АЛМАТЫ, 13 қыркүйек – Sputnik. 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзіменен бұрын алып, қаражатты тұрғын үй алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, емделу үшін немесе зейнетақы қорынан алып, басқа компаниялардың басқаруына бере алады. Сонымен қатар бұл мүмкіндікті пайдалану үшін азаматтардың жинақ шотында қанша қаражат болу керек екені де хабарланды. Зейнетақы қорында қанша қаражат жиналғанын қалай тексеруге болатынын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын eGov.kz порталы арқылы тексере алады. Қызметті алу үшін электронды үкімет порталында тіркелген болу керек, сонымен қатар электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.
Қазір электронды үкімет порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн алуға болады. Ол үшін азаматтың жеке куәлігі немесе паспорты болуы тиіс. SMS-хабарламалар келетін ұялы телефон мен дербес компьютерде веб-камера болуы қажет. ЭЦҚ-ны орнату және пайдалану үшін компьютерде NCLayer бағдарламасы болғаны жөн.
Портал арқылы операторлармен дүйсенбі-жұма күндері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін, сенбіде түскі 14.00-ге дейін байланысуға болады.
Порталға тіркелгеннен кейін электронды үкімет порталында "Басты бетке" өтіп, "Азаматтарға" бетін ашасыз. Одан кейін "Әлеуметтік қамтамасыз ету" - "Зейнетақымен қамтамасыз ету" бөлігін таңдау қажет. Сол жерден "Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау туралы ақпарат алу" дегенді басасыз.
Содан кейін қызметті алушы "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басып, "Сұранымды жіберу" дегенді таңдайды.
Екінші қадам – қызметті SMS-парольді, ЭЦҚ немесе мобильді электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып растау.
Нәтижесі бірнеше сағаттан кейін келеді.
Зейнетақы жинағындағы қаражатты тексерудің тағы бір жолы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайты арқылы тексеру.
Бұл жерде де қызметті алудың бірнеше жолы бар.
Ұсынылған электронды пошта арқылы білу үшін БЖЗҚ сайтына кірген соң "электрондық қызмет көрсету" қызметін таңдау керек. Одан кейін "жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені e-mail арқылы алу" батырмасын таңдау қажет. Сол кезде пайда болған бет соңындағы "ОК" батырмасын басып, зейнетақы салымшысының ЖСН мен e-mail (электронды пошта ақпарат алу үшін көрсетілген пошта болуы керек) енгізеді. Одан кейін зейнетақы жарналарындағы қаражатты көру үшін салымшы шотына ақша түсіп тұрған аралықты көрсетеді. Артынан электронды поштаға ақпарат жіберілгені хабарланады.
Салымшы өзінің зейнетақы жарналары туралы ақпаратты ENPF арқылы мобильді қосымшасы арқылы да көре алады. Ол үшін мобильді қосымшаға ЖСН және БЖЗҚ сайтына кіру үшін берілген пароль қолданылады.
Тағы бір жолы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне барып білу. Алайда қазір қор қызметкерлері ақпаратты онлайн форматта алуды ұсынады.
Айта кетейік, он бірінші қыркүйектен бастап елімізде эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақталуына, сондай-ақ, коронавирус індетімен ауыратындар санының азаюына байланысты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімшелерінің басым бөлігі күндізгі қызмет көрсету режиміне ауысты. Қазір ел бойынша 198 қызмет көрсету кеңсесі алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді, ал жеті кеңсе байланыссыз қызмет көрсетсе, жетеуі қашықтан жұмыс істейді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімшелері дүйсенбі-жұма күндері 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.
Олар:
Қордағы қаржының жеткілікті шегі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома. Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады.
Жеткіліктілік шегінің негізгі параметрлері:
- әйелдер мен ерлер үшін бірдей;
- кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және тағы басқа параметрлерге сүйене отырып, жыл сайын қайта есептеліп отырады;
- 20 жастан бастап әр жас үшін бөлек есептеледі.
Айта кетейік, зейнетақы қорындағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол да берілмейді. Бірыңғай оператор арқылы іске асырылады. Тұрғын үй саласында бірыңғай оператор "Отбасы банк"і болады.
Ипотеканы жабу немесе қайта қаржыландыру мәселесі бойынша да Отбасы банкіне жүгіну керек болады.
Зейнетақы жинағын ем-домға пайдалануға беру тетігі де денсаулық сақтау жүйесіндегі бірыңғай оператор арқылы іске асады. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылады. Сол комиссиялар емдеу қажеттілігін айқындайды. Ал емделуге баратын адам клиниканы таңдағаннан кейін, өз өтінішін бірыңғай операторға тапсырады. Оператор зейнетақы жинағының бір бөлігін сол емханаға аударып, ем шығынын өтейді.
