Теңге мен доллар

Мұнай қымбаттады: Теңге неліктен нығаймай жатыр

4684
(Жаңартылды 12:05 25.06.2021)
Шетел валютасына сұраныстың артуы мұнай бағасының жоғарылағанына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік бермей отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Маусымның басынан бері мұнай бағасы айтарлықтай өскеніне қарамастан, теңге бір доллар үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Теңгенің неліктен нығаймай жатқанын және әлемдік нарықтардағы оқиғалар бағамға қалай әсер ететінін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет 75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель үшін 75 доллар белгісінен асып түсті. Қоймалардағы қордың төмендеуіне және шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жазда сұраныс ұлғаяды деп күткен инвесторлардың үміті мұнай бағасының өсуіне себепші болып отыр.

"Дегенмен бірқатар ішкі фактор теңгеге тежеуші әсерін беріп отыр. Біріншіден, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде "тыныш аймақта" болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады", - дейді Молдабекова.

Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып отыр.

Төраға орынбасарының айтуынша, егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 миллион АҚШ долларына дейін өскен.

"2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорттың өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ті құрады және тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндіріс құралдарының есебінен 11,4 миллиард долларға жетті", дейді Әлия Молдабекова.  

Оның айтуынша, барлық импорттық тауарлардың шамамен 40%-і Ресейден әкелінеді және бұл үрдіс күшейіп келеді. 2020 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауарлар Ресейден 16%-ке көп импортталды. Ресейден импортталатын тауарлар бағасының өсуі және біздің бизнестің болжамдары сатып алу көлемінің ұлғаюына әсер етеді.

Екіншіден, маусымдық өзгерістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирус одан әрі таралып жатқанын және шектеу шаралары алынбағанын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныстың өсуі онша маңызды емес, бірақ әлі де болса өсім сақталып отыр.

Сонымен қатар маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни, бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін акционерлердің дивидендтерін валютаға конвертациялайды.

"Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұраныс артады. Үшіншіден, валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен қолдау табуда.Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз", - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді.

Әлия Молдабекова қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғарылағанына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік бермей отырғанын атап өтті.

4684
Ақорда ғимараты

Мамин президентке халықтың тұрмысын жақсартатын жобалар туралы айтып берді

153
Ұсынылған жобалар сумен, газбен қамтамасыз ету, энергетика нысандарын салу, көлік дәлізінің әлеуетін дамыту салаларындағы негізгі мәселелерді шешуді көздейді

НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Мамин мен "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр мен Самұрық-Қазына АҚ басшысын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр мен "Самұрық-Қазына" АҚ басшысын қабылдады

Президентке Қазақстан халқының тұрмыс сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді.

Ұсынылған жобалар Батыс Қазақстан облысын сумен, өңірлерді газбен қамтамасыз ету, энергетика нысандарының, оның ішінде Алматы қаласындағы қуат торабының құрылысы, сондай-ақ, еліміздегі көлік дәлізінің әлеуетін дамыту салаларындағы негізгі мәселелерді шешуді көздейді.

Кездесу қорытындысы бойынша аталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысты тапсырмалар берілді.

153
Архивтегі сурет

Қазақстанда жылдық инфляция 8,4%-ке жетті

42
Шілде айында азық-түлік бағасы – 0,7%, азық-түлік емес тауарлар – 0,5%, ақылы қызметтер 0,8%-ке өсті

НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik. Қазақстанда жылдық инфляция шілденің қорытындысы бойынша 8,4%, ал шілде айында 0,7% құрады.

Инфляцияға ең көп үлесті азық-түлік тауарлары қосты – жыл қорытындысы бойынша 11%, азық-түлік емес тауарлар 7,2%-ке қымбаттаса, халық үшін ақылы қызметтер 6,1%-ке өсті.

