Адам ақша санап отыр, архивтегі сурет

Қазақстанға жеке тұлға банкроттығы туралы заң неге қажет

106
(Жаңартылды 19:14 07.10.2021)
Жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдамас бұрын мемлекет әр азаматтың бар жиған-тергенін бақылап отыруға тиіс. Ол үшін қазақстандықтар табыс декларациясын тапсыруы керек

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Жуырда депутаттар жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдауды ұсынды. Мақсат – банкке қарызын төлей алмай, күнін әрең көріп жүрген қазақты жалғыз баспанасынан айырмау. Бұл бастамаға Алматыда бес бірдей адамның қазасымен аяқталған қанды оқиға себеп болды.

Жалпы азаматтардың банкроттығы деген не? Заң қабылданса, қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді? Әлемдік тәжірибе не дейді? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Жеке тұлға банкроттығы

Жеке тұлға банкроттығы туралы заң – қарызға белшесінен батып, отбасын асыра алмай жүрген адамдарға екінші өмір сыйлау.

Банкроттық процедурасы басталғанда адамның банк алдындағы берешегі өспейді – процент, өсімпұл, айыппұл қосылмайды. Ал процесс толығымен аяқталғаннан кейін борышкердің бүкіл қарызы кешіріледі. Қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін банкроттық "қарыз шұңқырынан" шығудың жалғыз жолы.

Депутаттардың "Жеке тұлға банкроттығы туралы" заң қабылдау ұсынысын экономист Мақсат Халық та қолдап отыр.

"Ешкім кредит алғанда оны қайтармай қоямын деп ойламайды. Адамдар аяқ асты жұмыссыз қалады, еңбекке жарамсыз болады. Сондай сәтте оны коллекторлар, сот орындаушылары жан-жақтан қысады. Жағдайы мүшкіл адамды одан сайын қинайды. Ол да біздің қоғамның бір мүшесі ғой. Неге біз одан теріс айналуымыз керек? Сол себепті біздің елге бұл заңның керек екені сөзсіз. Заң қабылданса, ешкім борышкердің жалғыз үйін тартып алмайды. Белгілі бір шектеулер қойылады, әрине. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Бірақ бұл пәтерді алып қоюға қарағанда анағұрлым жеңіл жаза ғой", - дейді сарапшы.

Мақсат Халықтың ойынша, адам банкрот деп танылған соң, оған арнайы шот ашылады. Әлгі кісінің бар тапқан табысы соған түседі. Сол кірістің бір бөлігі отбасыны асырауға берілсе, қалғаны банктің есебіне аударылады.

"Ол несие бәрібір төленуі керек. Сол себепті, менің пікірімше, арнайы шот ашылып, банкрот болған адамның еңбекақысы соған түсіп тұрады. Оның бала-шағасына, күнкөрісіне кететін шығындар есептеліп, жалақысының қажетті мөлшерін ғана алады. Ал ақшаның қалғаны банкке беріледі. Егер отбасының қатары толығып, тағы бір сәби дүниеге келсе, шығын артады, сәйкесінше, өтініш жазып, ұстап қалатын ақшаны азайтуға болады. Ең бастысы баспанасы сақталады", - дейді ол.  

Экономистің есебінше, Қазақстанда несиеге өмір сүретін адамдар жетіп артылады. Сондықтан аталмыш заңның шарапаты көп адамға тиюі мүмкін.

Халықаралық тәжірибе

Әлемнің бірқатар елі берешегін төлей алмай, өмірлік қиын жағдайға тап болған отандастарына қол ұшын созады.

Мәселен, көрші Ресейде азаматтардың банкроттығы туралы заң 2015 жылдан бері бар. Жеке тұлға арбитражды соттың шешімімен ғана банкрот деп танылады. Бұл ретте кредитін үш ай бойы төлемеген және кредитор алдындағы борышы 500 мың рубльден асатын (шамамен 3 миллион теңге) жеке тұлға банкрот атанады. Бірақ банкроттық процедурасын бастау оңай емес. Себебі өтініш беру үшін қарызды төлей алмайтыныңды дәлелдейтін көптеген айғақ қажет.

