Экономика

Ұлттық банк банкноттарды айырбастау мерзіміне қатысты шешім қабылдады

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, банкноттар, архивтегі сурет
Ақша, банкноттар, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Жаңа банкнот шыққан жағдайда, ескі банкнот бір жыл бойы қолданыста болады, қазақстандықтар оны кез келген уақытта айырбастай алады

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Енді қазақстандықтар 2006 жылғы және одан кейін шыққан банкноттарды кез келген уақытта айырбастай алады. Ұлттық банк банкноттарды айырбастаудың мерзімсіз кезеңін енгізу туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім халықтың өтініші мен халықаралық тәжірибені ескере отырып қабылданды, деді Ұлттық банк қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.

Жаңа банкнот шыққан жағдайда, ескі банкнот он екі ай бойы қатар қолданыста жүреді. Яғни, ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті.

Қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық банктің филиалдарында, екінші деңгейлі банктерде немесе "Қазпошта" кеңселерінде айырбастап алуға болады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қандай банкноттар жиі қолдан жасалатыны белгілі болды

Егер халық белгілі бір себептермен айналымнан шыққан банкноттарды үш жыл ішінде айырбастап үлгермесе, онда Ұлттық банктің филиалдары оларды еш шектеусіз қабылдай береді.

Бұл жаңашылдық 2021 жылдың 12 маусымынан бастап күшіне енеді.

Айта кетсек, 2006 жылы шыққан екі, бес және он мың теңгелік банкноттар 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап жарамсыз болды. Ұлттық банк оларды қабылдауды және ауыстыруды тоқтатқан еді.

Ал 3 наурыздан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттар айналымнан шығатыны хабарланды.

Бұған дейін мәжіліс депутаттары Ұлттық банктен ескі банкноттарды айырбастау мерзімін шектемеуді сұрады.

Жаңалықтар
0