Экономика

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа әуе рейсі ашылады

© Sputnik / Тимур БатыршинАэропорт. Ashyq
Аэропорт.  Ashyq - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.07.2021
Жазылу
Ақтөбеден Нөкіске қандай авиакомпания ұшатыны әзірге белгісіз. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында аптасына 32 рейс орындалады

АЛМАТЫ, 27 шілде – Sputnik. Шілденің соңында Ақтөбе–Нөкіс бағыты бойынша жаңа әуе қатынасы ашылады. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан көлік министрі Илхом Махкамовтың кездесуі барысында осындай шешім қабылданды.

Премьер-министр сайтының хабарлауынша, қос тарап биыл 29 шілдеден бастап Ақтөбе–Нөкіс бағыты бойынша аптасына 2 рет жаңа әуе қатынасын ашуға келісті. Ал қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында аптасына 32 рейс орындалады. 

Сонымен қатар Мамин мен Махкамов бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру – "Дарбаза – Мақтаарал" жаңа теміржол желісін, "Түркістан – Шымкент – Ташкент" жоғары жылдамдықты магистралін салуды талқылады.

"Кездесу кезінде тараптар транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, жүк тасымалын ұлғайту, теміржол және автомобиль көлігін дамыту, бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады", - делінген хабарламада. 

Қазір Қазақстан мен Өзбекстан тараптары өзара сауда көлемін ұлғайту үшін көлік-логистика әлеуетті арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқаны айтылды. 2021 жылдың қаңтар-мамырында тауар айналымы 46%-ке өсіп, $1,5 миллиардты құрады. Қазақстанның Өзбекстанға экспорты 58,4%-ке ұлғайды. 

Пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының барлық түрі бойынша көрсеткіш артқан. Тек 2021 жылдың І тоқсанында контейнерлік тасымалдар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% өсіммен 233,9 мың ЖФЭ-ге дейін артты. Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі осы жылдың 6 айында 18%-ке өсіп, 1,3 миллион тоннаны құрады.

Жаңалықтар
0