НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Биыл Қазақстан үкіметі 15,4 триллион теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол биыл, ең алдымен, экономиканың өсуін 3%-ке дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Осы мақсатта әрбір сала мен өңір үшін нысаналы параметрлер айқындалған.
"Сондай-ақ, басты міндеттердің бірі 2021 жылы 15,4 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл инвестицияларды жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Ерғалиев үкімет отырысында.
Айтуынша, республика бойынша аталған көрсеткіштер егей-тегжейлі пысықталып, экономика салаларының бөлінісінде және әрбір өңір бойынша бекітілді.
Мысалы, Қарағанды облысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нысаналы индикаторларын айқындады.
Айтуынша, осы жылы жалпы өңірлік өнімнің өсімі 3,6% деңгейінде қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, 725 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осы жылы 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ке жоғары. Нәтижесінде 34 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.
2021 жылы Қарағанды облысында 17 білім ошағы салынады және 11 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады.
"Сонымен қатар, сапалы автомобиль жолдарының үлесін 85%-ке дейін жеткізу жоспарлануда. Қала халқының 100%-і және ауыл халқының 90%-і сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады", - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, биыл әлеуметтік және инжинерлік инфрақұрылымды жақсарту үшін 35 ауылда 75 жоба іске асырылады. Бұл 70 мыңға жуық ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға және 1 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз — Sputnik. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов сыртқы нарықтағы оқиғалар мен осы факторлардың теңгеге ықпал етуі туралы айтып берді.
Теңгенің әлсіреуінен кейін аптаның ортасында бағамның нығаюы мен тұрақтануы байқалады. Тұрсынхановтың айтуынша, бүгінгі сауда сессиясында ұлттық валютаның шамалы нығаюы сыртқы негізгі факторларға тікелей байланысты болды.
"Ең алдымен теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы жұма күні алдыңғы жоғары деңгейге қайта көтерілді. Ол бейсенбі күні таңертеңгі бағамен салыстырғанда 5%-ке артты" – деді ол.
Жұма күндіз Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың қаңтарынан бері алғаш рет 68 доллардан жоғары көтерілді.
Тұрсынханов мұнай нарығындағы қазіргі жағдайға ОПЕК + ұйымының сәуір айындағы мұнай өндірісі көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы күтпеген шешімі туралы жаңалықтар ықпал еткенін айтты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы да өз еркімен өндірісті тәулігіне миллион баррельге қысқартуды сақтайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, ОПЕК + мұнай картелі министрлерінің кездесуі 4 наурызда өтті. Бұл кездесудің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер өндірісті тәулігіне жарты миллион баррельге арттырады деп болжанған болатын.
Ұлттық банк өкілі айтқандай, алайда, АҚШ доллары бірқатар валюталарға қатысты нығайғаны байқалды.
"Федералды резервті жүйе жұмыспен қамту саласы және инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты ұстап тұруды көздейтініне қарамастан, Пауэлл кеше Wall Street Journal басылымына берген сұқбатында жыл басынан бері облигациялар кірісінің өсуіне қатысты алаңдаушылық танытпады", - деді Нұржан Тұрсынханов.
Ол ФРЖ басшысының сұқбаты АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарының табысы біршама өсуіне ықпал еткенін атап өтті. 10 жылдық қазынашылық облигация кірісі 2020 жылдың ақпан айының ортасынан бастап алғаш рет 1,57%-ке жетті.
"ФРЖ басшысының мәлімдемелері АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранді бейсенбі күні таңертеңнен жұмаға дейін 1,5%-ке әлсіреді, бразилиялық реал - 0,9%, мексикалық песо - 0,8%-ке бәсеңдеді", - деді Тұрсынханов.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Руслан Бекетаев Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің шешімімен Руслан Бекетаев 5 наурыздан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Оның құзіретіне Еуразиялық экономикалық одақтағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек көші-қоны мен әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін осы қызметті Тимур Жақсылықов атқарған. Ақпан айында ол ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал Руслан Бекетаев қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары, қазынашылық комитеті төрағасы болды.
НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Түркістан облысында Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны Лаура Тұрарбекова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында үш қызды дүниеге әкелді.
Шала туған үшемнің өмірін дәрігерлер аман алып қалды. Бүгінде нәрестелерді №1 облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері бақылауға алған, деп хабарлады Otyrar.kz.
"Үш қызымның рақатын көрейін енді. Үйімде тағы екі ұлым мен екі қызым асыға күтіп отыр. Мереке қарсаңында босанып отырмын. Осы орайда ақ халатты әйелдер қауымын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дәрігерлерге мың алғыс", – дейді көпбалалы ана.
Жаңа туған сәбилерге Жания, Рабия, Сания есімдері берілді.
Ақ халаттылардың біліктілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтарды анасы бауырына басты. Себебі жеті жарым айлық нәрестелердің өкпесі дұрыс дамымаған, бәрі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Балаға берілетін жәрдемақы - 2021: кімге, қалай және қанша төленеді?
Айта кетейік, жыл басынан бері орталықта 1571 бала дүние есігін ашқан. Олардың 38-і егіз болса, екеуі үшем.