Экономика

Депутат "Сбербанкпен" келісім жайлы: жауапкершілік кімнің мойнында?

CC0 / Narcis Ciocan / Подписание документа
Подписание документа - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2021
Жазылу
Ел үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов үкіметтен "Сбербанкпен" цифрлық үкімет платформасын құрған жағдайда ақпарат қауіпсіздігі қалай қорғалатынын сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ел үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырған болатын. "Ақ жол" фракциясының депутаттары премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында дәл осы мәселені қозғады.

Раманқұлов былтыр көктемде басталған пандемия денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электронды қызмет кемшілігін айқындап бергенін айтты. Мемлекет жылдар бойы цифрландыруға бөлген миллиардтаған қаржы тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

"Қазіргі заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайды ескеріп, Қазақстан үшін мемлекеттік қызметті цифрландыруда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік орган IT-жүйесін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту қажеттігі шынымен де жүйелі проблемаға айналды", - деді Раманқұлов.

Дегенмен, айтуынша, бірқатар мәселе ашық күйінде қалып отыр.

"Аталған келісімді бұған дейін цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма? Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?", - деді мәжілісмен.

Раманқұлов келісімді дайындау кезінде отандық немесе мықты халықаралық IT-компаниялар мүмкіндігі ескеріліп-ескерілмегенін де сұрады. Келісім қаншалықты ашықтық пен адал бәсекелестікке сай болды, деп нақтылады ол.

Бұған қоса депутатты ақпарат қауіпсіздігі мүддесі қалай қорғалатыны да алаңдатады.

Раманқұловтың сөзінше, халық цифрлық даму министрлігінің баспасөзде жарияланған жауабына қанағаттанбайды, керісінше, одан кейін көп сұрақ туындайды.

"Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалар қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бар ма деген мәселе. Жиырма бірінші ақпарат ғасырында IT-қауіпсіздік ел тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз", - деді мәжілісмен.

"Сбербанкпен" келісім

Еске салары, 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басқарма төрағасы Герман Греф ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ресейлік компания Қазақстанда мемлекеттік секторды цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға қатысады. Сбербанктің көмегімен жүзеге асырылатын цифрландыру барысында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жылдамдығы мен тиімділігін арттыру қарастырылып отыр.

Бұған дейін цифрлық даму министрі Бағдат Мусин eGov.kz Ресейдің қолына өтеді деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Министр электронды үкімет порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейтінін, қазақстандықтардың жеке дерегі Ресейге қолжетімді болады деген түсінік қисынсыз екенін қадап айтты.

Жаңалықтар
0