ақша

Биыл жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алатындар саны өсті

101
Заң бойынша жұмыстан босатылған азаматтар 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады

НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір — Sputnik. Биыл жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алатын адамдардың саны екі есеге өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"1 сәуірдегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 48,7 мың адамды құрады, бұл ретте осы жылы 24,9 мың адамға алғаш рет төлем тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.

Заң бойынша жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысының мөлшеріне қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Оның көлемі бұрынғы кірістің 40 процентіне дейін жетеді.

Төлемді алу үшін жұмыстан босатылған азамат бірнеше талапты орындау қажет. Олар:

  • eGov.kz порталында авторизациялану;
  • "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу.

Жұмыспен қамту орталығы бір күннің ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Ал жұмыс табылмаса, үш күн ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі төлемді проактивті форматта тағайындай алады. Ол үшін алдымен қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жіберіледі. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде бекітіледі.

"Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған", - дейді министрлік мамандары.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жалақысы ең төмен өңірлер аталды

Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның 40 қаласының тұрғындары үшін электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосқан. Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, соның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.

101
Кілт сөздер:
әлеуметтік төлем
Автобан

Маусымнан бастап Қазақстанда қай жолдар ақылы болады

106
Қазіргі кезде индустрия министрлігі жаңа учаске бойынша көлік жүргізушілері қанша төлейтінін қарап жатыр

АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Маусымнан бастап Қазақстанда автожолдардың 18 учаскесі ақылы жүйеге көшеді. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша, маусымнан бастап жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым автожолдың ақылы учаскелері пайдалануға беріледі.

Ақылы жолдарда төлем алудың "ашық" жүйесі енгізіледі, яғни шлагбаум болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі.

Қай жолдар ақылы болады

  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
  • Орал – Ресей Федерациясы шекарасы (Саратов);
  • Орал – Ресей Федерациясы шекарасы (Самара);
  • Ресей Федерациясы шекарасы (Орынбор) – Ақтөбе;
  • Щучинск – Петропавл;
  • Шымкент – Қызылорда;
  • Шымкент – Тараз;
  • Тараз – Қайнар;
  • Қапшағай – Талдықорған;
  • Қарабұтақ – Қызылорда;
  • Ақтөбе – Орал;
  • Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы;
  • Ақтау – Бейнеу;
  • Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасы (Троицк);
  • Нұр-Сұлтан – Қостанай;
  • Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасы (Омбы);
  • Нұр-Сұлтан – Павлодар;
  • Павлодар – Семей – Қалбатау.

Қандай көлік ақы төлеуге міндетті

Әр учаске бойынша қандай автокөліктен төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тікелей байланысты. Мысалы, І техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөлік, ІІ және ІІІ техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды.

"Алғашқы ақылы учаске енгізілген кезден бастап бүгінге дейін ақылы жолдардың тарифтеріне өзгеріс енгізілмеді, бағасы өспеді. Ал жаңа ақылы учаскелер бойынша төлем мөлшерлемесін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастырады. Сондай-ақ тест ретінде пайдалану барысында автокөліктерден төлем алынбайды", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".

Жаңа жолдар жүргізушілер мен жолаушылар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ апат деңгейін төмендетеді және жол инфрақұрылымын, жол бойындағы сервисті және учаскелерде тәулік бойы сервисті белсенді дамытуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: "Нұр-Сұлтан – Щучинск" ақылы жол уческесінде көпір қирағалы тұр – видео

Айта кетейік, төлем алу учаскелерде жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана енгізіледі.

106
Кілт сөздер:
Қазавтожол, ақылы жол
Тақырып бойынша
Үш ай ішінде Қазақстанда тағы үш жол ақылы болады
Қазақстанда тағы 15 мың шақырым жол ақылы болмақ
Министр 2025 жылға қарай қанша жол ақылы болатынын айтты
Нұр-Сұлтанда қыз жүк тиегішті ұрлап әкетіп, жол апатын жасады – видео
Жыл соңына дейін Қазақстанда тағы тоғыз жол ақылы болады
Ұлттық теңге

Халыққа тегін ақша таратыла ма валютаның жаңа формасына қатысты маман пікір білдірді

1927
(Жаңартылды 15:48 16.05.2021)
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, халық цифрлық валютаның артықшылығын көрсе, коммерциялық банктерде ақша азаяды

НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстаннның ұлттық банкі цифрлық теңгені енгізуді жоспарлап отыр. Жақында осы мәселені қоғамдық талқылауға да шығарған. Банктің баяндамасына сәйкес, "бұл – ақшаның жаңа формасы". Биыл оны сынақтан өткізіп көреді. Бәрі ойдағыдай болса, цифрлық теңге қолданысқа түседі. Сонда ұлттық валютаның жаңа формасы қалай енгізіледі? Сауда-саттық пен ақша айырбастау жағынан қиындық болмай ма? Интернет істемей қалса, цифрлық ақша қалай аударылады? Пилоттық жоба кезінде тегін ақшаны таратуы мүмкін бе? Ең бастысы, халық цифрлық валютадан не ұтады? Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселені зерделеп көрді.

