Экономика

Доллардың қымбаттауы халық күнкөрісіне қалай әсер етеді - сарапшылар пікір білдірді

© Sputnik / Тимур БатыршинДоллары и тенге
Доллары и тенге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2021
Жазылу
Экономистер доллардың ұлттық валютаға шаққандағы бағамының өсуіне не себеп болғанын түсіндірді

АЛМАТЫ, 14 сәуір – Sputnik. Қазақстан қор биржасындағы таңғы сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың ұлттық валютаға шаққандағы орташа бағамы 431,11 теңгені көрсетіп тұр. Доллар бағасы соңғы бір айда 12,27 теңгеге қымбаттады. Алайда экономистер бағаның әрі қарай да өсе беретінін болжап отыр. Оған не себеп болады, қандай жағдайда доллар бағасының өсуі ел ішіндегі қымбатшылыққа әкелмейтіні жөнінде мамандар пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Доллар неге қымбаттады?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, АҚШ-тың қазыналық құнды қағаздарының пайызы артып, соның есебінен түсетін кірістің артуы доллар бағасының қымбаттауына әсер етті.

"Әлемдегі инвесторлар ақшасын АҚШ экономикасына құйып жатыр. Оған АҚШ президенті Джо Байденнің коронавирус тудырған дағдарыс салдарымен күресуге 2 триллион доллар жұмсалатынын хабарлауы себеп болды. Бұл әлі басы ғана, жыл соңына дейін бұдан да көп қаражат бөлінетіні сөзсіз. Бұл АҚШ экономикасы тез жанданып, қалпына келеді деген сөз. Әлемдегі көптеген инвестор дамушы елдерге салған ақшасын алып, АҚШ-тың құнды қағазын сатып алу үшін қаржы салып жатыр. Бұл белгілі бір деңгейде доллар құнының артуына септігін тигізіп отыр", - деді экономист Мақсат Халық.

Айтуынша, кейінгі кезде доллардың тек теңгеге қатысты бағамы қымбаттап отырған жоқ. Әлемнің негізгі валюталарына қатысты құны артқан.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, теңгенің құнсыздануына Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы әсер етіп отыр.

"Доллардың теңгеге шаққандағы бағасы қымбаттауда. Оған әртүрлі фактор әсер етіп жатыр. Қазақстан – экспорттаушы мемлекет. Ең алдымен бағаға Қазақстанда шығарылатын өнімнің аз болуы әсер етіп отыр.  Екіншіден, осы уақытқа дейін жұмыс істеген кәсіпорындар қызметінің уақытша не мүлде тоқтауы да әсер етті. Осының бәрі теңгенің ликвидтілігін (өтімділігін) төмендетіп отыр. Бұл –  теңгенің құнсыздануына әкелген бір фактор", - дейді экономист.

Ысқақовтың пайымдауынша, мұнай бағасының арзандауы да валютаға әсер етеді.

"Бізде бюджеттің негізгі кіріс бөлігі мұнайдан түседі. Мұнай бағасы түскен кезде біздің экономикаға келетін қаражат көлемінің азаюы да теңгенің арзандауына әкеледі", - дейді ол.

Ел ішіндегі қымбатшылық

Мамандардың айтуынша, доллар қымбаттаса да, ел ішінде қымбатшылық болмауы керек. Алайда кәсіпкерлер мен алыпсатарлар доллардың қымбаттауын желеу етіп бағаны өсіреді.

"Халық өнімдерді сатып алу процесінде теңгені қолданады. Сол себепті доллардың қымбаттауы әсер етпеуі керек еді, бірақ бізде, өкінішке қарай, нарықта девальвациялық жағдай болса, көп тауардың бағасы өсіп кетеді. Негізі шетелден келетін тауардың бағасы өсуі керек еді. Бірақ оған қарамай, отандық тауарлар да қымбаттайды. Кәсіпкерлер мен алыпсатарлар доллар бағасының қымбаттауын сылтау етіп, бағаны өсіріп жібереді", - деді Халық.

Ал экономист Ысқақов халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлардың басым бөлігі шетелден келетіндіктен, доллар бағасы ішкі нарыққа да айтарлықтай әсер ететінін айтты.

"Доллардың қымбаттауы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне де әсер етеді. Өйткені халықтың күнделікті сұранысын қамтамасыз ететін тұрмыс-тіршілігіне қажетті тауарлардың көбі шетелден келеді. Мысалы, электроника, техникалық бұйымдар, автокөліктер доллармен сатып алынады. Сол арқылы бізге де қымбат бағамен келеді. Оның соңы қымбатшылыққа әкеп соғады", - дейді Ысқақов.

Оның сөзінше, доллардың қымбаттауы макроэкономика жағынан Қазақстанға тиімді.

"Сыртқа экспортталатын мұнайды сатудан түсетін табыс доллар арқылы келеді. Қымбат доллардың ел бюджетіне түсуі макро деңгейде тиімді. Ал теңгенің құнсыздануы халықтың арасындағы қымбатшылыққа алып келген жағдайда мемлекет баланс сақтауға ұмтылуы керек", - дейді экономист.

Айтуынша, жалақыны көтеру, әлеуметтік жеңілдіктер беру, тауарларын теңгемен сатып алатын кәсіпкерлерге субсидия беру арқылы баланс сақтауға болады.

"Қымбатшылықтың алдын алу үшін Қазақстанда өнім шығаратын кәсіпорындардың санын көбейтуіміз керек. Сүт өнімдері, жеміс-жидектің басым бөлігі көрші елдерден келеді. Біз сыртқы экономикаға жұмыс істеп жатырмыз. Теңгенің құнын арттыру үшін бізде шығатын тауарлар ең алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыруы керек. Сырттан келетін тауарларға бәсекелес болған жағдайда ғана қымбатшылықтың алдын аламыз", - деді Бауыржан Ысқақов.

Доллар арзандай ма?

Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде доллар бағасының түсуі мүмкін деген болжам жоқтың қасы.

"Керісінше доллар бағасы өсіп кетуі мүмкін деген пікірлер бар. Доллардың өз құнын көтеріп жатқаны, Ресей рублінің құнсызданып кету қауіпі соған әсер етеді. Себебі геосаяси жағдайларға байланысты Ресейге қатысты санкциялар өршіп кетуі мүмкін. Рубль құнсызданса, теңге де әлсірейді. Осы жағдайларды ескеріп, болашақта теңге әлсірейді деген тұжырымға келуге болады", - дейді экономист.

Оның сөзінше, ақпан-наурызда қазақстандықтар көп көлемде доллар сатып алған. Демек нарықта алыпсаталар бар. Олар доллардың қымбаттауын жөн көреді.

Kurs.kz сайтының ақпаратына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында айырбастау пунктерінен долларды 431-433 теңгеден сатып алуға болады, ал қабылдау бағасы – 429-430 теңге.

Алматының валюта айырбастау орындары бір долларды 431,3-434 теңгедан сатып жатыр, ал сатып алу бағасы – 429-432 теңге.

Шымкенттің айырбас орындарында бір доллар 431-432 теңгеден сатылып, 430 теңгеден қабылданып жатыр.

Жаңалықтар
0