Экономика

Қазақстан мен Өзбекстан 611,3 миллион доллардың жобаларын қолға алады

© Photo : Сайт премьер-министра РКАскар Мамин и Абдулла Арипов на форуме в Туркестане
Аскар Мамин и Абдулла Арипов на форуме в Туркестане - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.11.2021
Жазылу
Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіруі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлерінің қатысуымен аймақаралық ынтымақтастықтың III форумы өтті. Соның аясында бірқатар инвестициялық келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлады Primeminister.kz сайты.  

Бүгінде Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70 проценті Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. 2021 жылы 9 айда екі елдің тауар айналымы 2,9 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,5 процентке жоғары. Осы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіруі мүмкін. Бүгінде ортақ қолға алынған ортақ жобалар аз емес. Олар:

  •  "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС мен "UZAuto Motors" АҚ-ның Chevrolet автомобильдерін шығару жобасы;
  • "MAN Auto – Uzbekistan" АҚ-мен MAN жүк автомобильдерінің өндірісі;
  • "АгромашХолдингKZ" АҚ локализациялау орталығындағы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге арналған "Nurafshon" бірлескен кәсіпорны;
  • "Alliance" бірлескен кәсіпорны;
  • "Turkestan Textile" тігін фабрикасы;
  • "Hyundai Auto Asia" бірлескен кәсіпорны.

Қазіргі кезде екі елдің шекарасында "Орталық Азия" халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, қазіргі кезде "Астана-Моторс" компаниясы Жызақ қаласында Hyundai автомобильдерін шығаратын зауыт салу мәселесін пысықтап жатыр.

"Машина жасау, құрылыс индустриясы және фармацевтика өнеркәсібі салаларындағы жаңа бірлескен жобалар үшін басқа да әлеуетті өсу нүктелері бар", - деді Мамин.

Бұдан бөлек, транзиттік-көлік тасымалы, қоршаған ортаны қорғау, су және орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жайы сөз болды. Арал теңізінің өзекті экологиялық проблемалары қозғалды. Осы орайда үкімет басшысы бірлескен жобаларға басымдық беру қажеттігін жеткізді.

"Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерін отырғызу бойынша күш-жігерімізді біріктіруді ұсынамыз", - деп атап өтті Мамин.  

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов те екіжақты байланыстарға жоғары баға берді.

Бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысынан кейін "Трансшекаралық ынтымақтастық өсудің жаңа нүктесі ретінде" тақырыбында Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының III форумы өтті. Сол жерде машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс материалдары, электр техникалық өнімдері, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, инфрақұрылымды дамыту және басқа салалар бойынша жалпы сомасы $611,3 миллионды құрайтын 54 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды.

2022 жылы өзара сауда көлемін $5 миллиардқа дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал бес жылдың ішінде осы көрсеткішті $10 миллиардқа дейін жеткізу міндеті қойылды.  

Екі елдің премьер-министрлері Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылу рәсіміне де қатысты. Сосын Яссауи кесенесіне мен "Ұлы Дала Елі" орталығына барып, "Керуен-Сарай" кешенін аралап шықты.

Жаңалықтар
0