Әлемдік тәжірибе не дейді

Бүгінде әлем бойынша цифрлық валютаны енгізу мәселесі кеңінен зерделеніп жатыр. Осы бастаманы сынақтан өткізіп алған мемлекеттер де бар. Мәселен, көрші Қытай былтыр цифрлық юаньге сынақ жасады. Биыл осы ақшаға алғаш рет әуе билеті сатып алынды. Енді, келесі жылы цифрлық юаньді айналымға шығару жоспарланып отыр.

Қазақстанның тағы бір көршісі – Ресей Федерациясы да цифрлық рубльді сынақтан өткізіп көрмекші. Бұдан бөлек, Ұлыбритания, Канада, Швеция, Израиль мен Жапония сияқты мемлекеттер цифрлық валютаны жасау мәселесін зерделеуге кірісті. Еуропаның орталық банкі де алдағы уақытта цифрлық еуроны шығаруды жоспарлап жатыр. Ал Багам аралдары мен Камбоджа цифрлық валютаны қолданысқа енгізіп қойды.

Байқап қарасақ, барлығы есеп айырысуды технологиялық тұрғыда барынша жеңілдетуді көздейді. Себебі цифрлық валютамен офлайн режимде яғни, интернет болмаса да, төлем жасай беруге болады. Демек, шалғай ауылда жүрген адам да оны емін-еркін қолдана алады. Оған қоса, банктерге сан алуан комиссия төлеудің қажеті жоқ.

Ал халықаралық сарапшылардың сөзіне қарағанда, цифрлық валютаның арқасында санкцияларды да айналып өтуге болады. Мәселен, Иран долларлық төлем жүйесі арқылы ақша аудармай-ақ, басқа мемлекеттермен тікелей жұмыс істей алады. Сонда АҚШ-тың санкциялары тиімсіз болып қалады.

Цифрлық валютамен төлем қалай жасалады

Ұлттық банк мамандары цифрлық теңге мен криптовалютаны шатастырмау қажет деп отыр. Себебі мемлекет криптоақшаны шығармайды және оған кепілдік бермейді. Оның бағамы тұрақсыз болғандықтан, тауар мен қызметтің толыққанды төлем құралы бола алмайды. Ал цифрлық валютаны ұлттық банктің өзі айналымға шығарады және реттеп отырады.

Қазіргі жоспарға сәйкес, ондай валюта әмбебап цифрлық кодтың негізінде жасалады да, электронды әмиянға аударылады. Тіпті, интернетсіз ақша аудару мүмкіндігі де болады. Мысалы, сымсыз байланыс болғанда цифрлық теңге POS-терминал, QR-код және тағы басқа электронды құрал-жабдықтар арқылы аударылса, офлайн кезінде ақша смартфонға немесе планшетке жүктеледі де, арнайы модульде сақталады. Төлем Bluetooth немесе NFC арқылы жасалады. Цифрлық теңге телефоннан бірден терминалға түседі.

Осылайша, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол емес ақша ретінде жүре береді. Бүгінде біз барлық төлемді көбінесе, картамен немесе ұялы телефонмен жасаймыз. Ал интернет болмаса, қолма-қол ақша іздей бастаймыз. Цифрлық теңгемен ондай проблема болмайды. Себебі төлемнің екі түрін де жасауға мүмкіндік болады.

Цифрлық теңгенің тиімділігі неде

Ұлттық банк цифрлық теңгені бюджет қаражатын бақылаудың тиімді құралы ретінде қарастырып отыр. Атап айтқанда, тендер мен субсидия арқылы бөлінген ақшаны қадағалауға болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнтақыларды тікелей әлеуметтік әмиянға аударып отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, көлеңкелі экономиканың үлесі азаяды.

Цифрлық валютаны қолма-қол ақшаға да, қолма-қол емес ақшаға да ауыстырып, электронды аударымдар жасауға мүмкіндік бар. Сол сияқты ақшаның осы екі түрі де цифрлық форматқа аударылады.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, әрбір цифрлық теңгенің өзіндік сериясы болады. Сол арқылы ұрланған ақшаны табуға мүмкіндік бар.

