Оқиға

Жаңаөзендік бапкер бетінен ұрған қыздың анасы мәлімдеме жасады

CC0 / Arieth / Бетін тұмшалаған жасөспірім
Бетін тұмшалаған жасөспірім - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әйелдің айтуынша, Азамат Тұрмағамбетовтің шәкірттері мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр

АЛМАТЫ, 25 желтоқсан –  Sputnik. Жаңаөзенде спорттық жарыс кезінде бапкері бетінен ұрған жасөспірімнің анасы мәлімдеме жасады. Ол бапкерді кешіргенін айтты. Сонымен қатар полицияға не себепті арыз жазбағанын түсіндірді.

"Полицияға арыз жазудан бас тарттым. Себебі, баламның сот отырысына барғанын қаламаймын. Екіншіден – біз жаттықтырушыны кешіреміз деп шештік. Өзі мен оның анасы бізден кешірім сұрады. Ол кісінің де үйінде балалар өсіп жатыр, оның да отбасы бар. Оның тағдырын бұзғымыз келмейді. Сонымен қатар оны жұмыстан шығарып жіберді", – деп жазды өңірлік Lada.kz басылымы Аэлита Илалованың мәлімдемесін.

Ол қызымен сөйлескенін, оның да жаттықтырушысына өкпесі жоқ екені айтты. Әйелдің айтуынша, Тұрмағамбетовтің шәкірттері мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келді. Оған дейін жаттықтырушысы айғайлап, итеріп тастайтын болған, алайда қол көтермеген.

"Кейбіреулер біздің кешірім бергенімізді естіп, ақша алды деп ойлауы мүмкін. Жоқ, бізге ешкім ақша берген жоқ. Қалай бар, соны айтып тұрмын. Жаңаөзенде спортзалға қатысты мәселе бар, жақсы жаттықтырушылар өте аз. Азамат үнемі жарыс өткізу үшін орын іздеп жүрді, қыздардың да, оның да үлкен арманы бар еді", – деді қыздың анасы.

Баланы ұрған бапкер жұмыстан босатылды

Ал Жаңаөзен қаласының білім басқармасы Азамат Тұрмағамбетовтің тәртіп бойынша комиссияның қорытындысынан кейін №3 мектеп директорының бұйрығымен жұмыстан босатылғанын, бірақ ол қайтып оралуы мүмкін екенін хабарлады.

"Біз жұмыс орнын таңдауға шекеу қоя алмаймыз. Бұл соттың құзыретіндегі мәселе. Біз педагогикалық этиканы бұзу фактісі бойынша ғана жұмыстан шығара аламыз", – деді білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай.

Оқи отырыңыз: Ақтауда шәкіртін зорлаған бапкерге сот үкімі шықты

Ата-аналар полицияға арыз жазудан бас тартқандықтан, жаттықтырушы әрі қарай да балалармен жұмыс істей алады.

Азамат Тұрмағамбетов 20 желтоқсанда жұмыстан босатылды. Білім беру мекемесінің директоры да оқу процесі кезінде спорттық іс-шара өткізді деп айыпталды.

Жаттықтырушы мән-жайды түсіндірді

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Жаңаөзен қаласының волейболдан қыздар құрамасының жаттықтырушысы топтағы бір қыздың бетінен ұрып, басынан нұқыған видео тарады.

Кейіннен жаттықтырушының волейбол командасының мүшесі екені, олардың жақсы нәтиже мен спортта үлкен жетістікке жетіп жүргені белгілі болды.

"Сырттан қарағанда шапалақпен тартып жіберген сияқты көрінуі мүмкін, ал іс жүзінде олай болған жоқ. Алтыншы нөмірлі ойыншы сол команданың үздігі. Мен өз әрекетіммен оны жігерлендіруге және бүкіл командаға күш беруге тырыстым", – деді Азамат Тұрмағамбетов.

Сонымен қатар іс-әрекеті үшін кешірім сұрады.

Жаңалықтар
0