НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Total концернінің барлау және өндіру жөніндегі бөлімшесінің президенті Арно Брейякты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында көмірсутегі секторындағы бірқатар жобаны жүзеге асыру мәселелері, Қазақстан мен Total концерні арасындағы ықпалдастықтың алдағы перспективалары, сондай-ақ, жаңа инвестициялар тарту мүмкіндіктері талқыланды.
"Арно Брейяк Қасым-Жомарт Тоқаевқа концерннің жасыл технологиялар бағытындағы жұмысын трансформациялау жоспары туралы айтып, кәсіпорынның атауын TotalEnergies деп өзгертуге ниетті екенін жеткізді", – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар француз кәсіпкері концерннің Қазақстандағы мұнай-газ саласы бойынша, соның ішінде, Қашаған кен орнындағы екінші фазаны іске асыру аясындағы ірі жобаларға, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері бағытындағы бірқатар жобаға инвестиция салуға дайын екенін нақтылады.
Мемлекет басшысы мұнай-газ концернінің даму стратегиясын өзгерту жөніндегі шешімін құптап, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге бейілді екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев шетелдіктердің үлесі бар компаниялардағы жалақы жайлы пікір білдірді
Кездесу аясында Арно Брейяк Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Каспий және Оңтүстік-Еуропа аймағы бағытындағы бөлімшесінің жаңа вице-президенті Кристин Хейлиді таныстырды.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз — Sputnik. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов сыртқы нарықтағы оқиғалар мен осы факторлардың теңгеге ықпал етуі туралы айтып берді.
Теңгенің әлсіреуінен кейін аптаның ортасында бағамның нығаюы мен тұрақтануы байқалады. Тұрсынхановтың айтуынша, бүгінгі сауда сессиясында ұлттық валютаның шамалы нығаюы сыртқы негізгі факторларға тікелей байланысты болды.
"Ең алдымен теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы жұма күні алдыңғы жоғары деңгейге қайта көтерілді. Ол бейсенбі күні таңертеңгі бағамен салыстырғанда 5%-ке артты" – деді ол.
Жұма күндіз Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың қаңтарынан бері алғаш рет 68 доллардан жоғары көтерілді.
Тұрсынханов мұнай нарығындағы қазіргі жағдайға ОПЕК + ұйымының сәуір айындағы мұнай өндірісі көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы күтпеген шешімі туралы жаңалықтар ықпал еткенін айтты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы да өз еркімен өндірісті тәулігіне миллион баррельге қысқартуды сақтайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, ОПЕК + мұнай картелі министрлерінің кездесуі 4 наурызда өтті. Бұл кездесудің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер өндірісті тәулігіне жарты миллион баррельге арттырады деп болжанған болатын.
Ұлттық банк өкілі айтқандай, алайда, АҚШ доллары бірқатар валюталарға қатысты нығайғаны байқалды.
"Федералды резервті жүйе жұмыспен қамту саласы және инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты ұстап тұруды көздейтініне қарамастан, Пауэлл кеше Wall Street Journal басылымына берген сұқбатында жыл басынан бері облигациялар кірісінің өсуіне қатысты алаңдаушылық танытпады", - деді Нұржан Тұрсынханов.
Ол ФРЖ басшысының сұқбаты АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарының табысы біршама өсуіне ықпал еткенін атап өтті. 10 жылдық қазынашылық облигация кірісі 2020 жылдың ақпан айының ортасынан бастап алғаш рет 1,57%-ке жетті.
"ФРЖ басшысының мәлімдемелері АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранді бейсенбі күні таңертеңнен жұмаға дейін 1,5%-ке әлсіреді, бразилиялық реал - 0,9%, мексикалық песо - 0,8%-ке бәсеңдеді", - деді Тұрсынханов.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Руслан Бекетаев Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің шешімімен Руслан Бекетаев 5 наурыздан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Оның құзіретіне Еуразиялық экономикалық одақтағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек көші-қоны мен әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін осы қызметті Тимур Жақсылықов атқарған. Ақпан айында ол ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ал Руслан Бекетаев қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары, қазынашылық комитеті төрағасы болды.
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз — Sputnik. WhatsApp мессенджері iPhone-ның ескі модельдерінде жұмысын тоқтатады, деп хабарлады WABetaInfo порталы.
iOS-ке арналған қосымшаның соңғы бета-нұсқасында iOS 9 және одан төмен операциялық жүйе орнатылған құрылғыларға қолдау көрсету тоқтатылды. WhatsApp-тың ресми ресурсында бұл ақпарат әлі расталған жоқ.
Қазіргі уақытта мессенджер қолдау жасайтын iPhone-ға арналған операциялық жүйелердің ресми тізімінде iOS 9 немесе одан жаңа нұсқалары бар.
Оқи отырыңыз: Жаңа жылдан бастап кейбір телефондарда WhatsApp істен шығады
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мессенджер жоғарыда аталған iOS 9 немесе Android 4.0.3-ке дейінгі операциялық жүйені жаңартпан қолданушылардың құрылғыларында жұмысын тоқтатқан болатын.