Оқиға

Полиция астанада болған қарақшылық шабуылдың видеосын жариялады

© Sputnik / Абзал КалиевОграбление, иллюстративное фото
Ограбление, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Күдікті қылмыс жасауға әбден дайындалған. Қасының пішінін өзгертіп, екі арасын қосқан. Сырт киімін ауыстырып, жүріс-тұрысын да әдейі өзгертті

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Алматыдан келген ер адам ақша айырбастау пунктіне қарақшылық шабуыл жасаған. Бірақ сол жерде жұмыс істейтін әйелдің қарсылығына тап болды. Қарақшы ақшаны алмай, қашып кеткен. Қалалық полиция департаменті осы оқиғаның видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қарақшылық шабуыл айырбастау пунктінде орналасқан бейнекамераға жазылып қалды. Онда әйелдің есікті ашып жатқанын көруге болады. Дәл сол кезде қара киім киген ер адам оны артынан итеріп, ішке қарай кіреді. Қолындағы пышағымен қорқытып тұрғаны да анық байқалады. Ал есікті жабамын деп тұрғанда әйел сытылып шығып кетеді де, сыртқа қарай жүгіреді. Ер адам да қаша жөнеледі. Бірақ далаға шыққанда пышағын түсіріп алады. Оны көтеріп, қашып кетті.

Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, белгісіз ер адам медициналық бетперде киіп келген. Пышақ ұстап кіргенде 39 жастағы әйел айқайлай бастады. Сосын сыртқа шығып үлгерген. Қарақшы ақшаны алған жоқ. Қолға түсіп қаламын деп, қашып кетті.

Ал криминалық полиция қызметкерлері өткізген шұғыл іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол қарақшылық шабуылға әбден дайындалған. 

"Елордаға келгеннен кейін алдымен пәтер жалдады. Қашып кету жолдарын да ойластырып қойды. Қасының пішінін өзгертіп, екі арасын қосқан. Пальтоны мамық күрткеге ауыстырды. Тіпті, жүріс-тұрысын да әдейі өзгерткен. Сөйтіп, ізін барынша жасыруға тырысты", - дейді полицейлер. 

Құқық қорғаушылар күдіктінің бағыты мен баспананы жалға алған жерін анықтады. Сұрастыру кезінде пәтер иелерінің біреуі күдіктіні таныды. Алайда қарақшы Алматыға қашып үлгерген. Сол жерде құқық қорғаушылардың қолына түсті. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Ал күдікті Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіліп, уақытша қамау изоляторына тоғытылды.

 

Жаңалықтар
0