АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтадағы апаттан бір жұмысшы қаза тапты.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ұжымы мен басшылығы оқиға салдарынан Ленин атындағы шахтада қаза тапқан бұрғылау қондырғысының машинисі Николай Шадировтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады", - делінген Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
"АрселорМиттал Теміртау" қайтыс болған адамның отбасына Қазақстан заңнамасына және ұжымдық шартқа сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді.
Николай Шадиров – бұрғылау қондырғысының 5-ші разрядты жерасты машинисі. Ол компанияның көмір департаменті "Спецшахтомонтаждегазация" басқармасында 16 жыл, оның ішінде 15 жыл бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыс істеген.
Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Ленин атындағы" шахтада метан газы мен ұсақ көмір фракциялары шығып кеткен. Мұндай жағдай барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде болған.
Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі оқиға орнынан кетіп үлгергенімен, машинистің өзі шыға алмай қалған. Ал апат кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 жұмысшысы болған, оның 136-сы шығарылды.
Қарағанды шахтасындағы төтенше оқиға: екі адам зардап шекті
Бұған дейін шахтада газ бен көмір атындысы кезінде екі адам зардап шеккені хабарланды.
Аталған факті бойынша төтенше жағдайлар министрлігі өндірістік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанынан арнайы тергеу комиссиясы құрылды.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Жеке тұрғын үйден табылған әйел мен төрт баласы иіс тиіп қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде 5 адам - 1980 жылы туған әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу мақсатында Шымкент қаласына кеткен", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Өңір басшысы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.
"Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Төтенше жағдайлар департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
Айта кетсек, бүгін сағат кешкі алтылар шамасында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне "103" қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Түркістанда жеке тұрғын үйден бес адамның мәйіті табылды, оның төртеуі бала, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
27 ақпанда сағат 18.35-те Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне "103" қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.
"Үйден өрт белгілері жоқ. Үйде табиғи газбен жылыту жабдығы орнатылған", - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер, жедел жәрдем мен "ҚазТрансГаз" АҚ мамандары жұмыс істеп жатыр.
Министрлік өкілдері газ жабдықтарын пайдалану бойынша қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.