Оқиға

Балқаш ауруханасында екі жасар бала көз жұмды

CC0 / bingngu93 / Младенец
Младенец - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Баланың қабағы ісіп кеткен соң анасы дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олар бәрі қалыпты жағдайда деп баланы үйіне жіберді, кейін оның жағдайы нашарлап кетті

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан — Sputnik. Балқаш ауруханасында екі жасар бала көз жұмды. Анасының айтуынша, дәрігерлер баланы үйге жіберген. Кейін үйде жағдайы нашарлап кетті.

Анасы 23 қазанда баласымен ауруханаға барғанын айтты. Өйткені оның қабағы ісіп кеткен.

"Дәрігерлер тексеріп, сынама алды. Бәрі қалыпты жағдайда деп үйге жіберді. Медбике ауруханаға жатудан бас тартқаным туралы қағазға қол қоюымды сұрады", - деді Маргарита Ивлева Liter-ге.

Алайда дәл сол күні бала қатты мазасызданып, жылап, ерні көгеріп кеткен. Жедел жәрдем балалар ауруханасына жеткізді. Анализден соң қалалық аурухананың диагностикалық орталығына апарды.

"Ұлым аяғын ішіне басып қатты жылады. Дәрігерлер ешқандай процедура жасаған жоқ. Мен талап еткен соң ғана жансақтау бөліміне ауыстырды", - дейді анасы.

29 қазан күні таңертең бала жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұған дейін медицина қызметкерлері баланың жағдайы қалыпты екенін айтқан. Анасы УЗИ жасауды сұрағанда, дүйсенбі жасалатынын жеткізген. 

"Балам дүйсенбіге дейін көз жұмды. Үш дәрігер шығып, баланы құтқара алмағанын айтты. Қант көрсеткішінің күрт өзгеруі салдарынан миы ісініп кеткен", - деді анасы.

Оның айтуынша, баланың созылмалы сырқаттары болмаған.

Балқаш орталық ауруханасында қайғылы оқиғаға қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.

"Баланың анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс басталды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы баланың анасына хабарланады. Балаға медициналық көмек көрсету кезінде дәрігерлер қызметін тиісті дәрежеде атқармағаны анықталса, заңға сәйкес жазаға тартылады", - деді орталық аурухана әкімшілігі.

Тексеріске облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жұмылдырылады.

Жаңалықтар
0