НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Үкіметтік комиссия Алматы түбіндегі Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау себебінің алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ұшақтың сыртына мұздың қатып қалуы - негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған", - деп мәлім етті премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.
Комиссия ұшақтың сыртындағы қатып қалған мұзды еріту жұмыстары жартылай ғана жасалғанын анықтаған.
"Ұшақ командирі арнайы сұйықтықпен тек стабилизаторды ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Ұшақтың қанаттары өңделген жоқ. Ол күні Атырауға ұшқан тура сондай ұшақтың да сырты сұйықтықпен өңделмегені анықталды", - деді Скляр.
Оның айтуынша, бас кезінде апаттың төрт себебі болған. Олар – жүкті артық салу, сыртқы факторлардың (ауа-райының қолайсыздығы, жел бағытының өзгеруі, құйынды ағын мен қатқақ) әсері, ұшқыштардың қателігі және техникалық ақаулық. Комиссия коммерциялық жүк салу жағынан тәртіп бұзушылық болмағанын анықтады. Желдің бағыты өзгермеген. Екі минут бұрын көтерілген ұшақтың құйынды ізі де солға қарай ығысып кетті. Басқа себептер зерделеніп жатыр.
Нұр-Сұлтанға ұшпақшы болған Fokker-100 жолаушылар ұшағы 27 желтоқсанда таңғы сағат 07.21-де Алматы түбінде апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған, оның ішінде тоғыз бала және бес экипаж мүшесі. Апат салдарынан 12 қазақстандық көз жұмды.
Бұған дейін апаттың үш себебі айтылды: экипаж қателігі, техникалық ақаулық және навигациялық қызмет жұмысы.
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қостанай облысы Қарабалық ауданында жер үйден өрт шығып, ер адам қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай 15 қаңтар Қарабалық ауылындағы Титов көшесінде болды. Өрт туралы хабар сағат 12:46-да келіп түскен.
ТЖМ ақпаратынша, 68 жастағы пәтер иесі кіреберіске жапсарлас орналасқан от жағу бөлмесінің жана бастағанын байқаған. Өрттен қорыққан әйел көршілерінен дереу көмек сұраған. Ал олар бірден 101 нөміріне қоңырау шалды.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен сәтте пештің жанындағы үй заттары өртеніп, 8 шаршы метр аумақта төбе плиталары жанып жатқан. Қалың түтін бүкіл үйге таралды.
Өрт кезінде үй иесінің 1974 жылы туған екінші топтағы мүгедек ұлы үйде қалып қойған. Құтқарушылар оны үйдің түкпір бөлмесінен алып шықты.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда полицейлер бір отбасы ұйықтап жатқан үйдің есігін бұзып кірді
"Ер адам түтінге уланғандықтан, тыныстауы қиындап жатқан күйде табылды. Құтқарушылар оны көшеге шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Алайда сағат 13:30-да ол есін жимастан орталық аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды", - деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Тілсіз жау сағат 14:04-те толығымен ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану.
Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмыс істеді.
ТЖ министрлігі күннің суытуына байланысты пеш жағу кезінде қауіпсіздікті сақтамау салдарынан өрттің жиілегенін хабарлады. Құтқарушылар жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, үй заттары мен жанғыш материалдарды отқа жақын орналастыруға тыйым салынатынын ескертті.
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар — Sputnik. Өткен түнде Алматыда автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол апаты Потатин көшесіндегі 4-ші қалалық клиникалық аурухана маңында болған. 118-ші автобус солтүстік бағытқа қарай қозғалды. Ал қарама-қарсы жақтан жедел жәрдем көлігі келе жатты. Ол алыстан көруге арналған жарығын қосып қойған. Автобус жүргізушісі жедел жәрдем көлігінен түскен жарық салдарынан жаяу жүргіншіні көре алмай қалды.
1964 жылы туған ер адам өте ауыр жағдайда 4-ші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Ол есін жинамастан қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, ер адам зағип болған.
Жол апаты кезінде автобус паркке бара жатты, ішінде жолаушылар болған жоқ.
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ресей коронавирус пандемиясын бәсеңдетуге қабілетті препарат әзірледі. Батыс ресейлік ғылымды қаралаудан танар емес, деп жазды "Monde diplomatique"француз газетінің Испаниядағы өкілдігі.
Мақала авторы Федерико Кусконың пікірінше, Батыс орыстың ғылыми дәстүрін білмегендіктен, "Спутник V" вакцинасына немқұрайлы қарап, сенбеді.
"Тілдік, мәдени пен саяси айырмашылықтан туындаған бұл білімсіздік ресейлік бастамаға күдікпен қарауға себеп болып отыр", - деді журналист.
Ол препаратты әзірлеу Ресейдегі ғылыми дамудың бүкіл тарихи тізбегінің нәтижесі екенін баса айтты. Алайда, оның пікірінше, батыстықтар көп жыл бойы Ресейдің ғылыми жетістіктерін жоққа шығарып келді де, енді вакцина ойлап табу туралы хабарландыруға таңғалуда.
"Фармацевтикалық зертханалары дәрі-дәрмекке удай қымбат баға белгілейтін АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда Ресей ақша табуды көздеп отырған жоқ", - деді Куско.
Кусконың пікірінше, шамамен 50 жыл өткен соң қазір әлемнің түрлі еліне таралып жатқан "Спутник V" вакцинасына қатысты күдік ешкімнің есіне түспейді.