Экономика

Мемлекеттік қарыз өсіп барады: сарапшылар Қазақстанды не күтіп тұрғанын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге, монеталар
Ақша, теңге, монеталар - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.06.2021
Жазылу
Сарапшылар мемлекеттік борыштың лимитін бекітуді және шетелден қарыз сұрарда халықтың пікірін білуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қазақстандық депутаттар дабыл қақты: мемлекеттік қарыз бір жылда 4,2 триллион теңгеге көбейген. Халық қалаулылары ел борышының өсу қарқыны алаңдатарлық жағдай деп отыр. Ал үкімет бейқам, керісінше, уайымдайтын ештеңе жоқ деп сендіріп әлек. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылармен тілдесіп, осы мәселеге қатысты пікірін сұрап білді.

Мұнайлы елдің сырттан қарыз алуының өзі қайран қаларлық

DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры Тимур Айсауытов та сыртқы қарыздың өскеніне алаңдаулы. Айтуынша, Қазақстан сыртқы донорлардан оңды-солды қарыз ала берсе, алдағы үш-бес жылда қиын жағдай орнайды. Сыртқы борышқа қызмет көрсету қиындайды. Бірақ елдің мемлекеттік қарызы дегенде менің түсінбейтін бір нәрсем бар, дейді ол.

"Мұнайы мен газы, металы бар бай мемлекет неге шетелге алақан жаяды? Сырттан қарыз алмайтын ел болудың орнына неге борышкер болып отырмыз? Бізде шикізат көп, өндіреміз, экспортқа шығарамыз, бірақ соған қарамастан қарызға белшеден батып жатырмыз. Таңғаларлық жағдай", - дейді Айсауытов.

Оның пікірінше, егер сыртқы нарық үлкен дағдарысты немесе экономикалық күйзелісті бастан кешіріп, оның зардабы Қазақстанға тисе, ел шынымен де дефолтқа ұшырауы мүмкін. Яғни көрші Ресейде 1998 жылы болған жағдай бізде қайталанып, Қазақстан экономикасы банкроттық жариялауға мәжбүр болады. Ал бұл мемлекеттің әлем алдындағы беделі мен рейтингін түсіреді.

"Егер шетелден жауапсыз қарыз ала берсек, мемлекеттің борыш саясатын қадағаламасақ, бұл сценарийдің орындалуы әбден мүмкін. Менің ойымша, бұл жерде елдің бюджеттік саясатын басқару тиімділігі үлкен күмән тудырады. Себебі мемлекеттік қарыз бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Берешек жылдан жылға өсіп барады, азайғаны көрінбейді", - дейді сарапшы.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы ақпарат жарияланды

Мемлекеттік қарыздың ішінде квазимемлекеттік сектордың борышы да бар. Квазимемлекеттік сектор дегеніміз бұл – ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, мемлекеттік кәсіпорындар, ақционерлік қоғамдар. Шетелден қарыз алғанда, оларға мемлекет кепіл болады. Яғни, егер сол компаниялар қандай да бір себеппен берешегін өтей алмаса не банкротқа ұшыраса,  олардың қарызын үкіметтің төлеуіне тура келеді.

"Мұның салмағы мемлекетке, қоғамға түсетіні сөзсіз. Сырттан қарыз алатын квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттің меншігінде, "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз", KEGOC – бәрі соларға тиесілі. Сол себепті ұлттық компаниялардың қарызын бақылауда ұстау қажет. Әйтпесе, мәселен, күндердің бір күнінде "Қазақстан темір жолының" алған қарызын қайтару үшін бүкіл теміржолды беруге мәжбүр боламыз. Бұл сценарий тек Қазақстанның теміржолына ғана емес, электр желілерін басқаратын KEGOC, "Қазатомөнеркәсіп", "ҚазМұнайГаз" компанияларына да қатысты", - деп ескертті Айсауытов.

Осылай жалғаса берсе, қарыздан ешқашан құтылмаймыз

Экономист Арман Байғанов Қазақстанның мемлекеттік қарызы өзге елдермен салыстырғанда соншалықты көп емес деп санайды.

