Архивтегі фото

"Өмір сүру қиындап барады": Жүргізушілер дизель отынын іздеп сабылып жүр

53
Алматылық жүргізушілер бірнеше күннен бері дизель таппай тығырыққа тірелген. Әсіресе жүк көлігін тізгіндегендер сұйық отын іздеп қаланы шарлап жүр

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Алматыда жүрізушілер дизель отынын іздеп сабылып жүр. Қаладағы жанармай құю бекеттерінің көбісінде сұйық отын жоқ.

Бағасы аспандап кеткен жанармай кей жерлерде тек талонмен беріліп жатыр. Шымкентте де бұл мәселе әлі шешілмеген, деп хабарлады КТК.

Апта басында энергетика министрлігі бағаны тұрақтандырып, тапшылықты бір-екі күнде жоямыз деген уәдесі сөз жүзінде қалған. Өңірлерде дизель қоры жеткілікті деген шенеуніктердің сөзіне қарағанда, бұл алыпсатарлардың бағаны көтеру мақсатында жасап отырған қитұрқылығы болуы мүмкін.

Алматылық жүргізушілер бірнеше күннен бері дизель таппай тығырыққа тірелген. Әсіресе жүк көлігін тізгіндегендер сұйық отын іздеп қаланы шарлап жүр. Өйткені жанармай бекеттерінің көбісі дизельді тек талонмен беріп жатыр.

"Мен экономист емеспін. Бірақ тапшылық бағаны өсіру үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Бұл жағдай ең соңында қарапайым халыққа ауыр тиеді. Өйткені біз қазір тасымалдаудың құнын көтеруге мәжбүрміз. Соның салдарынан тауар да қымбаттайды. Кеше дизель іздеп жұмысымыз тоқтап қалды. Қазақстанда өмір сүру күннен-күнге қиындап бара жатқаны өкінішті", - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Иван Григорьев.

Шаһарда дизель сатып жатқан санаулы бекеттегі баға шарықтап шыға келді. Өткен аптада 190 теңгеден сатылған сұйық отын қазір мұнда 230 теңгеге бір-ақ жеткен. Көліктері қаңтарылып, кешелі бері жұмысқа шыға алмай отырған жүргізушілер амалдың жоқтығынан қымбат дизельды құюға мәжбүр.

"230 теңгеден құйып жатырмын. Не істеймін енді?! Жұмыс істеу керек. Бірақ бұл өте қымбат!".

Дизель отыны Шымкентте әлі де тапшы. Апта басында энергетика вице-министрі оңтүстіктегі жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан бұл мәселені бір-екі күнде шешеміз деп сендірген болатын. Алайда шенеуніктер айтқан сөзінде тұрмады. Себебі, күнгейдегі жанармай сататын ірі желілерде дизельдің бір тамшысы да қалмаған. Немесе бағаның қымбаттауын күтіп саудаға шығармай отыр.

"Қазір бекеттерде дизель отыны жоқ. Болмаса талонмен береді. Жоғарыда отырғандар бір аптада шешеміз деген. Он күн болды, бұл мәселе шешілмеді. Менің көлігім дизельмен жүреді. Қозғалу қиын. Қала шетіне барсаң 200-300 теңегеден сатылады", - дейді  Шымкент қаласының тұрғыны Нұргелді Сәдуақасов.

Оқи отырыңыз: Оңтүстік аймақтарда жанар-жағармай қымбаттап кетті – министрлік себебін түсіндірді

Жауапты ведомство өкілдері Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты 13 маусымда қайта іске қосылып, өңірлерге дизель тасымалдау жанданғанын жеткізді. Олардың айтуынша, сұйық отын қоры Алматы қаласы мен оңтүстік өңірді толық қамтуға жеткілікті. Атқамінерлер құр санды тізбектеп, жолдаған сауалдарға мардымды жауап беруге де жарамады.

"Алматыда дизель отынының қоры қазір 10 мың тонна. Алматы облысында да 10 мың тонна сұйық отын қоры бар. Шымкенттегі зауыттан осы өңірге қосымша 2 мың тонна дизель жөнелтілді", - деп атап өтті энергетика министрлігінің басқарма басшысы Мұрат Тұрдыбеков.

Ал тәуелсіз сарапшылар дизель тапшылығы алдағы уақытта қымбатшылыққа ұласатынына сенімді. Олар энергетика министрлігі тапшылықты жойып, аспандап тұрған бағаны тұрақтандыру үшін тиісті шараны қазірден бастап қолға алғаны жөн дейді. Әйтпесе баға ырыққа көнбей, оның зардабын қарапайым халық тартуы мүмкін. Өйткені дизель қымбаттаса, дәнді дақыл мен азық-түлік бағасы тағы да көтерілуі мүмкін.  

