НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға тең. Оның 80 проценті жекеменшік ұйымдарға тиесілі. Сол себепті сыртқы борыш бюджет немесе халықтың ақшасы есебінен төленбейді. Бұл туралы Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұлттық банктің ақпаратынша, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард АҚШ долларын (немесе ЖІӨ-ге шаққанда 90,7%) құрады.
"Бұл ақша бюджеттің немесе халықтың қаржысы есебінен төленбейді. Өйткені сыртқы қарыздың шамамен 80%-і мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі", – деп түсіндірді Өскенбаев.
Айтуынша, мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2%-іне немесе 13,2 миллиард АҚШ долларына, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 миллиард АҚШ долларына тең. Бұл жалпы алғанда ЖІӨ-ге шаққанда 18,8%-ті құрайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес қауіпсіз деңгейге жатады.
Ұлттық банктің мәліметінше, елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Бұл 101,3 миллиард АҚШ доллары немесе 62,9%. Оның басым бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашаған, ТШО және Қарашығанаққа тиесілі.
"Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыландырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады. Халықаралық тәжірибеде сыртқы қарыз көрсеткіштерін талдау кезінде фирмааралық берешекті алып тастау қабылданған, себебі ол тәуекелі ең аз борыш болып есептеледі. Өйткені үлестес кредиторлар қарыз алушылардың табысты қызметінің жалғасуына мүдделі және көбіне, бұл міндеттемелер шартты болып келеді", – деді департамент директоры.
Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызына тұрақты түрде мониторинг жасап, бақылап отырады.
Оқи отырыңыз: Есімов Назарбаевқа сыртқы қарыз 5,1 миллиард долларға азайғанын хабарлады
Жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы және Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында елдің борыш тұрақтылығын анықтайтын индикаторлар белгіленген:
Сыртқы қарыз міндетті түрде экономикаға және ел халқына артылатын жүктеме емес екенін есте ұстаған жөн. Сыртқы міндеттемелер – инвестициялардың қосымша көзі. Сырттан қаржы тарту жаңа технологиялар ағынын қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тікелей салық түсімдерін қамтамасыз етеді, әлемдік өндірістік тізбектерге интеграциялануға және өткізу нарықтарын кеңейтуге септігін тигізеді, деп түйіндеді банктен.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 1 наурыздан бастап сұйылтылған газ бағасын уақытша реттеудің күші жойылады, деп хабарлады энергетика министрлігі.
Өткен жылдың көктемінде президент Тоқаев автокөліктерге жанармай құю станцияларында сұйылтылған мұнай газын сатудың уақытша бағасын мемлекеттік реттеу енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сәйкес бұйрық 2020 жылдың сәуір айында күшіне енді.
"Атамекен" ҰКП мен салалық қауымдастықтар кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бұл бұйрықтың әрекет ету мерзімін анықтау бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдады. Егер бұйрық ұзартылған болса, онда кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болар еді.
Оқи отырыңыз: "Сапасыз жанармай ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді": Тоқаев ҰҚК-ға тапсырма берді
Қалай десек те, 23 ақпанда энергетика министрінің сәйкес бұйрығы әділет органдарында қабылданып, тіркелді. Бұл құжат бойынша 2020 жылдың 3 сәуіріндегі "Автокөліктерге жанармай құю станцияларында автокөліктердің толтыруына арналған сұйылтылған мұнай газының бөлшек саудасының шекті бағасын белгілеу туралы" энергетика мен ұлттық экономика министрлерінің бірлескен бұйрығына өзгертулер енгізіледі.
Ал осы бұйрықтың мерзімі 2021 жылдың 1 наурызында аяқталады.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушыларды қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Кездесу кезінде Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе компанияның қазіргі жұмысы туралы айтып берді. Олардың айтуынша, ірі жаһандық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын артып отыр. Бұған Kaspi.kz акцияларының Лондон қор биржасына ашық түрде сәтті шығарылуы себеп болған.
Сондай-ақ, кездесуде қолма-қол ақшасыз төлем көлемінің өсуі және оның қолданылу аясын кеңейту, компанияның қатысуымен мемлекеттік цифрландыру жобаларын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.
Оқи отырыңыз: Kaspi bank клиенттердің шотынан ақша неліктен "жоғалғанын" түсіндірді
"Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен Kaspi.kz компаниясының бірлескен жұмыстарының перспективалық бағыттары белгіленіп, Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға қатысты мәселелер нақтыланды", - делінген ресми хабарламада.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Санитарлық рейс орындайтын "Азия Континенталь" компаниясының Ан-2 ұшағы Алматы облысындағы Боралдай тас жолынан шығысқа қарай бір жарым шақырым қашықта шұғыл қонуға мәбүр болды, деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
"Ұшақ бортында бес адам болған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ", – делінген хабарламада.
Ақпаратта төтенше жағдай бүгін сағат 12:30-да болғанын атап өткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тергеу шараларын индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің әуе кемелері апаты мен оқиғаларды тергеу басқармасы жүргізеді.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 8 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысында болған. Өскемен – Зайсан бағытында санитарлық рейс орындайтын Ан-2 ұшағы шұғыл қонған.
Оқи отырыңыз: Жолаушы ұшақ қозғалтқышы өртенген сәтті видеоға түсіріп алды
Зайсан қаласындағы науқасқа көмек көрсету үшін ұшып шыққан ұшақ бортында үш экипаж мүшесі мен екі медициналық қызметкері болған.
Кейіннен ұшақтың қайта көкке көтерілгені хабарланған.