НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ банк және өзге де операциялар мен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Агенттік хабарламасында қаржы ұйымын лицензиясынан айыру төмендегідей негіздерге сүйене отырып қабылданғаны айтылған. Олар:
Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45,0 млрд теңге. Оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0%-і 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Сондай-ақ, осы күні "AsiaCredit Bank"-тің өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8 млрд теңгеден асады.
2019 жылғы қазан айынан бастап клиенттер қаражатының кетуін өтеу үшін өтімді активтердің жетіспеушілігінен банк реттеуші белгілеген пруденциялық нормативтерді бұза бастады.
Осы кезеңнен бастап агенттік тарапынан банкке қатысты банктің жағдайын жақсартуға бағытталған 14 қадағалап ден қою шарасы қабылданды және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73 хаттама толтырылды.
2019 жылғы қазанда Ұлттық банк қаржы ұйымының жалғыз акционеріне қатысты банкті капиталдандыру жөніндегі талап түрінде мәжбүрлеу шарасын қолданды. Алайда, бұл шара орындалмады. Ал 2020 жылы қанағаттанарлықсыз қаржылық жағдайының сақталуына байланысты агенттік банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызып, банк пен оның акционерінен қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды талап етті.
Осы жоспарды орындау шеңберінде банк акционері 15,4 млрд теңге мөлшерінде өтімділікпен қолдауды жүзеге асырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап 2021 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде ақшалай өтеу және активтерді клиенттік депозиттерді өтеу есебіне беру нәтижесінде банктің міндеттемелері 21,8 млрд теңгеге азайды.
Оқи отырыңыз: Сарапшы банк қызметкерін телефон алаяғынан қалай ажыратуға болатынын айтты
2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы ақпан аралығында банк акционерінің қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар мекемелер (мектептер мен ауруханалар) және "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ алдындағы міндеттемелер толығымен өтелді.
Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының мерзімі 2020 жылғы 25 желтоқсанда аяқталды. Банк және оның акционері қабылдаған шаралар банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастырды және клиенттер алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамады. Оған қоса, банктің қосымша провизиялар қалыптастыру үшін қажетті меншікті капитал тапшылығы 19 млрд теңгені құрады.
"AsiaCredit Bank" АҚ-та 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиті бар, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері "Қазақстанның кепілдендірілген депозит қоры" кепілдігімен толық көлемде өтеледі.
Агенттік төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды. Оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Ал уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып агенттіктің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайындалды.
2021 жылғы 12 ақпаннан бастап заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттер мен банктің шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Агенттік банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа белгіленген тәртіппен жүгінеді.
Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап кредиторлардың банкке талаптары банкті ұстауға ағымдағы шығыстарға байланысты талаптар қолданыстағы заңда белгіленген басқа да жағдайларды қоспағанда, тарату ісінде ғана қойылуы мүмкін.
Айта кетейік, "AsiaCredit Bank" АҚ-ның жалғыз акционері Орифджан Шадиев.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 1 наурыздан бастап сұйылтылған газ бағасын уақытша реттеудің күші жойылады, деп хабарлады энергетика министрлігі.
Өткен жылдың көктемінде президент Тоқаев автокөліктерге жанармай құю станцияларында сұйылтылған мұнай газын сатудың уақытша бағасын мемлекеттік реттеу енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сәйкес бұйрық 2020 жылдың сәуір айында күшіне енді.
"Атамекен" ҰКП мен салалық қауымдастықтар кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бұл бұйрықтың әрекет ету мерзімін анықтау бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдады. Егер бұйрық ұзартылған болса, онда кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болар еді.
Оқи отырыңыз: "Сапасыз жанармай ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді": Тоқаев ҰҚК-ға тапсырма берді
Қалай десек те, 23 ақпанда энергетика министрінің сәйкес бұйрығы әділет органдарында қабылданып, тіркелді. Бұл құжат бойынша 2020 жылдың 3 сәуіріндегі "Автокөліктерге жанармай құю станцияларында автокөліктердің толтыруына арналған сұйылтылған мұнай газының бөлшек саудасының шекті бағасын белгілеу туралы" энергетика мен ұлттық экономика министрлерінің бірлескен бұйрығына өзгертулер енгізіледі.
Ал осы бұйрықтың мерзімі 2021 жылдың 1 наурызында аяқталады.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушыларды қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Кездесу кезінде Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе компанияның қазіргі жұмысы туралы айтып берді. Олардың айтуынша, ірі жаһандық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын артып отыр. Бұған Kaspi.kz акцияларының Лондон қор биржасына ашық түрде сәтті шығарылуы себеп болған.
Сондай-ақ, кездесуде қолма-қол ақшасыз төлем көлемінің өсуі және оның қолданылу аясын кеңейту, компанияның қатысуымен мемлекеттік цифрландыру жобаларын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.
Оқи отырыңыз: Kaspi bank клиенттердің шотынан ақша неліктен "жоғалғанын" түсіндірді
"Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен Kaspi.kz компаниясының бірлескен жұмыстарының перспективалық бағыттары белгіленіп, Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға қатысты мәселелер нақтыланды", - делінген ресми хабарламада.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Нигерияның солтүстік-батысындағы Замфара штатында қаскүнемдер мектепке баса-көктеп кіріп, 300 оқушыны ұрлап әкетті, деп хабарлады РИА Новости жергілікті PM News газетіне сілтеме жасап.
Оқиға жұмаға қараған түні Джангебе елді мекенінде болған. Ондаған содыр мектеп жанындағы әскери бекетке оқ атып, одан кейін білім ордасына басып кірген. Адам ұрлығы түнгі сағат 02:00 шамасында болған.
5 маусымдағы қырғын: 2016 жылғы Ақтөбедегі терактінің белгісіз тұстары
Жергілікті басылым кейбір әскерилер жарақат алуы ықтимал екенін жазды, дегенмен оқыс оқиғадан көз жұмғандар бар-жоғы әзірге белгісіз. Елді мекен тұрғындары оқушы қыздарды құтқару үшін қаскүнемдерді іздестіріп жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы Ниегрияның Кацина штатында осыған ұқсас жағдай болған.