НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз — Sputnik. 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 процентке көтеріледі. Осыдан кейін электр энергиясын халыққа жеткізетін компаниялардың шекті тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұған дейін энергия өндіретін 45 компанияның 37-сі шекті тарифті көтеруге өтініш берген болатын. Басында олар 36 процентке көтеруді сұраған. Жарты жылдан астам уақыт бойы барлық өтініш зерделенді, есептеулер де жасалды. Арнайы бұйрық әзірленді. 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орташа есеппен 15 процентке көтеріледі", - деді Рахымов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде электр энергиясын өндіруші компаниялардың шығындары көбейді. Инженерлік желілер тозды, салық көлемі де артып отыр. Жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Ал энергия өндіретін компаниялардың шекті тарифтері көтерілгеннен кейін сол энергияны халыққа жеткізетін кәсіпорындардың шекті тарифтері қайта қаралады. Бұл мәселе ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіреді. Онымен табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады.
"Тұтынушыларға қатысты тарифтерді реттеу мәселесі басқа уәкілетті органның құзыретіне кіреді. Сондықтан ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ энергия өндіретін ұйымдардың тарифтері көтерілгеннен кейін басқа кәсіпорындардың қызмет ақысы көтерілуі мүмкін. Бірақ су болсын, жылу болсын, энергия болсын, әрбір жеткізуші компанияның тарифтері жеке-дара қаралады", - деп атап көрсетті Рахымов.
Олардың электр энергиясына кететін шығындарының көлемі ескеріледі.
НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір — Sputnik. Қазақстанда арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – бұл жәрдемақыға құқығы бар азаматтарға жәрдемақының өзге түрлеріне қарамастан берілетін ақшалай төлем. Оны мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, "Қазақстанның еңбек ері", "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" және "Халық қаһарманы" құрметті атағын алғандар, ядролық сынақтардан зардап шеккендер және тағы басқа адамдар ала алады.
Оқи отырыңыз: Балаға төленетін жәрдемақы көтеріле ме – үкімет жауап берді
Жаңа заң жобасы бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны электронды ақшамен де төлеу қарастырылған. Оны электронды әмияндарға аударып отырады. Ал электронды әмияндағы ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады. Бұның барлығы жәрдемақыны тағайындау туралы өтініште көрсетіледі.
Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдерді цифрландыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтарда таңдау болатынын хабарлаған. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды не банк картасын, не әлеуметтік әмиянға аудартуға мүмкіндік болады.
Ал "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" заңға сәйкес, әлеуметтік әмияндағы ақшаны банктер, салық органдары мен коллекторлар өндіре алмайды. Әлеуметтік төлемдерге арналған электронды әмиян 2022 жылы енгізіледі деп жоспарланып отыр.
НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында ел дамуының жаңартылған болжамы және республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Отырысқа премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқалар қатысты.
Отырыс барысында үкімет әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты болжамдарын және әлемдік экономикадағы ахуалды, тауар нарығындағы үрдістерді ескере отырып, осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарын, сондай-ақ биылғы І тоқсанның алдын ала қорытындылары жөнінде баяндады.
Атап айтқанда биыл ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі бекітілген көрсеткіштен 0,3 пайызға артып, 3,1% деңгейде болады деп болжануда. Инфляция деңгейі 4-6% аралығында сақталып отыр.
Бюджетті нақтылаудың негізгі міндеті – мемлекет басшысының жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау және Nur Otan партиясының сайлауалды платформасын жүзеге асыру. Осыған байланысты бюджеттің кірісінде де, шығысында да өсім болады деп болжанып отыр.
"Автомобиль жолдарын дамытуға, "Ауыл – ел бесігі" жобасын одан әрі іске асыруға, экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, "Жұмыспен қамтудың жол картасын" жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосымша қаражат бөлінетін болады", – делінген хабарламада.
Пандемиямен күреске бөлінетін қосымша қаржы дәрігерлерге үстемеақы және медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, су тасқынына қарсы іс-шараларға, сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерінің құрылысы мен оларды жаңғыртуға қаржы бөлу жоспарланған.
Жиын қорытындысы бойынша президент бюджет шығындарын оңтайландырып, кірісін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ жекешелендірудің кешенді жоспары аясында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанды не күтіп тұр: белгілі маман 2021 жылға болжам жасады
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Ертең, 18 сәуірде елдің басым аумағында ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде жаңбыр жауады, түнгі уақытта солтүстікте қар аралас жаңбыр болжануда. Кейбір облыстарда тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстік-шығыста, батыста және солтүстік-батыста найзағай ойнайды, деп хабарлайды Қазгидромет.
Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, таңертең және күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады.
Жамбыл облысында, күндіз Алматы облысында найзағай ойнайды, жел 15-20 м/c дейін күшейеді.
Қостанай облысында кей жерлерде найзағай ойнайды, дауыл тұрады, тұман түседі, күндіз желдің жылдамдығы 15-20, екпіні секундына 25 метрге дейін барады.
Тағы оқыңыз: Биыл жаз қандай болады – синоптиктер болжам жасады
Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерді тұман басады, күндіз желдің екпіні 23-28 м/c дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан, күндіз Павлодар, Қарағанды, Қызылорда облыстарында жел 15-20 м/c дейін күшейеді, Қарағанды облысында кей жерлерде – тұман.
Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, түнде және таңертең Атырау облысында кей жерлерді тұман басады. Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде найзағай жарқылдайды.
Нұр-Сұлтанда 18 сәуірде күн ашық, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы күндіз 18 градусқа дейін көтеріледі, түнде – плюс бір градус. Жел жоқ.
Алматыда көшпелі бұлт шығады, оқта-текте жаңбыр жауады. Күндіз сынап бағанасы плюс 19 градус, түнде плюс 8 градусты көрсетеді.
Шымкентте де күн ашық. Күндіз – плюс 22, түнде – плюс 11 градус.