Экономика

Tengri Bank-тің экс-басшысы ұсталды

© Sputnik / Алексей Вовк / Медиабанкке өтуСотрудник правоохранительных органов снимает наручники, архивное фото
Сотрудник правоохранительных органов снимает наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2021
Жазылу
Банктің 5,4 миллиард теңге көлеміндегі қаражатын жымқыру фактісі бойынша "Tengri Bank" АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан — Sputnik. Tengri Bank директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Ержан Шайкенов ұсталды. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстанға Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік хабарлады.

"Иә, ұсталғанын растаймыз. Шайкенов қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабында ("Ұстап алу негіздері" - Sputnik) көзделген тәртіппен ұсталды. Басқа ақпарат әзірше жария етуге жатпайды", - деп хабарлады агенттікте.

Шайкенов 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың мамырына дейін Tengri Bank басқарма төрағасының қызметін атқарды. 2020 жылдың шілдесінен бастап Tengri Bank директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде болды. 2021 жылдың ақпан айында аталған банк мәжбүрлі түрде таратылды.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың қыркүйегінде Tengri Bank банктік және басқа да операцияларды орындау лицензиясынан айырылды. Клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке қатысты 11 бақылаушылық әрекет ету шарасын қабылдап, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы 36 хаттама толтырды.

Tengri Bank-тің экс-менеджерлері ақша жымқырды деген күдікке ілінді

2020 жылдың қарашасында Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеулер қызметінің жетекшілігімен ведомствоаралық жедел тергеу тобы банктің 5,4 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқыру фактісі бойынша "Tengri Bank" АҚ-ның бұрынғы топ-менеджментіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Ақпан айында "Tengri Bank" АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында "Tengri Bank" АҚ әкімшілік-шаруашылық департаментінің экс-басшысы Бақытов Алмас Бақытұлына және оған бағыныстағы компаниялардың бірінде басшы болған Рахметова (Байжанова) Тоғжан Тілеужанқызына іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады.

Жаңалықтар
0