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағына сәйкес, соманың 10%-ін салық түрінде төлеуге міндетті.
Демек, бір миллион теңге алу кезінде 100 мың теңгені жеке табыс салығы түрінде төлеуге тура келеді. Ал 2,5 миллион алынса, 250 мың теңге төлейді.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз — Sputnik. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов сыртқы нарықтағы оқиғалар мен осы факторлардың теңгеге ықпал етуі туралы айтып берді.
Теңгенің әлсіреуінен кейін аптаның ортасында бағамның нығаюы мен тұрақтануы байқалады. Тұрсынхановтың айтуынша, бүгінгі сауда сессиясында ұлттық валютаның шамалы нығаюы сыртқы негізгі факторларға тікелей байланысты болды.
"Ең алдымен теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы жұма күні алдыңғы жоғары деңгейге қайта көтерілді. Ол бейсенбі күні таңертеңгі бағамен салыстырғанда 5%-ке артты" – деді ол.
Жұма күндіз Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың қаңтарынан бері алғаш рет 68 доллардан жоғары көтерілді.
Тұрсынханов мұнай нарығындағы қазіргі жағдайға ОПЕК + ұйымының сәуір айындағы мұнай өндірісі көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы күтпеген шешімі туралы жаңалықтар ықпал еткенін айтты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы да өз еркімен өндірісті тәулігіне миллион баррельге қысқартуды сақтайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, ОПЕК + мұнай картелі министрлерінің кездесуі 4 наурызда өтті. Бұл кездесудің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер өндірісті тәулігіне жарты миллион баррельге арттырады деп болжанған болатын.
Ұлттық банк өкілі айтқандай, алайда, АҚШ доллары бірқатар валюталарға қатысты нығайғаны байқалды.
"Федералды резервті жүйе жұмыспен қамту саласы және инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты ұстап тұруды көздейтініне қарамастан, Пауэлл кеше Wall Street Journal басылымына берген сұқбатында жыл басынан бері облигациялар кірісінің өсуіне қатысты алаңдаушылық танытпады", - деді Нұржан Тұрсынханов.
Ол ФРЖ басшысының сұқбаты АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарының табысы біршама өсуіне ықпал еткенін атап өтті. 10 жылдық қазынашылық облигация кірісі 2020 жылдың ақпан айының ортасынан бастап алғаш рет 1,57%-ке жетті.
"ФРЖ басшысының мәлімдемелері АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранді бейсенбі күні таңертеңнен жұмаға дейін 1,5%-ке әлсіреді, бразилиялық реал - 0,9%, мексикалық песо - 0,8%-ке бәсеңдеді", - деді Тұрсынханов.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Руслан Бекетаев Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің шешімімен Руслан Бекетаев 5 наурыздан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Оның құзіретіне Еуразиялық экономикалық одақтағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек көші-қоны мен әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін осы қызметті Тимур Жақсылықов атқарған. Ақпан айында ол ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал Руслан Бекетаев қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары, қазынашылық комитеті төрағасы болды.
НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, республиканың басым аумағында көктайғақ, жаңбыр және бұрқасын, сондай-ақ тұман болады.
Атырау облысында тұман түседі, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.
Жамбыл облысында тұман мен көктайғақ болжануда. Желдің күші секундына 20 метрге дейін барады.
Түркістан облысында қалың тұман түседі.
Ақтөбе облысында бұрқасын, көктайғақ, тұман, қатты жел болады.
Павлодар облысында кей жерлерде бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ күтілуде.
Қарағанды облысында – тұман және көктайғақ.
Қызылорда облысында тұман түсіп, 15-20 м/с жел соғады.
Маңғыстау облысында да тұман және 15-20 м/с жел болжанып отыр.
Ақмола облысында тұман, көктайғақ және бұрқасын болады.
Батыс Қазақстан облысында қатты жел тұрып, тұман басады, бұрқасын соғады, көктайғақ болады.
Солтүстік Қазақстан облысында – қар, жаңбыр, тұман және көктайғақ.
Қостанай облысында бұрқасын, тұман және көктайғақ болады.
Нұр-Сұлтанда күн бұлтты, түнде ауа температурасы -2-4°C, күндіз 0+2°C. Желдің жылдамдығы – секундына 15-20 метр.
Алматыда күн бұлтты, сынап бағанасы түнде 0+2°C, күндіз +10+12°C көрсетеді.
Шымкентте ауа райы жауын-шашынды. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін барады, ауа температурасы түнде +2+4°C, күндіз +7+9°C.