тағы басқа жағдайлар себеп болған

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет ақшасын игермеген мемлекеттік органдарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,5%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,4% атқарылды.

Республикалық бюджеттің шығыстары 9 триллион 251 миллиард теңгені құрады.

"45 миллиард теңге атқарылмаған. Оның ішінде 17 миллиард теңге үнемделіп, 28 миллиард теңге игерілген жоқ", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.

Айтуынша, игерілмеген ірі сомалар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Жоғарғы сот, қаржы, білім және ғылым министрліктеріне тиесілі.

Бюджет ақшасын игермеудің негізгі себептері:

  • конкурстық рәсімдер мен шарт жасасудың ұзаққа созылуы және уақытында өткізілмеуі;
  • орындалған жұмыс актілерін ұсынбау;
  • карантинге байланысты тауарларды жеткізбеу;
  • орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу және республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражаттың жеткіліксіздігі.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,9 триллион теңгені құраған. 80 миллиард теңге атқарылған жоқ.

Жамаубаев биыл өңірлерге 2,3 триллион теңге нысаналы трансферт қарастырылғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері жалпы ішкі өнім 3 процентке төмендеді 

Алдын ала мәлімет бойынша оларға 1 қыркүйекке 1,4 триллион теңге бөлінген. Қаражаттың 98%-і игерілді, 29 миллиард теңгесі атқарылмаған. Оның ішінде 7 миллиард теңге үнемделді, 22 миллиард теңге игерілген жоқ.

Ақшаны игермеген өңірлер – Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстары.

Жаңалықтар
0