"Мысалы, Қырғызстанда мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 60%-інен асады, Тәжікстанда да өте жоғары, бай елдердің бірі Жапонияның өзінде 260% шамасында. Яғни дамыған және дамып жатқан елдерде сыртқы берешек әлдеқайда көп. Мәселе – мемлекеттің қарызға қызмет көрсетуге қанша ақша жұмсайтынында. Мәселен, Жапонияға мемлекеттік борышқа қызмет көрсету қымбатқа соқпайды, олар 0,3, кейде тіпті нөл процентпен төлейді. Ал бізде, керісінше, жоғары", - дейді ол.

Айтуынша, кез келген ел экономикасы тоқырап, ақша жетпегенде өзгелерден қарыз сұрайды. Ал Қазақстанның қарызға кіруіне пандемияға байланысты бюджетке түсетін кірістер мен салықтардың азаюы себеп. Кірістер шығыстарды жабуға жетпейді.

"Ақша тиімсіз жұмсалады, ақыр соңында бұл банкроттыққа әкеп соғуы мүмкін. Кейбір елдерде мұндай жағдай болғанын білесіздер. Десе де дәл қазір Қазақстанға дефолт қаупі төніп тұрған жоқ", - деді сарапшы.

Байғанов "мемлекеттік қарыз неғұрлым көп болса, сол елдің экономикасына деген сенім соғұрлым жоғары" деген пікірмен келіспейді.   

Тағы оқыңыз: Қазақстанда сырттан негізсіз қарыз алған шенеуніктер жазалануы мүмкін

"Егер қарызды төмен ставкамен берсе, бұл пікірмен келісер едім. Ал 10-15%-пен беріп тұрғанда, қандай сенім туралы айтуға болады? Керісінше, олар  біздің валютаның девальвациясын күтіп отыр, көздегені басқа", - дейді экономист.

Айтуынша, дәл қазіргі жағдайда Қазастан бүкіл берешегінен құтыла алмайды, қарыз өсе береді. Мұны тоқтату үшін үкімет сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы түп тамырымен жоюы қажет. Сондай-ақ қолма-қол ақша айналымын тоқтату керек. Сонда алдыңғы екі екі дүние өз-өзінен шешіледі.

Алаңдауға негіз жоқ

Экономист Мақсат Серәлінің айтуынша, пандемия кезінде үкімет қаржы тапшылығын сезініп, сырттан қарыз алмасқа амалы қалмады. Бірақ алаңдауға негіз жоқ, себебі бүкіл мемлекет қазір осылай тығырықтан шығып жатыр. Тек борыштың шетелдік валютада берілуі көңілді күпті етеді, дейді ол.

"Өзіңіз көріп отырсыз, валюта бағамында біраз айырмашылық бар. Егер шетел валютасы күрт өзгерсе, ұтылып қалатынымыз жасырын емес. Бізге қай кезде қорқынышты болады? Сыртқы қарызымыз бір мемлекетке тәуелді болып қалса. Сыртқы қарыздың бәрін бір мемлекеттен ала берсек, онда ол уайымдайтын жағдай. Өйткені мемлекеттің сәйкесінше орындайтын міндеттемелері болады", - дейді Серәлі.

Айтуынша, кез келген мемлекет қарыз берерде сол елдің ішкі экономикалық потенциалына қарайды. Ал Қазақстанда қазба байлықтар мол, жері де ұлан-байтақ. Сондықтан бәрі қарыз беруге дайын тұрады, өйткені қызығушылық жоғары. Алайда береді екен деп ала бермеу керек, алмақтың да салмағы бар, деп жалғастырды маман.

"Қазақстанның берешектен құтылуға мүмкіндігі бар, әрине. Бірақ қазір Ұлттық қордағы ақшаны шаша беруге болмайды. Қорда қаражат қалуға тиіс. Егер біз оны жұмсап жіберсек, мемлекетте дисбаланс пайда болады", -дейді экономист.

Қарыз аларда халықпен ақылдасу қажет

Мақсат Серәлі сыртқы қарыз қоғамдық талқыға түсуі керек деп санайды.