Ал былтыр қыркүйекте Ресей азаматтардың банкроттығы процедурасын жеңілдетті. Яғни соттан тыс банкроттық пайда болды. Оның да өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Берешек сомасы – 50 мың мен 500 мың рубль шегінде, сондай-ақ борышкердің ешқандай ресми кірісі болмауға тиіс.

Оқи отырыңыз: Борышкер 5 адам өлтірді: депутаттар кредит мөлшерлемесін төмендетуді талап етті

Банкроттықтың кемшін тұсы да жоқ емес. Банкрот атанған адам бес жыл бойы кредит ала алмауы мүмкін. Өйткені ол кредит аларда банкке өзінің банкроттығы туралы хабарлауға міндеттеледі. Бұдан бөлек, заңды тұлға басқару органдарында қандай да бір қызмет атқару құқығынан үш жылға айырылады.

Ал Канадада адам берешегінен құтылу үшін бар мүлкін банкроттық туралы істі басқарушыға тапсырады.

Елдің әр провинциясында банкроттыққа өтініш беру тәртібі әртүрлі. Кейбір аудандарда азаматтарға өмір сүруге қажетті дүниелерді қалдыруға рұқсат етіледі. Мысалы, киім-кешек, жиһаз, тұрмыстық заттар, автокөлік, үй, отбасылық жәдігерлер, сақтандыру және тағы басқа.

АҚШ-та банкроттық институты XIX ғасырдың соңында пайда болды. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін борышкердің табысы заңмен белгіленген деңгейден төмен болуға тиіс (әр штаттың өз көрсеткіші бар). Банкроттық процедурасы кезінде борышкердің мүлкі сатылады. Бірақ тартып алуға тыйым салынатын активтер де бар.

Айта кетері, АҚШ-та адамның барлық қарызы кешірілмейді. Мысалы, алимент, оқу кредиті, айыппұлдар мен кейбір салық берешегі, көлікті мас күйінде жүргізу салдарынан денсаулыққа келтірген зиянды өтеу бойынша төлемдер.

Америкалықтар 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялай алады.  

Халықаралық практикада банкрот болған адамға қойылатын шектеулер аз емес. Атап айтқанда, мұндай адамдар басқа елге шыға алмайды, коммерциялық қызметпен немесе мемлекеттік қызметте істей алмайды.

Қазақстан заңды қабылдауға неге асықпайды

Елде жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдау идеясы 2014 жылдан бері талқыланып келеді. Сол жылдары елді басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға бұл заңның қажет екенін айтқан болатын. "Ақ жол" партиясы да бұл іске білек сыбана кірісті, тіпті заң жобасын әзірледі. Бірақ ол үкіметтен қолдау таппады.

Араға үш-төрт жыл салып, қаржы министрлігі "Азаматтардың қарыздарын реттеу, төлем қабілеттерін қалпына келтіру мәселелері туралы" заң жобасын дайындады. Бірақ депутаттар заң жобасы шикі, шала-пұла әзірленгенін айтып, сынады. Олар егер банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың баспанасын сақтап қалу туралы заң шықса, ипотекалық бағдарламалар қарыз беруді мүлде тоқтатуы мүмкін екенін алға тартты.

Оқи отырыңыз: "Кредит кешірудің орнына жасауға болады": депутат ұсынысына Ұлттық банк жауабы

Оның үстіне, адамды банкрот деп жарияламас бұрын мемлекет оның бар жиған-тергенін, кірісі мен шығысын толық бақылап отыруға тиіс. Ол үшін әр қазақстандық табыс декларациясын тапсыруы керек. Үкімет те осыны ескеріп, заң жобасын талқылауды жалпыға ортақ декларация енгізілгенге дейін тоқтатып тастады.

Ал таяуда Алматыда болған трагедия бұл заңның қазақ қоғамына қажеттілігін тағы бір мәрте көрсетті. Осыдан кейін "Ақ жол" фракциясы жеке тұлға банкроттығы туралы заң әзірлеу бастамасын қайта көтерді. Мәжілісмен Андрей Линниктің айтуынша құжат банкротқа ұшыраған азаматтардың баспанасыз қалмауына және отбасын алаңсыз асырауға мүмкіндік береді. 

