Экономика

Сенаторлар ҚТЖ компаниясының сыртқы қарызының көбейіп кеткеніне алаңдады

© Photo : КТЖПоезд зимой
Поезд зимой - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанның теміржол паркіндегі вагондардың айтарлықтай бөлігі әбден тозған. Сатып алынған жаңа вагондар да талапқа сай емес, деді Сағындық Лұқпанов

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Сенатор Сағындық Лұқпанов теміржол саласындағы олқылықтарға назар аударып, премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Оның айтуынша, Қазақстанның теміржол паркіндегі вагондардың айтарлықтай бөлігі әбден тозған. Сондай-ақ, сатып алынған жаңа вагондар да көздеген мақсатқа сай емес. Олардың жылдамдығы сағатына 160 шақырым. Ал кейбір көрші мемлекеттерде сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткитін пойыздар қатынайды.  

"Осыған байланысты елімізде жылдамдығы жоғары тасымалдау қызметін әрі қарай дамытуға қатысты мәселе туындап отыр. Бұл аздай, біздің еліміз теміржол желісінің дамуы жағынан да артта қалып келеді", - деді Лұқпанов.  

Ол Қазақстанда пайдаланылып жүрген теміржол желісінің жалпы ұзындығы 16 634,8 шақырымды құрайтынын атап өтті. Оның 4,2 мың шақырымы ғана электрмен жабдықталған.

Мәселен, Ресейде теміржол ұзындығы 85,5 мың шақырым болса, оның 43,7 мың шақырымы электрлендірілген. Ал аумағы Қазақстаннан 5 есе кіші Францияда теміржол ұзындығы 29 мың шақырымды құрайды. Оның 15 мың шақырымы электрмен қамтамасыз етілген, деп жалғастырды депутат.

Сондай-ақ, сенатор елдегі басты теміржол операторының сыртқы қарызына да алаңдаушылық білдірді.  

"Қарыз көлемі бүгінде 1,9 триллион теңгені құрайды. Соңғы 5 жылда мемлекеттік субсидия ретінде аталған компанияға 171 миллиард теңге бөлінген", - деді Лұқпанов.

Оқи отырыңыз: Қаржы министрі Қазақстанның қарызы туралы айтты 

Одан бөлек, теміржол тасымалдаушысы басқа да жобалар арқылы табыс тауып отыр. Әуежайлар, автожол секторы, Халықаралық "Қорғас" шекаралық ынтымақтастық орталығы күні кешеге дейін "Қазақстан темір жолы" компаниясының басқаруында болғаны мәлім. Ал Ақтау қаласындағы теңіз порты әлі күнге дейін осы компанияға тиесілі, деп толықтырды сенатор.

"Теміржол саласын дамытуға қатысты бағдарламалық құжаттарда көрсетілген осы бағыттағы нақты мақсат-міндеттерге қарамастан, оларды іске асыру қарқыны көңіл көншітпейді. Тіпті, мүлдем төмен деуге болады. Үнемі мемлекеттен субсидия алып отырғанымен, компания ұзақ уақыт бойы басқа жобаларды дамытуға айтарлықтай қаржы жұмсап келеді. Бұл негізгі қызметті шығынға ұшыратуға әкеп соқтыруда", - деп қапаланды депутат.

Осыған байланысты Лұқпанов премьер-министрден теміржол саласындағы мәселені шешуді және компанияның өзі мемлекеттік субсидияға мұқтаж болып отырғанына қарамастан не үшін салаға қатысы жоқ басқа жобаларға шығын шығаратынын түсіндіруді сұрады.

Жаңалықтар
0