НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан — Sputnik. Биыл кредит алған азаматтарды оңалту және несие бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу тетіктері енгізіледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қаржы нарығын реттеу төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кездесуінде айтылды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы мемлекет басшысына қаржы нарығының былтырғы даму қорытындылары және агенттіктің биылғы жұмысының негізгі басымдықтары туралы баяндады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың борыштық жүктемесін азайту жөніндегі реттеу шаралары қабылданды. Соның арқасында тұтынушылық кредиттің өсуі азайды. Биыл қарыз алушы жеке тұлғаларды оңалту және кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу тетіктері енгізіледі, қарызын қайтармайтын адамдарға қатысты реттеу қызметінің сотқа дейінгі тәртібі күшейтіледі.
2020 жылдың қорытындысы бойынша экономиканы кредиттеу 5,5 пайызға ұлғайып, 14,6 триллион теңгеге жеткен. Дағдарысқа қарамастан, шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер, оның ішінде бизнеске қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламаларын кеңейту арқылы 7,1 пайызға, яғни 4,2 триллион теңгеге дейін өсті. Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің барлық кредитін жылына 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі іске асырылды.
Мәдина Әбілқасымова биылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржылық ұйымның, оның ішінде, ломбардтар мен онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін лицензиялау енгізілгені туралы хабарлады. Бұл олардың есеп беруін, ашықтығын және жауапкершілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру, ал банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде халықтың инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында кешенді заң жобасы әзірленді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда процентсіз ипотека алуға болады: жалақы қанша болу керек
Қасым-Жомарт Тоқаев банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берді. Агенттік төрағасы жекелеген банктердің жұмысын қайта жандандыру жөнінде қабылданған шаралар және AQR нәтижелері бойынша қадағалау жоспарларын іске асыру туралы айтты. 2020 жылы банк жүйесі бойынша борышкерлік деңгей 8,1 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеді. Тәуекелге бағдарланған қадағалау аясында 2021 жылдан бастап банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AQR) және стресс-тесттен өткізу қадағалау процесінің ажырамас бөлігі болады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарығының барлық секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізуді, қаржылық қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ, қор нарығын дамытуды міндеттеді. Мемлекет басшысы дағдарыс салдарын еңсеру үшін экономиканы кредиттеудің маңыздылығына назар аударды.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз — Sputnik. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов сыртқы нарықтағы оқиғалар мен осы факторлардың теңгеге ықпал етуі туралы айтып берді.
Теңгенің әлсіреуінен кейін аптаның ортасында бағамның нығаюы мен тұрақтануы байқалады. Тұрсынхановтың айтуынша, бүгінгі сауда сессиясында ұлттық валютаның шамалы нығаюы сыртқы негізгі факторларға тікелей байланысты болды.
"Ең алдымен теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы жұма күні алдыңғы жоғары деңгейге қайта көтерілді. Ол бейсенбі күні таңертеңгі бағамен салыстырғанда 5%-ке артты" – деді ол.
Жұма күндіз Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың қаңтарынан бері алғаш рет 68 доллардан жоғары көтерілді.
Тұрсынханов мұнай нарығындағы қазіргі жағдайға ОПЕК + ұйымының сәуір айындағы мұнай өндірісі көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы күтпеген шешімі туралы жаңалықтар ықпал еткенін айтты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы да өз еркімен өндірісті тәулігіне миллион баррельге қысқартуды сақтайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, ОПЕК + мұнай картелі министрлерінің кездесуі 4 наурызда өтті. Бұл кездесудің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер өндірісті тәулігіне жарты миллион баррельге арттырады деп болжанған болатын.
Ұлттық банк өкілі айтқандай, алайда, АҚШ доллары бірқатар валюталарға қатысты нығайғаны байқалды.
"Федералды резервті жүйе жұмыспен қамту саласы және инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты ұстап тұруды көздейтініне қарамастан, Пауэлл кеше Wall Street Journal басылымына берген сұқбатында жыл басынан бері облигациялар кірісінің өсуіне қатысты алаңдаушылық танытпады", - деді Нұржан Тұрсынханов.
Ол ФРЖ басшысының сұқбаты АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарының табысы біршама өсуіне ықпал еткенін атап өтті. 10 жылдық қазынашылық облигация кірісі 2020 жылдың ақпан айының ортасынан бастап алғаш рет 1,57%-ке жетті.
"ФРЖ басшысының мәлімдемелері АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранді бейсенбі күні таңертеңнен жұмаға дейін 1,5%-ке әлсіреді, бразилиялық реал - 0,9%, мексикалық песо - 0,8%-ке бәсеңдеді", - деді Тұрсынханов.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Руслан Бекетаев Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің шешімімен Руслан Бекетаев 5 наурыздан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Оның құзіретіне Еуразиялық экономикалық одақтағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек көші-қоны мен әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін осы қызметті Тимур Жақсылықов атқарған. Ақпан айында ол ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал Руслан Бекетаев қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары, қазынашылық комитеті төрағасы болды.
НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. Қытаймен шекарадағы "Нұр жолы" өткізу бекеті 2021 жылы 8 наурызда жұмыс істемейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл шектеу Қазақстан Республикасында Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге байланысты енгізілді", - деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, 8 наурыз күні адамдар, көлік құралдары, тауарлар шекара арқылы өткізілмейді.
Оқи отырыңыз: Енді Қазақстан шекарасында ұзын-сонар кезек болмайды
Ведомство тасымалдаушыларды және шекарадан өткісі келетіндердің барлығын енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағдарын алдын ала жоспарлауға шақырды.