Өңірлер

Алматыда он сағатта 70-тен аса жол апаты болды

© Sputnik / Тимур БатыршинСнегопад в Алматы
Снегопад в Алматы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы қаласының полициясы тұрғындарды жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда қалың қар салдарынан жол апаты жиіледі. Соған байланысты қала полициясы көлік жүргізушілерін сақ болуға шақырды.

"Түнгі сағат үштен бастап мегаполисте 70-тен астам жол апаты болды, алты жағдайда зардап шеккендер бар. Қардың қалың түсуі қаладағы жол қозғалысын қиындатады: кептеліс пайда болып, көліктердің өткізу мүмкіндігі нашарлайды", - деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.

Полицияның айтуынша, жол апатына көлік жүргізушілерінің белгіленген тәртіпті сақтамауы себеп болған: кей көлік жүргізушісі жылдамдықты азайтпайды, апаттық жағдай тудырады, қауіпті әрекет жасайды, бір-біріне құрмет көрсетпейді. Ал жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтеді.

"Осы жағдайлар жол қозғалысына кері әсер етеді", - деп атап өтті Мұратәлиев.

Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы полициясы жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Алматыдағы қалың қар

Айта кетейік, Алматыда 13 қаңтарда түнгі сағат төрт жарымнан таңғы тоғызға дейін 10 сантиметр қар жауды. Қала көшелерін тазартуға екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық көлік аялдамасы, автотұрақтар, саябақтар мен гүлзарларды қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

Таулы, тау бөктеріндегі аудандардағы жауған қар бірден сыртқа шығарылуда.

Қар тазалау жұмыстарына 630 арнайы техника, оның ішінде 234 құм лақтырғыш, 1 907 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Қазгидрометтің хабарлауынша, қалада ауа температурасы күндіз минус 2 градус болады, қар тәулік соңына дейін тоқтайды.

Жаңалықтар
0