Экономика

Парламент дипломаттарға төлем төлеуді көздейтін заң қабылдады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги в руках
Деньги в руках - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2021
Жазылу
Дипломатиялық қызмет персоналы мен оның отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы дипломатиялық пошта арқылы жіберу құқығы алынып тасталды.

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Парламент "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

11 ақпанда парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған дипломатиялық қызмет туралы заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарған еді.

"Олардың ішінде дипломатиялық қызмет ардагерлерінің қатарына қосылу үшін қажет болатын дипломатиялық қызметтегі жұмыс өтілін 15 жылдан 10 жылға дейін қысқартуды көздейтін түзетулер бар. Келіп түскен өзгерістер бас комитеттің отырысында қаралды. Осыған байланысты халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады", - деді депутат, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Мұхтар Ерман.

Парламент заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдап, президенттің қарауына жіберді.

Дипломатиялық қызмет туралы заңда "Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері" ұғымын бекіту ұсынылады.

Сонымен қатар, дипломатиялық қызмет ардагерлеріне 2022 жылдың 1 қаңтарынан арнайы төлем төлеу көзделген.

"Дипломатиялық пошта" ұғымы енгізіліп, Қазақстан үкіметінің, сыртқы істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың жоспарлау, жасақтау, ресімдеу және дипломатиялық поштаны жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функциялары бекітілді.

Дипломатиялық қызмет персоналы мен оның отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы дипломатиялық пошта арқылы жіберу құқығы алынып тасталды.

Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің құқықтық мәртебесін заң деңгейінде бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдіктері алдында маңыздылығын арттыру жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0