Қырыққабат бағасы – 12,6%, қызылша – 9,1%, түйінді пияз – 8,2%, күнбағыс майы – 4,2%, құс еті – 3%, қарақұмық жармасы – 2,6%, жылқы еті – 2,5%, қой еті – 2,4%, сиыр еті – 2,2%, шошқа еті, шай – 2%, жұмыртқа – 1,3%, құмшекер – 1%, ұн 0,9%-ке өскен.  Темекі өнімдері – 4,1%, минералды және ауыз су – 1,2%, алкогольды сусындар – 0,8%, салқындатылған сусындар 0,7%-ке қымбаттады.

Ал картоп бағасы – 20%, қызанақ – 14,8%, қияр– 11,9%, сарымсақ – 6,8%, банан – 2,5%, сәбіз 2,2%-ке төмендеген.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өсірді: баға мен теңге жайы не болмақ

Баға өсімі тұрмыстық аспаптарға – 1,7%, құрылыс материалдарына, ыдысқа – 0,9%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 0,6%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 0,5%, киім және аяқ киімге, жеке қолданылатын тауарларға 0,4% құрады. Баллондағы сұйытылған газ – 2,1%, дизель отыны – 2%, бензин 0,9%-ке қымбаттады.

Санаторий қызметтеріне баға – 1,1%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 0,8%, кешенді демалу ұйымдарына – 0,7%, шаштараз бен сұлулық салондары, қонақ үй қызметтеріне 0,4% жоғарылады. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы 9,9%, такси 1,2% қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында электр энергиясы тарифі – 5%, суық су – 1%, суды бұру 0,7%-ке өсті. Тұрғын үйді күтіп ұстауға төлем 1,5%-ке көтерілді.

2021 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,9% құрады (мамырда – 7,2%).

42
Кілт сөздер:
азық-түлік, инфляция
мектеп формасы

Кәсіпкерлер министр Аймағамбетовтің шешіміне наразылық білдірді

10
(Жаңартылды 10:55 04.08.2021)
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім министрлігі жаңа оқу жылында балаларға классикалық стильдегі киім киюге рұқсат бермек

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында мектеп формасына талап қойылмайды. Оқушылар классикалық үлгідегі киіммен мектепке бара алады. Алайда кәсіпкерлер министрдің осы бір шешіміне үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды КТК арнасы.

Күні кеше білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында балаларға тағы классикалық стильдегі киім киюге рұқсат берілетінін мәлімдеді. Негізгі себеп – елдегі эпидемиологиялық жағдай. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде дүкендер белгілі бір уақытта, ал кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезектер болып, Covid-19 жұқтыру қаупі күшейеді. Оған қоса, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасы кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Пандемиядан кейін оқушылар қайтадан мектеп формасын киюге міндетті болады.

Алайда мектеп формасын шығаратын кәсіпкерлер министрдің шешімімен келіспей отыр. Себебі олар жарты жыл бұрын дайындық жұмыстарына кіріскен. Ал министр мырза формаға қатысты жаңалықты енді ғана жариялады. Кәсіпкерлер болса, қажетті материалды сатып алып, форма үлгілерін де жасап қойған.

"Былтыр ол жеңіл өнеркәсіптің бір бөлігін жойып жіберді. Биыл қалғанын құртуға шешім қабылдапты. Келесі жылы не болатынын ешкім білмейді. Біз 20-шы жылдан әрең дегенде шықтық. Ал келесі жылы ол формамен не істейміз? Бұның барлығы – миллиондаған шығын. Биыл біз және басқа әріптестеріміз қалдықтарды сатса, келесі жылы жаңа маталарды сатып алу қажет. Бірақ қандай мата аламыз? Кімге? Не үшін? Министр тағы бес минут қалғанда ештеңе керек емес деп айтып жүрмей ме?", - дейді кәсіпкер Сергей Сокирко.

Ал ата-аналар арасында министрліктің шешіміне қатысты екіұдай пікір бар. Біреулер қолдаса, енді біреулер жаңа форманы таңдап жүр.

Оқи отырыңыз: Мектеп формасы міндетті бола ма – Аймағамбетов мәлімдеме жасады

 

10
Кілт сөздер:
Асхат Аймағамбетов, жеке кәсіпкерлер