"Қайғылы оқиға тек полиция тарапынан ғана емес, қаржы реттеушілердің де мұқият зерттеуін талап етеді. Өйткені бұған борышкердің жалғыз баспанасынан айырылуы себеп болды. Банк кепілдегі мүлікті алу кезінде оның құнын бірнеше есе төмендеткен. Өкінішке қарай, мұндай жағдайға кәсіп ашуға бел буған немесе жай ғана кредит алған мыңдаған азамат ұшырайды. Борышкердің көбі, тіпті, суицидке дейін барады. Бірақ мына оқиғада борышкер басқа адамдарға оқ жаудырды. Бұл халықтың қыруар қарызға батқанын, бұл мәселеге тез арада назар аудару қажеттігін көрсетеді. Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы, осындай дауларға қатысты әділетсіз сот шешімдері, сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің алдын ала сөз байласуы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр", - деген еді Линник.

Алматыдағы қанды оқиға

20 қыркүйекте бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген. Алайда борышкер оларға оқ жаудырды.

Банк алдында қарызы бар ер адам жалғыз баспанасынан айырылғысы келмей, бес адамды жайратып салды.

Күдіктінің отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылды. Бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді бергісі келмеген.

106
Кілт сөздер:
заң, банкрот
Тақырып бойынша
Кредит мақұлданды: сарапшы "банк қызметкерлерінің" жаңа айласы туралы айтты
Кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі енгізілуі мүмкін – сарапшылар пікір білдірді 
Басқа біреу сіздің атыңыздан кредит алса не істеу керек: қарыздан құтылу жолдары
Қазақстандық бес банктен 8,5 млн теңге кредит қалай алғанын түсінбей қалды
азық-түлік

"Жемқорлыққа жол беріп алдық": Тоқаев азық-түлік бағасына қатысты пікір білдірді

19
Оның айтуынша, азық-түлік бағасының өсімі әлем нарығындағы күрделі мәселе

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Ақорда. 

Президент жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Ол жерде мемлекет басшысы "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоспарымен танысты.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасының өсімі әлем нарығындағы күрделі мәселе. 

Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Елде азық-түлік бағасы қордаланған мәселелердің салдарынан қымбаттап отыр.

"Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық", – деді президент.

Президент бұл мәселемен түбегейлі айналысу керек екенін, үкіметке, ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктегенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: 

19
Кілт сөздер:
президент, азық-түлік, баға
Тақырып бойынша
"Әрбір 10-шы тұрғын зардап шегеді": президент азық-түлік тапшылығы туралы айтты
Азық-түлік қымбаттады: Үкіметте баға өсімін тежеу мәселесі талқыланды
Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 270 тонна азық-түлік әкеледі
Нұр-Сұлтандағы жәрмеңке: Қарағанды облысы 600 тонна азық-түлік әкеледі
әмиян

Кредит қайтаруға жағдай келмесе, не істеу керек - заңға өзгеріс енгізілді

2530
(Жаңартылды 17:30 20.10.2021)
Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, мәселені тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен шешуге құқылы

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда 1 қазаннан бастап проблемалық кредиттерді реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді. Енді банк те, микроқаржы ұйымы да бірден коллекторларға жүгінбейді. Олар қарыз мәселесін алдымен борышкермен өзара шешуге міндетті.

Осы орайда заңға нақты ереже енгізіліп отыр. Sputnik Қазақстан проблемалық кредитті заң аясында реттеудің бірыңғай тәртібін ұсынады.

Банк пен борышкердің міндеті

Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен мерзімі өтіп кеткен берешек мәселесін шешуге құқылы. Бірақ әрбір тарап өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға тиіс.

Біріншіден, кредит алған адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі болса, банк болсын, микроқаржы ұйымы болсын, сол сәттен бастап 20 күннің ішінде оған хабарласып, төлем мерзімін өткізіп алғаны туралы ескертуге міндетті. Қызметкерлер берешек жайында айтып қана қоймай, мерзімі өтіп кеткен төлемнің нақты мөлшерін көрсетуге тиіс.

Қарызды төлемегені үшін қандай жауапкершілік болатыны ескертіледі. Сосын проблемалық кредит мәселесін шешу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына шақырады.