"Әрбір цифрлық теңгеге жеке нөмір беріледі. "Токен" дейді. Қазір қолма-қол ақшаның өзінің сериялық нөмірі бар ғой, сол сияқты цифрлық ақшаға да тура сондай нөмір беріледі. Мәселен, ертең сіз ұялы телефоныңызды жоғалтып алсаңыз. Ал цифрлық әмияныңыздағы ақшаны ұрлап кетсе, онда ақшаның цифрлық нөмірі арқылы қалай және қайда жұмсалғаны анықталады. Сонда ұрылар мен алаяқтарды жылдам табуға болады", – деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда маман есепшоттарға кибершабуыл жасау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі банк есепшоттарында жатқан ақшамен салыстырғанда цифрлық теңгені ұрлау қиынға түседі.

"Цифрлық жүйенің қауіпсіздік дәрежесі жоғары деген мәлімет бар. Яғни, хакерлерге цифрлық әмияннан гөрі банктің есепшотында жатқан қаражатты шешіп алу оңайырақ. Демек, қауіпсіздік жағынан да цифрлық валютаның артықшылығы бар. Ең бастысы, халық оның қандай тиімділігін көреді? Цифрлық валютамен есеп айырысу кезінде комиссия болмайды дейді. Болған күннің өзінде аз болады. Қазір біз бір банктің картасынан екіншісіне ақша аударсақ немесе банкоматтан лимиттен артық ақша шешсек, көп комиссия ұсталады. Ал цифрлық валюта кезінде бір әмияннан екіншісіне ақша аударғанда комиссия болмайды. Бұл – үлкен артықшылық. Одан халық ұтады", – деп атап көрсетті Халық. 

Дегенмен, қаржылық тұрақтылық жағынан бірқатар мәселелер туындауы мүмкін. Халықаралық сарапшылардың ойынша, халық цифрлық валютаның артықшылығын көрсе, коммерциялық банктерде ақша азаяды. Ал дағдарыс жағдайында салымдар мен депозиттер жаппай цифрлық жүйеге ауыстырылуы мүмкін. Осыған байланысты ұлттық банк бүгінде базалық мөлшерлемені қалай реттесе, тура солай цифрлық теңгені бір аккаунтқа аудару және ондағы ақшаның көлемін шектеу мәселесін де қарастырып жатыр. Сөйтіп, қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеміз дейді.

Тегін ақша таратыла ма

Цифрлық теңге қазіргі қолма-қол және қолма-қол емес ақшамен қатар жүреді. Онымен төлем жасауға тіпті, депозит ашуға болады. Дегенмен, әзірше бұның барлығы – жоспар. Пилоттық жоба кезінде цифрлық теңгенің платформасы әзірленеді. Соның негізінде ұлттық валютаның жаңа формасын сынап көреді. Ал сынақ сәтті өтсе, цифрлық теңгені қолданысқа шығарады.

Айтпақшы, Қытайдағы пилоттық жоба кезінде цифрлық юаньді Шэньжэнь қаласының тұрғындары арасында тегін таратқан. Сонда лотереялық әдіспен 50 мың адам таңдалып, әрбіреуінің цифрлық әмиянына 200 юань аударылған. Осылайша, адамдар ақшаның жаңа түрін өздері қолданып көрді.

Экономист Мақсат Халықтың ойынша, Қазақстандағы пилоттық жоба кезінде цифрлық теңгені тегін таратудың қажеті жоқ. Себебі халық онсыз да ақшаның жаңа формасын кеңінен қолданатын болады.

"Негізі, цифрлық ақшаны лотереямен немесе бонуспен таратса, онда адамдардың көбісі осы цифрлық валютаға отырып алуы мүмкін. Ал қазіргі жоспар бойынша қолма-қол ақша да, банктің есепшотындағы және картадағы электронды ақша да қатар қолданылады. Меніңше, комиссия ұстамаудың өзі халық арасында үлкен қызығушылық туғызады. Соған бола азаматтардың көбісі цифрлық валютаны ұстауы мүмкін. Сондықтан лотерея және тағы басқасын өткізудің қажеті жоқ", – дейді Халық.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда цифрлық теңге қашан пайда болады

Сарапшы цифрлық валюта кезінде ақша массасына баса назар аудару қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі ақша массасы артса, инфляция көтеріледі, ұлттық валюта құнсызданады.

1927
Кілт сөздер:
ұлттық валюта, валюта, теңге
Тақырып бойынша
Назарбаев криптовалюта үшін ортақ ереже әзірлеуді ұсынды
Қазақстандықтарға криптовалюта пайдалану ұсынылып отыр
Көлік салығы: қазақстандықтар мемлекетке 30 млрд теңге қарыз болып шықты
Астанада Алматы тұрғыны 11 мың долларға "криптовалюта" сатқан
Қазақстандықтар банктерге 7 триллион теңге қарыз – БАҚ
Газ терминалы

АҚШ сұйылтылған табиғи газ экспортын арттырды

0
Америкалық сұйылтылған табиғи газ экспорты (СТГ) рекордтық көрсеткішке жетті. Бірақ Вашингтон бұл дүрбелең жақында басылады деп қауіптеніп отыр

Өйткені, "Солтүстік ағын – 2" жобасы іске қосылғаннан кейін Еуропаға ресейлік арзан отын жеткізіле бастайды, деп жазды РИА Новости.

