Оқиға

Атырау облысында асфальт төсеу кезінде қайғылы оқиға болды

Жазылу
Асфальт тегістейтін техниканың астына түскен учаске басшысы жедел жәрдем көлігінде ауруханаға барар жолда көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Атырау облысында асфальт тегістейтін техниканың жүргізушісі учаске басшысын басып кетті. Ер адам ауруханаға барар жолда көз жұмды.

Трагедия 3 қазан сағат 17.30-да Қызылқоға ауданында Ақтөбе – Атырау – Астрахань тас жолында, жол-құрылыс жұмыстары кезінде болды, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Асфальт тегістейтін техниканың жүргізушісі байқаусызда учаске басшысының аяғын мыжып кеткен. Салдарынан ер адам жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.

Оралдағы жағдай

Еске салсақ, Орал қаласында да жол жөндеумен байланысты оқиға болған еді. 3 қазан күні мас жұмысшы рөлге отырып, қайта төселген асфальтты тегістемек болды. Мердігер "Адал Арна" ЖШС өкілінің айтуынша, ұсталған адам бұған дейін шынымен де компанияда істеген, бірақ қыркүйектің соңында өз еркімен жұмыстан кеткен.

Полициядан мәлімдегендей, ер адам ұсталып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы "Жүргізушінің көлікті алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлікті алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру" бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Іс сотқа жолданды.

Жаңалықтар
0