Экономика

ЕАЭО-ға төрағалық: Тоқаев Қазақстанның басымдықтарын атады

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаҚазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тоқаевтың айтуынша, келесі жылы негізгі басымдық – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты толыққанды жүзеге асыру

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ететін кезеңде өз алдына ЕАЭО туралы шартты толыққанды жүзеге асыру міндетін қояды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"ЕАЭО жарғылық органдарында төрағалық ету жаңа жылдан бастап Беларусьтен Қазақстанға ауысады. Біз 2021 жылға Одақ туралы шартты толыққанды жүзеге асыруды, кедергілерді жоюды, өзара тиімді кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды, комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру процедурасын жетілдіру, оның қызметі мен жауапкершілігін күшейтуді негізгі басымдық ретінде айқындап қойдық", - деді Тоқаев.

ЕАЭО-дағы шағын және орта бизнес

Президент пандемия жағдайында одаққа мүше мемлекеттер үкіметінің маңызды міндеті кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру екенін атап өтті.

"Ірі кәсіпорындарға қарағанда орта және шағын бизнес өкілдерінің кооперация үшін мүмкіндіктері аз. ШОБ біздің экономиканың негізі саналады, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Осыған байланысты комиссияға интеграциялық өндірістік тізбеде шағын және орта кәсіпорындарды тартуға қатысты ұсыныстар кешенін әзірлеуді ұсынамын", - деді Тоқаев.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолының құрылысы

Мемлекет басшысы Еуразия елдері өз транзиттік әлеуетін толығымен іске асыруы керек екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Аман-сау көріп отырғаныма қуаныштымын: Назарбаев ЕАЭО саммитінде сөз сөйледі

"Трансшекаралық учаскелерді, күре жолдарды жаңғырту жұмысын тездетуді, атап айтқанда, Ресей аумағындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолы учаскесін жаңғырту және құрылыс мәселесін шешуді ұсынамын", - деді президент.

Сондай-ақ, одақ аумағында тауарлардың еркін қозғалысын, сондай-ақ үшінші мемлекеттерге транзитті қамтамасыз ету үшін барлық автокөлік дәлізін цифрландыру процесін бастау қажет, деп санайды Тоқаев.

ЖЕЭК отырысы

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы видео конференция режимінде өтті. Кеңеске Беларусь төрағалық етеді.

Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ЖЕЭК-тің құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Армения, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан басшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарының пысықталған жобасын талқылады.

Жаңалықтар
0