Екіншіден, кредит алған адам өз кезегінде берешектің мерзімі өткен күннен бастап 30 күннің ішінде кредиттік ұйымға қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш тапсырады. Онда нақты бірнеше мәселені көрсету керек.

Олар:

  • қарыз мерзімін өткізіп алудың себебі;
  • қарызды қайта құрылымдауға қатысты өз ұсыныстары;
  • кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін көрсету (өтінішпен қоса тиісті құжаттар беріледі).

Үшіншіден, қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануы шарт. Оны тіркеуге алып, банк немесе микроқаржы ұйымның қарауына шығарады. Өтініште толық мәлімет болмаса, кредит алған адамға хабар беріледі. Ол бес күннің ішінде қосымша мәлімет пен құжатты ұсынады.

Өтінішті қарау тәртібі

Кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық пакетін алғаннан кейін өтінішті қарайды. Оның мәселесін қарау кезінде ағымдағы қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігі, әлеуметтік жағдайы, кепілге алынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторлар ескеріледі.

Кредит берген мекеме өзінің жауабын күнтізбелік 15 күннің ішінде беруге тиіс. Жауаптың үш нұсқасы бар.

Олар:

  • кредитор қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді енгізуге келісім береді;
  • кредитор банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын жасайды;
  • кредитор қарызды қайта құрылымдаудан бас тартуға шешім қабылдайды (жауапта нақты себептері көрсетілуі шарт).

Қарызды қайта құрылымдау қалай жасалады?

Қарызды қайта құрылымдауды бірнеше жолмен жасауға болады. Соны өтініште көрсетуге болады. Банк мен микроқаржы ұйымы да осы әдістердің біреуін ұсына алады.

  • сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
  • төлемді кейінге қалдыру;
  • өтеу әдісін өзгерту;
  • қарыз мерзімін ұлғайту;
  • борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері);
  • ипотекаға алынған жылжымайтын мүлікті өздігімен сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру;
  • жылжымайтын мүлікті сатқанда барлық міндеттемені сатып алушыға тапсыру.

Банктің тиісті шешімі шыққаннан бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде келісімшартқа өзгеріс енгізіледі.

Екі жақ бір келісімге келмесе...

Қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Арызда банкпен немесе микроқаржы ұйымымен бір шешімге келмеудің нақты себептерін көрсету керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз кезегінде өтініштің негізінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізеді. Сол кезде банктің немесе микроқаржы ұйымы қабылдаған шешіміне баға беріледі.

Тексеріс кезінде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастай алмайды.

Кредит алғанда нені ескеру керек

Мамандар кредит алғанда маңызды бірнеше мәселені ескеру кеңес беріп отыр:

  • кредит алған адамның ай сайынғы төлемі табыстың жартысынан аспауға тиіс;
  • келісімшартқа қол қойғанға дейін мұқият оқып шығу қажет;
  • қарыздың мерзіміне, сыйақы мөлшерлемесіне (тұрақты немесе құбылмалы), жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне, ай сайынғы төлемнің мөлшеріне, сондай-ақ, кредитті төлей алмаған жағдайда қандай міндеттер болатынына бас назар аудару керек;
  • келісімшартта банктің есепшотына түсетін ақшаны өндіріп алу, қарызды коллекторлық агенттікке беру және сотқа жүгіну құқықтары да жазылуы мүмкін.

"Артынан проблема болмас үшін кредит мен микредиттерді рәсімдеуге өте мұқият қараған жөн, бұл ақылға салынған шешім болуға тиіс. Қарызға ақша алатын адам маңызды бір мәселені түсінуі керек. Кредит – ол жауапкершілік. Кез келген кредитті қайтаруға тура келеді", - дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: 

2530
Кілт сөздер:
банк, кредит, заң
Тақырып бойынша
Қазақстандық бес банктен 8,5 млн теңге кредит қалай алғанын түсінбей қалды
Борышкер 5 адам өлтірді: депутаттар кредит мөлшерлемесін төмендетуді талап етті
Түркістанда кредит алуға барған әйел полицияға арызданды – банк қызметкері ұсталды
Қарағандыда досының үйінде бірнеше күн жатқан ер адам кредит алғанын ұмытып қалған
Нұр-Сұлтан

Қазақстанда 21 қазанда қандай маңызды оқиғалар болады