Экономика

Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай

Министерство образования и науки Казахстана
Министерство образования и науки Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат есеп комитетін қашықтан білім беруге бөлінген бюджет қаражаты қалай жұмсалғанын тексеруге үндеді. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік банктен алынған қарыз мәселесін көтерді

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Дүниежүзілік банктің қарызына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қарызды игеру тоқтатылды

Вице-министрдің айтуынша, Дүниежүзілік банктен алынған ақшаға компьютерлерді сатып алу шаралары 2021 жылға жоспарланған болатын. Бірақ оған дейін контенттік жұмыстарды аяқтау қажет.

"Соның ішінде білімнің сапасы, оқулықтар, инклюзивті білім, жалпы педагогикалық білімді жаңарту сияқты жобаларды іске асыру міндеті бар. Өткен жылы бір жоба іске асырылды. Бүгінде тағы екі жоба қолға алынды. Осылайша, контент жағын реттегеннен кейін техникалық құрал-жабдықтарды алуды жоспарлаған болатынбыз", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін білім министрлігі сатып алу шараларын шұғыл атқарып көрмек болған. Наурыз айында Дүниежүзілік банкке де хабарласты.

"Бірақ ондайда бюджеттен қосымша шығын шығады екен. Одан кейін 2021 жылға жоспарланған қаражаттарды республикалық бюджетті нақтылау кезінде жылжытып, 2020 жылға әкелу үшін заң жағынан өзгерістер жасау керек. Оған да уақыт кетеді. Екіншіден, халықаралық рәсімдер бойынша бұл процес 9-12 айға дейін уақыт алады", - деп атап көрсетті Каринова.

Сондықтан наурыз айында сатып алуды бастаған күннің өзінде келесі жылы наурыз айында ғана конкурстық рәсімдер аяқталатын еді. Одан кейін барып жеткізу жұмыстары басталады.

"Осыған байланысты министрлікте компьютерлік техниканы сатып алу мәселесі бойынша қарызды тоқтатуға шешім қабылданды. Соның орнына мектептерді республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен компьютерлермен жабдықтау жұмысы басталды. Бұдан бөлек, біз мұғалімдерді дайындық курстарынан өткізу бойынша қарыздан бас тарту қажет деген шешімге келдік", - деді Каринова.

Депутат министрге не үшін шүйлікті

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева есеп комитетін қашықтан білім беруге бөлінген бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексеріп шығуға үндеді. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік банктен алынған қарыздың мәселесін көтерді.

2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бастамасымен банктен 67,5 миллион теңге қарызға алынған болатын. Жобаның атауы – "Орта білімді жаңғырту". Ал негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру. Осылайша, 5 мың мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге шешім қабылданды. Ауыл мектептерінің барлығына компьютерлер мен кеңсе техникасы жеткізіледі деген жоспар болған. Ал, ең бастысы, интернет жылдамдығы баяу мектептерге қосымша сымсыз байланыс құралдарын орнату көзделген.

"Алайда қолда бар мәліметке сәйкес, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма да әзірленбепті. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін комиссияны төлеп келеді. Ол шамамен 160 мың доллар. Себебі білім және ғылым министрлігі тиісті жұмысты бастаған жоқ", - деді Еспаева.

500 мың компьютер бюджет ақшасына сатып алынады

"Ақжол" фракциясының депуаттары білім және ғылым министріне осы мәселеге қатысты ресми хатты шілде айында жолдағанын да жеткізді. Алайда әлі күнге дейін жауап жоқ.

Білім вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, фракция депутаттары жіберген хатқа жауап берілді. Ал оны кешіктіріп беру бойынша қызметтік тексеріс басталды.

"Карантин кезінде білім министрлігінде құжат айналымы 30 процентке көбейді. Оған қоса, қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеген. Бәлкім, қателік кеткен шығар. Қазір қызметтік тексеріс басталды. Осы қателікке жол берген қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылады", - деді Каринова онлайн брифингте.

Ал білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Қанат Кеңбай депутаттың компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырманың әзірленбегені туралы ақпаратын жоққа шығарды. Оның сөзіне қарағанда, техникалық тапсырма өткен жылы жасалған.

"Бірақ Дүниежүзілік банктің ақшасынан бас тартуға шешім қабылданды. Соның орнына бюджеттен компьютерлік техниканы сатып алуға, шамамен, 70 миллиард теңге бөлінді. Осы ақшаға 500 мың компьютер сатып алу жоспарланып отыр", - деп атап көрсетті Кеңбай.

Жаңалықтар
0