Экономика

 Депутат үкіметке: Ұлттық қорды ойламау – елдің болашағын ойламаумен бірдей

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге монеты стопка
Деньги, тенге монеты стопка - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2021
Жазылу
Салық және кедендік жұмысты жақсартудан алынуға тиіс 1,5 триллион теңге қосымша қаржы түспеген, деді Жамалов

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаттары үкіметке Ұлттық қордан ақша алуды доғару қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, республикада салық жинау деңгейі әлі де төмен. 2020 жылы бюджеттің салықтық түсімдері 17,4%-ке төмендеген. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бюджетке жалпы берешек 378 миллиард теңгені құрады.

"Осы проблемалардың барлығы "Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау" бағдарламасы аясында шешілуге тиіс еді. Осы бағдарламаны іске асыруға 11 жыл ішінде миллиардтаған теңге жұмсалды. Сонда нәтиже қандай? Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінің 12-сі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, оның ішінде 9-ы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген", - деді мәжілісмен парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Айтуынша, салдарынан салық және кедендік жұмысты жақсартудан тек 2020 жылдың өзінде ғана түсуге тиіс 1,5 триллион теңге қосымша түсім түспеген. Нақты сома 221 миллиард теңгені құрады.

Оқи отырыңыз: Тиімсіз қарыз тартқан шенеуніктердің жеке жауапкершілігін қатаңдату ұсынылды 

Депутат салықтық әкімшілендірудің әлсіз болуы бюджетке Ұлттық қордан қосымша қаржы тартуға әкеп соққанын атап өтті.  2020 жылы республикалық бюджет кірістерінің 45%-і Ұлттық қордан тартылған трансферттер құраған. Оның жалпы сомасы – 4,8 триллион теңге.

"Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Үкіметке болашақта ұлттық қорсыз кіріс кірмей қалуы мүмкін екенін түсінетін уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық қор туралы ойламау ол елдің болашағы туралы ойламаумен бірдей", - деді Жамалов.

Жаңалықтар
0