Оқиға

Тұншықтырып, өртеп жіберген: Алматы облысындағы ауылда жантүршігерлік қылмыс жасалды

© pixabay.comЕр адамның қолы, иллюстративті сурет
Ер адамның қолы, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Марқұмның артында екі жасар ұлы қалды, күдікті 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Алматы облысында айуандықпен өлтірілген 21 жастағы келіншектің денесі табылды.

Әйелді, алдымен, тұншықтырып, суға батырып, кейін мәйітті өртеп жіберді деген күдікпен 28 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жантүршігерлік қылмыс 20 тамыз күні Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Өрнек ауылында жасалды. Сайора Исламованың денесі бір тәулік өткен соң ауыл шетінен табылды.

Келіншек күйеуімен бірге ауылға күнкөріс қамымен келіпті. Сол күні марқұм алқапқа жұмыс істеуге бара жатқан.

Қаскөй әйелді тұншықтырып, артынша суға батырған. Кейін ізін жасыру үшін оқиға орнына қайта оралып, мәйітті өртеп жіберген.

"Мен оны суға батырдым. Не жіберудің, не бірдеңе істеудің еш мәні жоқ еді. Қатты қорықтым. Оның үстіне құлап, тамағынан ұстап жаттым солай", - дейді күдікті.

Ауылдастарының айтуынша, ұсталған ер адам еш жерде жұмыс істемейді. Ақша табу үшін астанаға жиі барады, алайда бір-екі аптадан соң, туған ауылына қайтып оралатын.

"Бізбен, күйеуіммен ұрсысып, айтпағанды айтты. Сондықтан оны сабырлы, қақ-cоқпен ісі жоқ адам деп айта алмаймын", - дейді Өрнек ауылының тұрғыны Нәбира Манап.

Тағы оқыңыз: Түркістанда бір көзінен айырылған әйелдің жеңгесі оқиғаның қалай болғанын айтты

Алматы облысы полиция департаментінің ақпаратынша, күдікті бұрын адам тонағаны үшін сотталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда.

"Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы, яғни "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - деп мәлімдеді полициядан.

Ер адам сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Күдіктінің психикалық ауытқушылықтары бар-жоғы әзірге белгісіз.

Марқұмның жақындары қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Келіншектің артында екі жасар ұлы қалды.

Жаңалықтар
0