53
Кілт сөздер:
дизельді отын
өткізу пункті

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақ-қырғыз шекарасында не болып жатқанын түсіндірді

313
Бүгінгі күні Қырғыз Республикасы тарапынан "Қарасу" өткізу пунктінде 50-80 автокөлік тұр, деп атап өтті комитеттегілер

АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желіде Қырғыз Республикасының аумағында "Ақ Тілек автожол" автомобиль өткізу пунктінің алдында жүк көліктерінің жиналғаны туралы ақпарат пайда болды. 

Соған байланысты Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті түсінік берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"2021 жылдың 30 шілдесіндегі жағдай бойынша Қырғыз Республикасы тарапынан "Қарасу" өткізу пунктінде 50-80 автокөлік тұр. Бұл жеміс-көкөніс өнімдерінің пісетін маусымында көрсетілген өткізу пункті үшін штаттық жағдай", - делінген ақпаратта.

Комитет ақпаратына сәйкес, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі толық көлемде жұмыс істеп тұр.

Орта есеппен бір тәулік ішінде Қазақстан Республикасының аумағына Қырғыз Республикасынан 300-350 автокөлікпен тауар жеткізіледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстан, Ресей және Өзбекстан агроөнім тасымалдайтын "жасыл дәліз" құрады

 

313
Кілт сөздер:
шекара, көлік, кеден
күріш алқабы

Қазақстанда тағы бір азық-түлік қымбаттауы мүмкін

2467
Қызылорда облысында күріш құрғақшылық пен су тапшылығы салдарынан қурап жатыр. Ал әлеуметтік маңызы бар бұл тауардың өндіріс шығыны өскен

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Қызылордалық диқандар осы жылы күріш алқабынан алынған өнім көлемі жоспарланған деңгейден аз болатынын және оның бағасы да қымбаттайтынын айтты, деп хабарлады "Хабар24".

2021 жылы облыстағы күріш өсіретін 550 шаруашылық 83 мың гектар жерге күріш екті. Бұл 2020 жылғы көлемнен 6 600 гектарға аз.

Сонымен қатар тыңайтқыш, техникаға арналған жабдықтар мен жанармай бағасы да шарықтап кетті.

Қармақшы ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі қуаңшылыққа байланысты осы жылы күріш егу алқабын қысқартуға мәжбүр болды. Суаруға арналған су тапшылығына байланысты 70 гектардың өзі қазір қурап кеткен.

"Күріш бағасы 400 теңге шегінде болуы керек деп санаймыз. Себебі оның өз бағасы қатты көтерілді. Су тапшылығы салдарынан бірнеше жылдан бері егістік алқабын қысқартып жатырмыз. Суаруға арналған қымбат сорғылар сатып алдық. Қазір 270 адам, маусым кезінде 300-ге дейін адам жұмыс істейді. Барлығына уақытылы жалақы төлеу керек", - дейді шаруашылық маманы Сәбит Пірманов.

Күріш әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың тізіміне кіреді. Оның шекті бағасын мемлекет белгілейді. Үшінші тоқсанда бір келі күріш құны 275 теңгені құрады. Алайда базарда ол орта есеппен 220 теңгеден сатылып жатыр.

2467
Кілт сөздер:
күріш
 Архивтегі фото

Коронавирус пен пневмония тағы 100 адамның өмірін жалмады

0
(Жаңартылды 10:57 31.07.2021)
Елімізде бір тәулікте 7 600-ден астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. 330-дан астам науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды

НҰР -СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Соңғы тәулікте Қазақстанда коронавирустан 86, пневмониядан 14 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 31 шілдедегі жағдай бойынша 95 998 адам (93 366 КВИ + және 2 632 КВИ-) коронавирустан емделіп жатыр, оның ішінде 27 004 науқас ауруханада, 68 994 науқас амбулаторлық деңгейде емделуде.

"86 адам коронавирустан, 14 адам пневмониядан қайтыс болды. 1 677 науқас ауыр жағдайда, 349 науқас өте ауыр жағдайда жатыр, 334 науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды", - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Сонымен қатар 29 шілдедегі жағдай бойынша коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония 309 адамнан анықталған, 110 адам жазылып шықты.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қатысты статистиканы жаңартты 

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясы 7 691 адамнан табылды. Көбісі Нұр-Сұлтан (1518) мен Алматыда (1511) тіркелді.

"Қызыл" аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.

"Сары" аймақта: Түркістан облысы.

0
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы