Экономика

Парламент ЕАЭО аумағында тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңды қабылдады

© Sputnik / Владислав Воднев Флаги стран-участниц ЕАЭС
 Флаги стран-участниц ЕАЭС - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.04.2021
Жазылу
ЕАЭО-ға мүше үш мемлекетттер келісім күшіне енгеннен кейін жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға мүмкіндік алады

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Парламент ЕАЭО-ның бірыңғай техникалық регламенттерімен реттелмеген өнімдердің одақ аясындағы айналым тәртібін белгілейтін келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕАЭО-дағы интеграциялық процестердің, тауарлардың, қызметтер мен капиталдың бірыңғай нарығын қалыптастыру үшін техникалық реттеу саласында біркелкі қағидаларды бекіту аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ол одаққа мүше елдердің кәсіпкерлеріне тең жағдай жасау және адал бәсекелестікті қалыптастыру үшін қажет екенін алға тартты.

"Тұтынушылар үшін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды екені сөзсіз. Сондықтан бүгін қабылданған заң өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген, Одақтың техникалық регламеттерімен реттелмейтін тауарлардың айналым тәртібін белгілейді. Соның нәтижесінде тұтыну нарығындағы бір топ тауардың қауіпсіздігін күшейтетін құқықтық негіз қалыптасады", - деді спикер.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – одақ аумағында айналымдағы барлық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерінен туындайды.

"Бүгінгі таңда айналымға шығарылатын өнімнің 85%-і Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламенттерімен реттеледі. Бұл тамақ өнімдерінен бастап, балалар индустриясының тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да өнім түрлерінің кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер. Ұсынылып отырған заң жобасында өнімнің қалған түрлерін реттеу қарастырылған", - деді ол.

  • Біріншіден, бұл – ЕАЭО-ның бірыңғай техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдер;
  • Екіншіден, одақ деңгейінде өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдер.

Министрдің айтуынша, өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнім түрлерін қамтиды. Бұл тізбе одаққа мүше елдердің және халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты қайта қарастыруды ұсынды

"Біз осы келісімнің реттеу объектісіне жататын тауарлар номенклатурасына талдау жасадық. Негізінен, бұл әлеуетті қауіп төндірмейтін өнімдер. Бүгінгі таңда оған қойылатын талаптар жоқ. Тізім үлкен емес, шамамен 15 позициядан тұрады. Мысалы, сағаттар, тұрмыстық щеткалар, жасанды әшекейлер және тағы басқалары кіреді. Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді болады. Ақпарат ресурсы нарықтағы жағдайға мониторинг жүргізуге және жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді", - деді Сұлтанов.

Келісімді іске асыру мақсатында тәртіпті реттейтін өнім айналымы қағидаларының жобасы әзірленді.

Қазіргі уақытта бұл қағидаларды бизнесмендер және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы талқылап жатыр. Жалпы алғанда жан-жақты түсіністік бар, деді ол.

Айтуынша, ЕАЭО-ға мүше үш мемлекет келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған. Министр заң жобасы тұтынушыларға сапалы өнім таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сенат келісімді бірауыздан ратификациялады.

Жаңалықтар
0