Наурызда америкалықтар шетелге күніне 10,5 миллиард текше фут сұйылтылған газ жөнелтіп отырды, деп хабарлады АҚШ энергетика министрлігінің энергетикалық ақпарат басқармасы (ЕІА). Сәуірде бұл көрсеткіш 9,2 болатын. Оның өзі көктем басындағы мінсіз максимум болды.

Баяндамада көрсетілгендей, өткен жылы және осы жылдың қаңтарында АҚШ-тан жеткізілетін СТГ экспортының басым бөлігі Азияға тиесілі болды. Бірақ ақпан мен наурызда ол газдың жартысын Еуропа сатып алып тұрды. Себебі ол жақтағы спотта баға азиялықпен теңесті.

"Мамырда тәулігіне 8,6 миллиард футқа дейін қысқарады деп күтіп отырмыз. Жаз айларында Еуропа мен Азиядағы сұранысты қанағаттандыру аясында бұл көрсеткіш 9 миллиардтан жоғарылайды деген болжам бар", – дейді ведомствода.

Халықаралық энергетика агенттігі 2024 жылға қарай америкалықтар осы сегментте көшбасшы боулы мүмкін екенін жоққа шығармады. ХЭА есебі бойынша АҚШ, Австралия және Ресейдегі табиғи газды сұйылту бойынша бірлескен қуат ол уақытқа дейін СТГ әлем экспортының 90%-ін құрайды.

Алайда Катар сынды ірі экспорттаушы Азия нарығына АҚШ-қа жол бере қоюы екіталай. 2020 жылы таяушығыстық бұл мемлекет 77,6 миллион тонна СТГ экспорттады. Бұл жалпы жеткізулердің 26,5 процентін құрайды. 2024 жылға қарай Парсы шығанағы жағалауындағы кішкентай монархияның газ өндіру көлемі екі есе артады. Ақпанда Дохада Солтүстік кен орнының шығыс бөлігін пайдалану бойынша инвестициялық соңғы шешім қабылданды.

Катардан кейінгі орында 26 проценттік көрсеткішпен Австралия тұр. Үшінші орынға АҚШ (14,7) және төртінші орынға Ресей (10) жайғасты.

Солтүстік мұзды мұхиттағы мұнай және газ ресурстарын жоспарлы түрде игеру он бес жылдан бері ресейлік биліктің әлеуетінде тұр. Наурызда Ресейдің министрлер кабинеті сұйылтылған табиғи газ өндірісін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын бекітті. Ол пайдлы қазба көздерін әртараптандыруға, ең алдымен Арктика қайраңы мен Қиыр Шығысты пайдалануға бағытталған.

OilPrice америкалық басылымы жазғандай, егер АҚШ тақтатас өндірісі есебінен ірі экспорттаушының біріне айналса, Ресейге Арктика көмектеседі. Аймақтағы пайдалы қазба қоры үлкен: табиғи газ – 35,7 миллиард текше метр, мұнай мен конденсат – 2,3 миллиард тонна.

Ресей энергетика министрі Александр Новактың айтуынша, 2025 жылға қарай Ресей жылына 68 миллион тонна сұйылтылған табиғи газ өндіріп, әлем нарығындағы үлесін 25 процентке арттыра алады.

OilPrice аналитиктері еуропалықтар үшін ресейлік құбыр желілік газ ғана емес, сондай-ақ сұйылтылған табиғи газ да тартымды екенін атап өтті.

"Ұзақ мерзімді келешекте Ресейдегі СТГ Еуроодақ тұтынушылары үшін оң шешім болады. Себебі АҚШ-қа қарағанда жеткізу жылдамырақ және арзан. Энергетикалық тәуелсіздікті қалайтын Литваның да Ресейден СТГ сатып алуы бекер емес", – деп санайды өнеркәсіптік тәуелсіз сарапшы Леонид Хазанов.

Оның айтуынша, америкалық жеткізушілер үшін Қытай мен Жапония басымдылыққа ие. Себебі бұл мемлекеттерде баға жоғары. Сондықтан ресейлік СТГ мұхиттың арғы жағынан жеткізілетін газды Еуропа нарығынан ысыруы мүмкін.

Қалай болғанда да сын-қатер де жоқ емес. 2025 жылға дейін сұйылтылған табиғи газдың әлем нарығында шамадан тыс көп болуы есебінен бағаның аса жоғары болуын күтудің қажеті жоқ.

0
Кілт сөздер:
мұнай, газ