"Үкімет болсын, ұлттық компания болсын, шетелден қарыз аларда оны негіздеуі керек. Не үшін, қай банктен, қандай пайызбен, қандай шарттармен? Міне, халық осы сұрақтарға жауап алуға тиіс. Бізге ешкім ақшаны тегін бере салмайды ғой, оны қайтару деген бар. Борышты өтеуге үкіметтің қауқары жете ме, жетпей ме? Осының бәрі қоғамда ашық талқылануы керек", - деп есептейді сарапшы.

Қоғамдық талқылау болса, халықтың да қаржылық сауаты артады. Үкімет те бей-берекет қарыз алудан тыйылады, деп түйіндеді ол.

Мемлекеттік борышқа лимит

Тимур Айсауытов сыртқы қарызды азайту үшін мемлекеттік борышқа лимит енгізуді ұсынды.

"Мемлекеттік қарыз ең төмен деңгейде болуы керек. Сол себепті оның мөлшерін бюджеттің 10%-інен асырмау қажет деп санаймын. Жыл сайынғы қызмет көрсету де 5 проценттен аспауы керек. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2023 жылы сыртқы қарызға қызмет көрсетуге 1,5 триллион теңге қажет болады екен. Қазіргі бағаммен 3,5-4 миллиард доллар, яғни жыл сайын бюджеттен осындай ақша бөлуге тура келеді. Бұл, шын мәнінде, өте көп шығын. Біз бұған жол бермеуіміз қажет", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Экономикалық белсенділік төмендеп кетті – Тоқаев

Сондай-ақ экономистің пікірінше, үкімет алдағы 5-7 жылға мемлекеттік қарызды төмендетудің жол картасын әзірлеуі керек.

"Әйтпесе мұның бәрі бақылаудан шығып, біз өз балаларымыз бен немерелерімізге қарызға белшеден батқан ел қалдырамыз. Сол себепті берешекті барынша азайту қажет. Көптеген сарапшының болжамынша, алдағы 10-15 жылда жаһандық ауқымда санкциялар мен күйзелістер болуы мүмкін. Қазақстан бұған дайын болуы керек, қарызға батып отыруға болмайды", - дейді Айсауытов.

Қазақстан қанша қарыз

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 20,6 триллион теңгеге жетті. Ал оның жалпы ішкі өнімге  арақатынасы 29,4%-ті құрайды.

"Естеріңізде шығар, 2014 жылы мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 22 процентінен аспаса, қауіпсіз деңгейде деп саналатын. Кейін бұл көрсеткіш 27%-ке дейін көтерілді. Осыған байланысты қазіргі 29% жоғары деңгей деп есептеледі", - деді Годунова 9 маусымда мәжілісте 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті таныстырып жатып.

Алайда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның мемлекеттік борышы қауіпсіз деңгейде деп сендірді.

"Мемлекеттік қарыздың деңгейі қауіпсіз шекте екені рас. Өйткені Халықаралық қаржы қоры ЖІӨ-нің 60%-іне дейін қауіпсіз деңгейге жатқызады. Бірақ бізді қарыздың өсу динамикасы алаңдатып отыр", - деді Годунова.

Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың берешегі 5 есе артқан. Жылдың басында бұл көрсеткіш 1,1 триллион теңгеге жетті. Ал былтыр қаңтарда небәрі 217 миллиард теңге болған еді. 

Бұған дейін сенатор Ольга Перепечина бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы 25%-ке немесе 4,2 триллион теңгеге өскенін мәлімдеді.

Сыртқы берешек үшін қауіпті меже

Ұлттық банктің мәліметінше, мемлекеттік қарыз қауіпті межеден аспас үшін елдің борыш тұрақтылығын анықтайтын индикаторлар белгіленген:

  • мемлекеттік және квазимемлекеттік берешектің (сыртқы және ішкі) арақатынасы – ЖІӨ-нің 60%-інен аспауға тиіс;
  • елдің сыртқы борышының арақатынасы – ЖІӨ-нің 100%-інен аспауы қажет;
  • үкімет пен квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы Ұлттық қордағы валюталық активтердің жалпы мөлшерінен аспауы керек.

Бұл көрсеткіштерді сақтау үшін жыл сайын мемлекеттік және квазимемлекеттік борыш үшін сырттан қарыз алудың лимиті бекітіліп отырады.

Жаңалықтар
0