Экономика

Сенатор қазақстандық бизнесмендердің өтінішін жеткізді

© SputnikПортфель
Портфель - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінше, 1 наурыз бен 1 қараша аралығында 57 мың шағын және орта бизнес субъектісі жойылған

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық бизнесмендер карантин кезінде кәсіпкерлік қызмет нысандарының жұмысын шектеу тәртібін айқындауды сұрайды. Онда карантин мерзімі, шарттары, субъектілер тізімі мен қауіпсіздік шаралары анық көрсетілуі тиіс. Кәсіпкерлердің өтінішін парламенттік тыңдау барысында сенат депутаты Дәурен Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат қазіргі таңда кәсіпкерлік және өзге қызмет нысандарының жұмысын эпидемиологиялық жағдайға қарай орталық мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға шектейтінін атап өтті. Карантин енгізу туралы ақпаратты жариялау мерзімі реттелмеген. Ал бұл кәсіпкерлер үшін бизнесті жоспарлау мен жүргізу қатерін қатерін ұлғайтады. 

"Кәсіпкерлік қызметін шектеу тетігінің өзі бірқатар сұрақ тудырады. Мәселен, кәсіпкерлердің айтуынша, қазір қалааралық автобус тасымалы шектелген. Бірақ, адамдар жеңіл көлікпен 5-15 жолаушы болып бір қаладан екінші қалаға қатынап жүр, әуе және теміржол қатынасы бар. Алайда санитарлық талаптарды орындап тұрса да, автотасымал тоқтатылған. Кинотеатрлардың жұмысы қатысты да осыны айтуға болады. Олар ведомствоаралық комиссияның 18 талабын орындаса да, жұмыс істеуге рұқсат етілген жоқ", - деді Әділбеков парламенттік тыңдауда. 

Сенатор кәсіпкерлік және өзге қызмет нысандарының жұмысын шектеу жалпы экономикаға және бизнес субъектілеріне теріс әсер етіп жатқанын айтты, 

"Пандемия жарияланғанда денсаулық сақтау жүйесі және халық COVID-19-бен күресуге дайын болған жоқ. Алайда қазір жағдай өзгерді: халық бетпердемен, дәрі-дәрмекпен қамтылған, төсек-орын, жасанды тыныс алдырту аппараттары бар, емдеу хаттамасы айқындалды. Осы орайда бизнесте мынадай сұрақ туып отыр – аурудың таралуына тек кәсіпкерлік қызмет қана себеп пе?", - деді ол. 

Осыған байланысты карантин кезінде жиналған тәжірибе негізінде, бизнес үкімет қаулысымен бекітілетін, кәсіпкерлік және өзге қызмет нысандарының жұмысын шектеу тәртібін айқындауды ұсынады. Оның ішінде карантин кезеңі, мерзімі, шарттары, субъктілер тізімі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қамтылуы тиіс, дейді сенатор.

Бұдан бөлек, депутат өңірлік диспропорцияны да ескеру қажет екенін айтты. 

Айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің дені Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарында шоғырланған. ШОБ өндіретін өнімнің 46 проценті Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына тиесілі, яғни олар бюджет донорлары саналады. 

Осыған байланысты карантин кезеңінде кәсіпкерлік нысандарының қызметін шектеу тәртібі осы өңірлер үшін өзгеше болуы керек. 

Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінше, 1 наурыз бен 1 қараша аралығында 57 мың ШОБ субъектісі жойылған.

Жаңалықтар
0